Әлеумет

Сақтық — қауіпсіздік кепілі

Жылу беру маусымы алдында «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы Ақтөбе өндірістік филиалы жылдағы дәстүр бойынша газды тұрмыста қауіпсіз пайдалану бойынша айлық өткізеді. 10 қыркүйектен 10 қазанға дейінгі аралықта өтіп жатқан айлық кезінде мамандар тұтынушыларға газ пайдалану кезіндегі техникалық қауіпсіздік шараларын түсіндіріп, ескертіп жатыр. Осы және өзге де мәселелер жөнінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Ақтөбе өндірістік филиалының үйішілік газ жабдықтары қызметінің бастығы Болат Дәрібаевпен әңгімелескен едік.  

 

— Бүгінгі таңда тұтынушылар тұрмыста пайдаланатын газдың қауіпсіздігіне қаншалықты мән береді?

— Қазір «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы Ақтөбе өндірістік филиалы облыста 150 540 жеке үйлер мен пәтерлерге, сондай-ақ 3 409 коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорынға келісімшарт негізінде тұрмыстық қажеттілік үшін табиғи газды жеткізіп отыр. Бүгінгі күні көгілдір отыны бар үйлер мен мекемелерде 246 720 тұрмыстық газ пайдаланатын қондырғылар орнатылды.

Біз жыл сайын жылу беру маусымы алдында көгілдір отынды пайдаланушыларға техникалық қауіпсіздігі жағынан аса сақ болу әрі қауіпсіздік шараларының алдын алуы үшін түсіндіру, ескерту мақсатында айлық өткіземіз. Егер тұтынушылар газ пайдалануда техникалық қауіпсіздікті сақтамаса, қайғылы жағдайдың орын алуы әбден мүмкін. Кездейсоқ қауіп-қатерден аулақ болу үшін қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаған жөн. Өйткені, газ пайдаланушы техникалық қауіпсіздікке мән бермесе немесе сақтамаса, нәтижесінде жарылыс болып, өрт шығып, газға улануы мүмкін. Мұндай салғырттықтың арты қайғылы жағдаймен тынатыны айтпаса да белгілі.

Өткен жылу беру маусымында үй иелерінің тұрмыстық газ қондырғыларын пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын өрескел бұзған екі жазатайым оқиға тіркелді. Оның бірі Ақтөбе қаласы маңындағы Заречный-1 елдімекенінде орын алды. Үй ішіндегі пештің жарылуы салдарынан улы газдың иісі тарап, соның салдарынан 19 жастағы студент көз жұмды. Ал екінші жағдай Хромтау ауданының Дөң поселкесінде тіркелді. Үй жылы болсын деген ниетпен ауаға газ шығатын желдеткішті жауып тастаған отыз жастағы жігіт газға уланып, қайтыс болды.

— Үй жағдайында газ пайдаланушылар қауіпсіз болу үшін алдымен неге мән беруі қажет?

— Тұрмыстық газ қондырғыларына мамандардың техникалық қызмет көрсетуі оның қалыпты жұмыс жасауына әрі қауіпсіз болуы үшін қажет. Біз айлық кезінде де, одан өзге уақыттарда да тұрғындарға үйде орнатылған газ плиталар немесе одан басқа да көгілдір отын үшін қойылған қондырғыларға техникалық қызмет көрсету мақсатында келісімшарт жасауын ескертеміз. Уақытында техникалық қызмет көрсетілмеген, сондай-ақ булық және желдеткіш арналары жоқ газ қондырғылары аса қауіпті.  Сондықтан жылыту қондырғылары мен су қыздырғыштарды қауіпсіз пайдалану мақсатында абоненттер арнайы мамандарға газ тұрбаларын тексертуден өткізіп, жарақтылығы туралы акт алуы қажет. Бір айта кетерлік жайт, жеке үйлердегі кірпіштен тұрғызылған мұржалар ережеге сәйкес тоқсан сайын бір рет тексеруден өткені дұрыс.  Тұрбалар мен булықтарды тексеруге қаланың Пожарная көшесі  31-үйде орналасқан «ДПО» Ақтөбе облыстық кеңесі, Ибатов көшесіндегі «Асыл-Зат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Гарнизон көшесі бойында орналасқан «ҚазСертМетрология-Іnk» мекемесі жауапты. Бұл істің барлығын тұтынушылар жылу беру маусымына дейін жүргізгені абзал.

