Мәдениет

Алыс жұлдыздың жарығы

Ол күндердің даңқы өшпес деумен ұмытылмай келе жатқан, әлемдік деңгейде екінші дүниежүзілік, кеңестік жадыда Ұлы Отан соғысы атауымен мәлім шайқастардың аяқталғанынан бері, кем дегенде, екі ұрпақ алмасты.

Сол қанды қасаптың ортасында болғандардың қатары бұл күнде мықтап сирегені соншалық, ілеуде бірен-сараны қалған болуы  мүмкін. Сондықтан соғыс қасіретінің қандайлығын қалпымен баяндап бере алатындар енді жоқтың қасында. Солай сирегендіктен де, Ұлы Отан соғысын бүгінгі буынның пайымдауы, көркем туындыларда баяндауы шындыққа жанаса бермейтіндігін көрсетуде. Соғыстың бүкіл ауыртпалығын айтпағанның өзінде, төрт жыл бойы оқ пен өртке оранған ұрыстармен Азияның орта тұсынан Европаның қиыр батысындағы жаудың ұясы болған Берлинге дейін жаяу, жалпылап жетудің өзі адам шіркіннің дәлелі  емес пе?

Аға буын жақсы білуге тиіс, орайы келгесін  айтып отырмын, осы өңірде тоқсаныншы жылдардың соңына дейін тоқсан жасқа жуықтап  өмір кешкен бір аға болып еді. Отан соғысына қатысқан  офицер, кәсібі журналист болатын. Әйгілі отыз жетінің жазықсыз құрбаны,әлгі соғыстың басынан аяғына дейін жүрген осы адамның өмірін білмейтіндер оның еңсесін тік ұстап, сабырлы жүретін маңғаз қалпын көргенде, оны қиындық көрген адам дей алмас еді. Қазақтың ақиық ақыны Қуандық Шаңғытбаевтың бірде осы кісі  туралы «Егемен Қазақстан» газетіне « Бекзат тұлға» деп очерк жазғаны бар.

Мұны айтып отырған себебім, кейде ойды ой қозғайды, бәрі де соғыстан шығып отыр, сол бекзат адам бір әңгімелескенімізде: «Адам тек жайлы уақытта ғана кісіліктің иесі ғой. Адам кісілікті ұмыттыратын қиын сәттерге кезікпеген», — деді де, сабырлы қалпын сақтаған сәл үнсіздіктен кейін сөзін жалғады: «Бірде ұрыстармен қажып, азып-тозумен Беларусь жеріне жеттік. Ашпыз, бағымызға қарай, тоқтаған жерімізде картоп өсіп тұр екен. Сонда аштықтан есі кеткендердің сол картопты орнынан тұра алмағанша жегенін көрдім», — дегені бар еді.

Қазақта: «қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі » деген сөз бар. Сол соғыс әлгі әйгілі ашаршылықтың басында өмірге келген Сағызбай он тоғызға енді жеткенде Жем-Сағыз өңірінен майдан даласынан бір-ақ шығарған.Бұл ауыл да кеңестік жұрттың өзге жерлері секілді алдындағы екі ашаршылықтық қияметінен, индустрияландыру ұранымен ауылдың азу азабынан енді-енді ғана айығып келе жатқан кезеңі еді.

Сағызбайдың әкесі Отыншы да «енді, шүкір, төрт ұлым бар, далада қалмаспын» деп  жайлы тіршіліктен дәме етумен күн көрісінің бір амалы болған аңшылықты қойған тұсы еді. Кенеттен келген соғыс кішкентай Өтеубайдан  өзге Төлеубайын, Сағызбайын, Нағызбайын  соғысқа алып кетті. Әскери бөлімнен: «Отыншин Төлеубай Орёл қаласы түбінде болған ұрыста ерлікпен қаза тапты» деген қара қағаз келген. Ал Нағызбай сол соғыстан елге оралмады. Әлгі  айтқандай, қырық жылғы қырғыннан ажалы жоқтықтан 23 жасында елге аман келген тек Сағызбай ғана.

