Мәдениет

Журналист жолы

Журналист жолы әдетте сан қиырды шарлатады. оның соқпағына түскендер шерхан мұртаза айтқандай, «арқалағаны — алтын, жегені — жантақ» болатындай күйді бастан кешпей қоймайды. жарты парақ жақсы хабар жазу үшін жалқы күнің кетсе де өкінбейтін кездерің болады, бір апта жол жүріп келіп, қағаз бен қаламға жалынышты күй кешіп, санадағы сан жайларды сараптай алмай, пұшайман күй кешетін уақыт та бастан өтеді.

Бірақ, қалай болса да, өзің қалаған осы мамандықтың ыстығына күйіп, суығына тоңасың. оқырманыңа өзгешелеу бір ойыңды орнықты етіп жеткізгеніңнен ләззат тауып, келесі сапарға аттанасың.

Біздің бүгінгі әңгімеміздің кейіпкерлері — Ойыл өңірінен шыққан қос журналист Алмат Пангереев пен Сатыпалды Сәуірбаев. алпыс атты алқалы ауылға қатарласа жетіп тұрған бұл екі азаматтың қалам қайраты, сөз саптасы жұртшылық тарапынан өзінің лайықты бағасын алып үлгерді десек те болады. Біздікі — мерейтой тұсындағы лебіз реті…

 

Аудандық газеттің Алматы

 

Әдетте өсіп келе жатқан жастың мамандық таңдауына әсер етер жағдайлар болады. Өзінің айналасы, күнде араласатын ортасы, көргені мен көңілге түйгені, тіпті кездейсоқ бір әсерлердің өзі келешек кәсібіңе қарай жетелей жөнелетін сәттерді ешкім де жоққа шығара алмайды.

Алмат шын мәнінде бірден журналист боламын деп таңдау жасамағынын қазір де айтып отырады. Бірақ мектепте оқып жүрген кезден-ақ әдебиет сабағынан дәріс беретін Қалел Қомашев ағайын жақын тартып, сол кісі беретін  пәнге бүйрегі бұрып, шығарма жазу тапсырмаларына шабытпен кірісетінін ұмытпайды. Сөйтіп жүріп мектептің қабырға газетінің редакторы болып алды. Сол уақыттарда аудандық, облыстық газеттерге хабар-ошарлары үзбей жарияланып тұратын Виктор Рудаев жас тілшіге жазу жолдарын көрсетті, әр қадамын құптап, қолдау көрсетіп отырды. Тіпті алғашқы бетіне қолтаңбасын түсіріп, бірнеше әдеби кітаптарды сыйға да тартты.

Алматтың қабырға газеттері құлпырып шығып тұрады. Оның бір себебі жас редактор жан-жақты болатын. Ол салған суреттер құдды Репиннің туындыларындай әсер етеді қараған адамға. Жас талапкер балғын мұнымен де шектелмей, енді фотоға түсіру ісімен шұғылдана бастайды. Ол кезде нақ қазіргідей екінің бірі қолына фотоаппарат ұстай бермейді.

Осындай қабілеттерімен Алматтың бірден журналистикаға қарай кідіріссіз жол тартуы керек еді ғой деп ойлайсың. Бірақ олай болмайды. Аудандық банкті басқаратын белгілі қаржыгер Шам аға да баласына еркіндік беріп, келешегін өзі таңдасын дегенге ұқсайды.

Ол кезде оқуға түсу үшін әуелі бірнеше жыл еңбек етуің керек деген жазылмаған заң бар. Сол ретпен ол аудандағы мекемелердің бірінде есепшілікпен еңбек жолын бастайды. Ауылдағылар «әке жолын қуған деген осы» деп оның тым жақсы бухгалтер болатынына күмәнсіз қарай бастаған тұста армия қатарына азаматтық борышын өтеуге аттанады. Сол кездегі ән әуенімен айтқанда, «екі жыл екі айдай болмайды». Сымдай тартылып, сыптай болып келген жас жігітті әкесі «оқуыңа түскенше бос жүрме» деп, аудандық халық қажетін өтеу комбинатына технолог етіп жұмысқа тұрғызады.