Арқалы ақын, Сағызбай жауынгердің жерлесі Өтежанның соғыс туралы өлеңдерінің бірінде: «Сол бір күндер айтылса да, айтылмаған сияқты» деп келетін  жолдары бар еді. Сол рас, осы кезге дейін соғыс туралы әңгіме аз айтылған жоқ, шайқастар, жекеленген солдаттардың ерліктері, талай әдеби шығармаларға, деректі әңгімелерге, экрандық, сахналық қойылымдарға тақырып болып келеді. Соған қарағанда соғыстың әңгімесі түгесілген секілді көрінер еді. Бірақ Өтежан ақын дұрыс айтады, соғыс тек аталып жүрген батырлар мен белгілі, белгісіз шайқастар ғана емес, солармен бірге жау өтінде от кешкен, су кешкен миллиондаған жауынгердің әрқайсысының тағдыры. Ақынның ойы солардың бәрін атап, айтылмайынша, әңгіме айтылып болды екен деп тоқтау жоқ деген сөз. Кеңес Одағының құрамына кірген халықтардың  қай-қайсысында да қара қағаз келмеген отбасы жоқтың қасында.

Қандай қатал уақыттың ұрпақтары?! Жиырма үш жасында кеше ғана  Ұлы Отан соғысын жеңіспен аяқтаудың басы болған атақты Сталинград майданындағы ерлігі үшін жауынгерлік « Қызыл жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін» және « Жауынгерлік еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған сержант Сағызбай Отыншин   елге оралғанда, оны да, өзімен қатар оралған жауынгерлерді де өздері жоқта ауылдың  кемпір-шал, әйелдер мен бала-шаға баққан аты бар да, заты жоққа тән  қыруар шаруа күтіп алған еді.

Келген бетінде оған ұжымдық шаруашылықтың басқарма төрағалығы қызметін  атқару міндеттелді. Елуінші жылдардағы ауылдың әкімшілік – шаруашылық бөлінісі өте- мөте ұсақ болатын. Жерінің кеңдігіне, тұрғындарының аздығына, шаруасының шағындығына қарамастан ұжымдық шаруашылықтары көп болды, мысалы, бір ауданның өзінде жетпіс, сексен шамасына дейін ұжымшарлар болған.Бүгінде біреу білсе, біреу білмейді – «Доңызтау» деп аталатын өңірде « Бесбай», «Тасқабақ»,  Калинин атындағы, Буденный атындағы ұсақ ұжымдар болған.  Осылар және кейіннен « Теректі» және Амангелді атындағы артельдер қосылып, Жамбыл атындағы бір шаруашылыққа біріктірілді.Сонда соғыстан қайтқан солдаттар бейбіт еңбекте де соғыстағыдай жан берісіп, жан алысып қызмет еткені шынымен ұмытылар ма екен дейсің.

Сол Доңызтау,Жем, Сам, Үстірт өңірлерін кезінде қоғамдық малды көбейтудің жайлауларына айналған құтты өрістері еткен сол солдаттар еді.