Бірде аудандық газеттің редакторы Нұрымжан Жұмағалиев нағашысы оның әскерден қайтардағы альбомын қарап отырып, ондағы анасы мен ағасының қарындашпен салған суреттеріне көзі түсіп, таңданды да қалды. Сосын бірден, «сен бізге аудандық газетке кел, әуелі Жұлдызбай Әндіров секілді суретші боласың, сосын фотоға түсіресің, айлық жалақың мынадай болады» деп бас бармағын көрсетеді.

Бір қызығы, армиядан келген Алмат бұған бірден елп ете қалмайды. Өйткені аудандық газетте қызмет істейтін ағаларын сырттай болса да жақсы біледі. Басқаларын айтпағанда, классик жазушы Марк Твен шығармаларын орысшадан қазақшаға аударып, Алматыда қызмет істеген жылдарында талантымен қазақ ақын-жазушыларының құрметіне бөленген Сәрсен Жұмағалиевтің өзі неге тұрады. Оның қасындағы кілең ығай мен сығайлар да кез келген адамға сәлем бермейді. Солардың қатарына Алмат Пангереев деген есімнің тұруы тіпті де жараспайтын секілді.

Алмат осылай ойлағанымен Нұрымжан нағашысы бәрібір соңынан қалмайды. Елде сирек кездесетін су жаңа «Зенит» фотоаппаратын қайта-қайта көрсетіп жүріп, Алматты өз орталарына тартып алады. Әлі күнге ұмытпайды, бұл 1974 жылдың желтоқсан айының он үшінші жұлдызы болатын…

Журналистикадағы жол ол үшін осылай басталады. Бұрынғы интернат үйі аталған, жаңбыр қатты жауғанда төбесінен тамшы ағатын, едені сыр көрмеген ғимарат есігін ол қолы дірілдеп ашып, әлгіндей айбынды ағаларының қатарына қосылғанына көпке дейін сенбей де жүреді.

Алғашқы іссапары есінде сақталып қалыпты. Ол кезде аудандық газеттің жанында радиоұйымдастырушы болып қызмет істейтін Мұрат Дүмбаев екеуі Құрманов атындағы кеңшардың бір фермасына жол шегеді. Ферма меңгерушісі Сәрсенғали Балапашев ауылындағы озат шопанның тақымына енді ғана тиген су жаңа «Жигулимен» малды ауылды аралатып, тілшілерге, жас та болса, қонақасы беріп, құрметтейді. Қайтар жолда шабындыққа соғады бұлар. Сол сапардың нәтижесімен аудандық газетке «Желге ұшқан қаумалар» деген сын мақала жарқ ете қалады. Мақаладан соң мәселе партия комитетінің бюросында қаралып, ферма меңгерушісіне ескерту беріледі. Кейінірек көпке дейін Сәрсенғали ағасының алдында қысылып жүргенімен, жастыққа тән алғашқы қызбалығы өзіне сабақ болған сыңайлы еді…

Сөйтіп, ол аудандық газеттің отымен кіріп, күлімен шығатын кәнігі бесаспап қызметкерге айналады. Бұл басылымның ерекшелігі, мұнда лауазымды қызметтер болып бөлінгенімен, жеме-жемге келгенде бәрі бірігіп бір терінің пұшпағын илеуге кірісіп кетеді. Аптасына үш рет шығатын газетке кейде материал жетіспей діңкелетеді. Өліп-талып бір нөмірді жарыққа шығарып, маңдай теріңді сүртемін дегенше газеттің келесі саны алдыңнан көлденеңдеп тұрады. Сәлімгерей Жонысов, Түгелбай Дүймұханов, Тельман Төлебаев, Жәрдем Қапашев, Мереке Балғынов, Аманғос Орынғалиев, Марат Суқашев секілді алдыңғы толқын Алмат інілеріне көп істе сенді, тіпті оған арқа сүйеген кездері де аз болған жоқ. Өзіне тапсырылған қандай да істі тиянақты атқарып, редакцияның штабы аталатын — секретариаттың жұмысына бел шеше кірісіп кететін оның қажеттілігі редакцияда әр күн сайын сезіліп тұратын дәрежеге жетеді.