Сағызбай сол ортада соғыстағы ерлігін еңбектегі абыроймен жалғастырған. Онда ол ауылдық кеңестің төрағасы, еңбекке ақы төленбейді, тек еңбеккүн есебі ғана тіркелетін жадау- жүдеу ауылдың тұрмысы, күн- көріс жағдайын қадағалау, қамқор болу ауылдық кеңестің негізгі шаруасы болатын. Cоғыстан кейінгі ауыл солай жетілген, Байғанин ауданы аталған, шеті-шегіне жетуі қиын алып далада жүздеген мың қой малы мен өзге де көп түліктер осылай өскен, көбейген. Соғыстан қайтқан солдаттардың қыруар еңбектері қай өңірде де көп еді ғой, әңгіменің желісі аталған аудан екендіктен ойға оралады. Осы елде Сағызбай мен шамалас Төкешев Есқуат деген азамат күні кешеге дейін ғұмыр кешті. Кейін Сағызбай секілді қызметін ферма меңгерушісі болып аяқтаған ол Ұлы Отан соғысындағы жеңістің салтанатына арналған Мәскеудегі әйгілі парадқа қатысып, Гитлерлік фашизм туын Кремльдің етегіне тастаған адам. Осы күнге дейін биік адамгершілігімен, қоғамдық шаруаны ұйымдастырудағы шеберлігімен, ақыл-парасатымен ел аузынан түспей жүрген Айжарықов Жұбан,Мұханбетқазы Ержаев, Аманқосов Сұлтан секілді азаматтар Сағызбаймен қатар жүріп, еңбек еткен қадірлі жандар еді.

Кеңестік шаруаның кейінгі бағыты уақыт пен дамудың талаптарына сәйкес өзгеруге тура келіп, ұжымшарлар қайта ірілену мен кеңшарларға біріккенде, Сағызбайға қаракөл тұқымды қой өсіретін « Сағыз» кеңшарының екінші фермасын басқару тапсырылды. Бұл кезде оның зоотехник – мал дәрігерлік мамандығы болғандықтан мамандырылған шаруашылыққа жетекшілік ету қиын болған жоқ. Аздаған жылдардың ішінде ақ кеңшар да, оның осы буыны да табысқа кенелді. Ол уақытта озаттарды құрметтеудің бір түрі — марапаттаулармен бірге Мәскеудегі бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне жіберіп алу еді. Сағызбайға осылайша сол көрмеге қатысудың да сәті түскен-ді.

Қатал уақытқа иілмейтін пенде кемде-кем. Осындайда еске түседі, мына Ойыл жағында Назарбай деген азамат болды. Ол да Сағызбай секілді соғысқа он тоғыз жасында кіріп, аман оралғандардың қатарында еді. Жауынгерлік « Даңқ» орденінің екі дәрежесін алған, « соғыс енді екі- үш күнге созылғанда үшіншісін  де алатын едім» деп әзіл араластыра әңгіме айтып отыратын. Батыр еді, ешнәрседен қаймықпайтын.Бірақ сол адамның кейін бейбіт билік алдында жасығанын көріп, батырдың да аласаратын жері бар екен- ау деп ойланғаным бар. Сөйтсем, соғыста адам өлсе бір өледі де, ал бейбіт күнде не оспадарсыз биліктің қыспағынан, не орта мен тұрмыстың қайталана беріп, мезі ететін қиындығынан жүз өлуге болады екен ғой.

Соғыста от пен оқ кешкен Сағызбайды бейбіт күнде, бейқам ауылда неден екені белгісіз, қоғамдық малға деп жинаған пішеннің өртке кетуінің «кінәсі» қажытқаны бар. Сол үшін аудандық партия комитетінің ұсынысымен партия қатарынан шығарылып, қызметсіз қалғанда, облыстық партия комитетінің бюросы оны кінәсіз деп тауып,  партиялық билетін де, бұрынғы қызметін де қайтарды. Сол бюро мәжілісінде бұл күнде кім айтқаны белгісіз, бірақ көп жылдарға дейін ұрпағының есінде жүрген мына сөз:«Сағызбай Отыншин жолдас Ұлы Отан соғысына қатысып, бірнеше рет жараланып, қайтадан ұрысқа өзі сұранып түскен. Ордендермен, медальдармен марапатталған, отбасында бірнеше бала тәрбиелеп отырған  азамат. Соғыстан келе сала титықтаған шаруаны көтеруге өлшеусіз еңбек еткен, ысылған, тәжірбиелі кадр. Пішен өртенді екен деп осындай кадрды жоқ етуден не жақсылық табамыз?» — деген араша сөз әкеге арналған ескеркіштей ескірмей сақталған.