Алмат Пангереевтің қаламгерлігі де, азаматтығы да сынға түскен кез — оның аудандық газетке редактор болған тұсы еді. Бұл — 1987-1994 жылдар аралығы болатын. Нақ осы уақыт ауқымында елде кеңестік кезеңнің қалыптасқан жүйелері жік-жігі ажырап, берекесі кетіп, нарық талаптары алға тартыла бастады. Журналистердің айлығын тауып беру қиынға соқты, газет шығаратын қағаз тапшылығы сезілді, басқа да қиындықтар жан-жақтан қаумалай берді. Соған қарамастан оқырмандар сүйікті газеттерінен көз жазып қалған жоқ.

Алмат-редактор Нұрымжан ағасының көзіндей аудандық газеттің туын төмен түсірмеді, хал-қадірінше оның сенімін ақтауға тырысты. Бірақ заман талабы, мезгіл мұраты оны басқа арнаға қарай алып кеткен кездері де болды. Бір кездері аудандық тіл бөлімінің бас маманы, заңгер, облыстық прокуратура органының инспекторы, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарманың оқыту орталығы бастығының орынбасары да болып қызмет етті. Дегенмен, бүйрегі өзі қалаған кәсіп — журналистикаға бәрібір бұра беретінін байқады. Сол ретпен сәті түсіп облыстық «Ақтөбе» газетінде бас редактордың орынбасары болып еңбек еткен сәттерін бүгінде көңіл түкпірінде бөлекше бағалайды.

Уақыт зымырап өте береді екен. Міне, облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыстар және талдау бөліміне жетекшілік еткеніне де жеті жылдың жүзі болыпты. Осы мерзім ішінде мемлекеттің тілдің дамуымен қатар, ономастика саласындағы топонимикалық атаулардың шығу тарихын зерттеп, жер-су, елді мекендердің ежелгі нұсқасын жинаумен шұғылданды.

Негізінде қаламының қайратына қатысты ерекше құрмет дәмете бермейтін журналистің еңбегі еленуі — қоғамдағы бір сүйінішті жағдай ретінде қалыптаса бастады. Өткен желтоқсан айында Елбасының жарлығымен Алмат Шамұлының Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталуын біз әріптесіміздің ұзақ жылғы жемісті еңбегінің дұрыс бағалануы деп қабылдадық.

…Бүгінде ұл-қызды азамат етіп қатарға қосып, немерелерінің қызығына бөлене бастаған Алмат-атаның қаламы әлі де төс қалтасынан түспейді. Ол көңілінің көкжиегінен көрінген әдемі сәттерді кез келген мезетте қағазға түсіріп алуы мүмкін…

 

Сәуір таңы секілді Сатыпалды

 

Ойыл өңірінде Қараой деп аталатын мектеп бар. Сол білім ордасынан талай арманшыл жас қанат қағып, жетіліп, алыс қияларға ұшты. Солардың қатарында біздің қаламдас досымыз, бүгінде республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі болып қызмет атқаратын Сатыпалды Сәуірбаев та бар.

Отыз жылдан астам уақыт бойы баспасөз саласында тұрақты еңбек етіп келе жатқан оның қалам қайраты бір сәтке де суыған емес. Оның себебі — Сәкеңнің айналасындағы адамдар тағдырына сергек қарап, көпшілік ортасында жиі болып, көңіліне әсер еткен жайларды жүрек жылуымен жедел түрде қағаз бетіне түсіруінде, соған дағдылануында.

Сонау 1980 жылы Қазақтың Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, Темірбек Қожакеев сынды ғұлама ғалым, сатира сыншысы, дүрілдеген деканның томағасын тартуымен облыстық «Коммунизм жолынан» басталған жол ілгеріге бастай берді.

Негізінде қалам ұстағандардың көпшілігінің алғашқы қадамы балаң кезде өлең жазудан өріс алады. Сатыпалды да сол дәстүрден ауытқып кете алмаған. Алғашқы туындыларының бірі күн көсем — Ленин атаға арнаған шумақтары газет бетіндегі шолуға ілігіп, содан әрі ілгерілеп кете алмағанын өзі де әзілдеп отырып айтатыны бар.

Мектептің жоғары сыныптарының бірінде оқып жүргенінде ауылға көрші Гурьев облысының Қызылқоға аудандық газетінің редакторы болып қызмет атқаратын Төлеубай Ысқақов аға келгені бар. Жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен зиялылық лебі білінетін, ақ көйлегіне дейін көз алдында сақталып қалған сол кісінің журналист екенін білгенде көкейде «шіркін-ай, мен де сондай болсам» деген балаң арман алғаш оянып еді. Сөйтіп, бірге өскен жолдасы Оразбай Жұматов екеуі қаламдарын қатар сілтеп, аудандық газетке алғашқы хабар-ошарларын жібере бастады.

Екеуі мектеп бітірген соң да Алматыға бірге барды. Бірақ ол кезде өндірісте бірер жыл жұмыс істеп келгендерге ғана жол ашық болатын. Оның үстіне журналист болғысы келетін талапкерлер де көп екен. Университеттің есігі Сатыпалдыға бірер жыл еңбек етіп, армия қатарында болып келген соң ғана ашылды. Қайыржан Бекқожин, Тауман Амандосов, Қабижан Құсайынов, Әбілфайыз Ыдырысов секілді журналистиканың майын ішкен ұстаздар кәсіптың қыр-сырын терең ұғындыра түсті.

Табақтай дипломымен қатарға қосылған жас маманға сын көп. Университетте бес жыл оқу қалай болғанда да қаламы жүйрік журналист атануға кепілдік бермейді. Мұның бәрін өз еңбегіңмен, төзіммен, ұмтылыспен алуың қажет. Кейіпкерлеріңмен тіл табысу, оның жүрек түкпіріне ене білу де бір өнер. Әдетте адам баласымен тіл табысқыш Сатыпалды әр іссапарға шыққан сайын талай жолдас тауып қайтатын.

Облыстық «Коммунизм жолы» газетінің жас тілшісі белгілі журналистер Көмекбай Оразниязов, Кәдірбай Бекмағамбетов ағалардан көп тәлім алды. Олардың ауыл шаруашылығының өзекті мәселелерін қозғаған сан алуан тақырыптағы проблемалық мақалалары, мамандармен сұхбаттасудағы өзіндік тәсілдері талай жерде жол нұсқағандай болды.

Сол алғашқы жылдардың бірінде Шалқар ауданындағы «Сарыбұлақ» кеңшарында болғаны бар. Жас та болса шаруа тетігін терең игерген білікті шаруашылық басшысы Нұрмұханбет Мырзабаев, елдің сыйлы азаматтары Амангелді Әлиев, Сайын Қуанышкереев ағалармен жүздесіп, бірер күн сапарлас болғанда алған әсерін біразға дейін әңгімелеп жүргені бар.

Облыста оның аяғы жетпеген жер бәлкім аз болар. Өмірдегі ең ұтқан тұстарының бірі де осы сияқты көрінеді кейде. «Атың барда жер таны желіп жүріп» — қалам ұстаған ағайынға берілетін осы мүмкіндікті ол ұтымды пайдаланып келеді. Бүгінде «Егемен Қазақстанның» әр санында дерлік Ақтөбе облысынан жарияланып жататын әртүрлі жанрдағы материалдар — оның осындай тынымсыз еңбегінің жемісі.