Қайран біздің әкелер мен аталар, міне, осындай қатал, қытымыр, сұрапыл, бірақ әділдікке тоқтаған күрделі кезеңнің перзенттері болған. Сағызбай Отыншин осылайша өмір кешті. Артына бес қыз, бір ұл қалдырып 1960 жылы қырық екі жасында дүниеден өтті. Тірі болғанда ұрпағы әкеміз тоқсанға келді деп жүрер еді.

Осы материалды жазуға түрткі болған бір себеп — бұдан бес жыл бұрынғы бір оқиғаны еске түсіреді: Өтежан ақын  жетпіс жасын  атап өтуге баяғы «жалғыз жүрмейтін Төбекөңіне» келген. Өтекеңе еріп елдің жан-жағынан белгілі ақын – жазушылар, өнер мен мәдениеттің бірқатар қайраткерлері келген салтанатты жиын еді ол. Ақынмен кездесуге ауылдастары: келгендер кімдер екен дегенде « Отыншин Раукен бар » дегенді естіген Жолдыбай Боқтыбаев деген еңбек ардагері: «Апырмай-ә, кешегі  Сағызбайдан бір ұл қалды деп естуші едім, сол емес пе екен?» деп әдейі келген.Жолдыбай ақсақал өмірден өткеніне жарты ғасыр шамасы болған, елде адамгершілік, азаматтық үлгісімен есте қалған адамның жалғыз ұлымен кездесейін деп келген екен. Рас болып шықты, оның « Қазақстан — Ақтөбе» телекомпаниясын басқаратыны да рас екен. Ертеректе колхозда ауылды басқарып жүріп, партия ұйымының хатшысы, ауылдық кеңестің төрағасы болып, соғыстың бес жылғы тауқыметі қажытқан, жоқ-жітімі, жетім-жесірі көп ауылдастарын, тым болмаса, жылы сөз, жылы жүз қамқорлығымен демеп, қираған  көп шаруаны түзету мен иесіз қалған аз малды  көбейту үшін түнде ұйқы, күндіз күлкі көрмей еңбек еткен әкені, әрине, төрт жасқа жетер – жетпей қалған ол көрген жоқ. Бірақ соларды көрген, білген, ізгілікті ұмытпай жүрген қария оның ұлын көру арқылы Сағызбай азаматын іздеп тұр да….

Сағызбайдан қалған ұл әке ауылынан, өзі туып- өскен жерден алыстағанымен, жүрегімен жақын жүреді екен. Осы өңірдегі екі қарияға елеулі материалдық көмек көрсетіп, Жаңатаң орта мектебіне барлық жарағымен шахмат класын ашып, бір кезде әліппе үйретіп, сауатын ашқан алғашқы ұстазы  Сәлима апайына да сый- сыяпат жасады. Кем-кетік, жоқ-жітім жағдай әкесінің заманындада көп еді, олар қазір де кездеспейді емес.

Раукен Сағызбайұлы мектептен кейінгі оқуды жалғастыруға мүмкіндігі жоқ балаларға Ақтөбе педагогикалық институтына түсуге және қаладағы екі колледжге түсуіне көмек көрсетті.

Әйгілі ақын аварлық Расул Ғамзатовтың «Тырналар» деген өлеңіне жазылған көпке танымал ән бар. Ақын тізбектеліп ұшып бара жатқан тырналарды майданнан қайтпай қалған солдаттар ма деп қаламын дегеніндей, мені де алыс жұлдыздардардың шексіз тұңғиықтан жылтырлап сәуле шашқаны жарқын ғұмыр кешкен жайсаң адамдардың өшпейтін, өлмейтін жалғасқан  сезімдері емес пе екен деген ойға қалдырады…

                                                                                                             Әлихан РАЙЫМҰЛЫ, Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button