«Жігітке жеті өнер де аз» деген бар. Былайғы көлденең жұртқа қаламнан басқа алаңы жоқ адамдай көрінетін Сатыпалдының тұла бойы тұнып тұрған қазына. Ол күмбірлетіп күй тартқанда маңайда жым-жырт тыныштық орнай қалады. Ал әуелетіп ән салғанда дауыс диапазонына ден қоймасқа әддіңіз жоқ.

Шарасында қаншама тұнып жастың,

Жүректегі жырыммен құлыпты аштым.

Сәуір таңы секілді сол бір кездің

Сәуірбаев Саташты ұмытпаспын.

 

Өмір желі өтінде жүрдік бұла,

Жастық шақтан шадыман сырды ұқтыра.

Күйіменен Саташтың күмбірлейтін,

Үзілмейтін үміттей тірлік мына.

Бұл — қазақтың белгілі ақыны Аманхан Әлімовтың «Жазушы» баспасынан 1989 жылы жарық көрген «Жанымның жапырағы» атты жыр жинағынан алынған үзінді. Студент кезгі достықтың кейінгі уақыт көзімен қарағандағы көрінісі бұл. Арқалы ақын мұнымен тынбайды. Бірі күйші, бірі ақын — екі достың кейпін былай бейнелейді:

Арулар тәтті үмітпен,

Қарайтын бізге құмартып.

Күйі артық өзге жігіттен,

Жігіттен өзге жыры артық….

«Өзге жігіттен күйі артық» Сатыпалдының бір кездері университетте дәулескер күйші Сәдуақас Балмағамбетов жетекшілік еткен оркестр құрамында болғанын бүгінде көп адам білмеуі де мүмкін. Өйткені, өзіне қатыстыны жұртқа мақтан ғып жария ете бермейтін оның басқа да көп қырларын білу үшін арнайы ізге түсуіңіз керек.

Анасы Айшадан үш жасында қалған Сатыпалды нағашылары — Базарбай, Жұмабайдың тәрбиесінде болады. Ауылдың қатардағы, қанағатшыл шаруа адамы Қабаш бұған қызғаныш білдірмей, қайта баласының шын жанашыр, қамқор қолға түскеніне қуанып, тілектестігін білдіріп жүреді.

Жұртшылықтың айтуынша, өз анасы ауылдағы әдемі даусы бар, сызылтып ән салатын өнерпаз болған екен. Нағашы әжесі Ағиланың бауырында тәрбиеленіп, аталған екі ағасының қоңыр домбырасының сазына бөленіп өскен бала көкірегі қалайша әсемдікке құмартпасын?!

Үлкен сахнаға ұмтылмағанымен, оның өз тыңдаушылары, өз аудиториясы бар. Көбінесе дос-жарандары одан «Қоғалы-ай» әнін айтуды сұрап жатады. Ойыл, Темір өңірінің жұртшылығы көбірек білетін Қызыл ақынның жырларына да жан кіргізіп, бүгінгі күннің тыңдармандарына жеткізіп жүрген санаулы насихатшылардың бірі де осы Сатыпалды.

Кейінгі кездері «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнін көбірек айтатын болып жүр. Бұған бір жағынан Алтайдың тұсынан — Семей өңірінің аруы Зоя ханымды Алматыдағы сұлулар галереясы — ЖенПИ-де оқып жүрген кезінен жүрегін жаулап алып, Ақтөбеге қарай алып келуі де әсер ететін болса керек. Зоя Омарғазықызы қазір Ақтөбе педагогика институтының тәжірибелі оқытушыларының бірі, әулетке Гүлнұр, Жадыра, Арнұр секілді әсем перзенттер сыйлаған аяулы ана.

Кей кездері арындап кеткенде аттылыға сәлем бермейтін Сатыпалды досымыздың енді бірде аңқылдақ көңілімен алты жасар балаға да төр ұсынатын мейірімді мінезі екінің бірінде кездесе бермейтіні ақиқат. Оның досқа адал, жолдасты жолда қалдырмайтын кісілік келбеті біздер үшін қашанда қымбат.

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button