Тағы бір айта кетерлігі, тұрғындар көгілдір отынды тұтынғанда заманауи қондырғыларды пайдаланғаны дұрыс. Әсіресе, УГОП-16 жылыту пештерін пайдаланған кезде мейлінше сақ болғаны дұрыс. Сондықтан тұтынушыларға біз УГОП-16 қондырғысын ықшам әрі автоматтық қауіпсіздік тетігі бар УГОП-16 су қыздырғышына ауыстыруды ұсынамыз. Қазір облыс бойынша 29 мың бұрынғы үлгідегі пеш жұмыс жасап тұр. Бұл пештердің санын азайту үшін де тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өйткені, жыл сайын 4,5-5 мың абонент газбен қамтамасыз етіледі.

— Техникалық қызмет үшін шарт жасаспаған немесе бұл қызмет түріне ақы төлемеген  абоненттерге қандай шара қолданылады?  

— Қазір облыс бойынша мекемемен келісімшарт жасаспаған 1121 тұтынушы бар. Үстіміздегі жылдың 9 қаңтарында «Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енді. Осы Заңның 19-бабының 1-тармақшасында газ тұтыну жүйелерінің және газ жабдығының иелері олардың тиісті техникалық жай-күйін және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті екені жазылған. Сол сияқты Заңның осы бабының 5-тармақшасында тұтынушыларға газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуге арналған шартқа отырмаса, көгілдір отынды пайдалануға тыйым салынатыны жайында айтылады. Біз Заңнан аттап кете алмаймыз. Сондықтан уақытында техникалық қызметті пайдаланбаған тұрғындарға Заң бойынша шара қолданылады. Техникалық қызмет көрсету бірінші кезекте газ қондырғыларының талапқа сай қызмет етуін тексеру үшін жасалады. Бірақ қазір кейбір тұрғындардың санасында газ беруші мекеменің техникалық қызмет етуде құр босқа ақша жинаудың үлгісін жасап жүр деген түсінік қалыптасқан. Олар қауіпсіздік шараларына салғырт қарайды. Дегенмен де біз тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауды басты назарда ұстаймыз.

Техникалық қызмет арнайы кесте бойынша өтеді. Жалпы техникалық қызмет көрсету ісі көпқабатты үйлерде баяу жүреді. Өйткені, жаз айларында тұрғындарды пәтерінен табу қиын. Көпшілігі саяжайды мекендейді. Сол себепті біз бұл қызметті күз айларында жасағанды жөн деп таптық.

— Техникалық қызмет үшін төленетін ақының мөлшері қанша?

— Техникалық қызмет көрсету ісі жеке үйлерге жылына бір рет жүргізіледі. Ал көпқабатты үйлердің пәтерлері үшін екі жылда бір рет өтеді. Егер осы уақыт аралығында үйдегі газ қондырғысынан ақау шығып немесе басқа да қауіпті жағдайлар орын алса, тұрғындар мекемеге хабарласуы тиіс. Техникалық қызмет үшін төленетін қаражаттың мөлшері әртүрлі. Жеке үйлерде техникалық тексеруден өткізетін бірнеше тұрмыстық газ қондырғылары орнатылады. Сол себепті жеке үйде тұратын абоненттер бұл қызмет үшін 2,5-3 мың теңге көлемінде ақша төлейді. Ал көпқабатты үйдегі тұтынушылар екі жыл сайын 881 теңге төлеуге тиіс.

Кестеге сәйкес биыл 101 мың тұтынушының үйіне  техникалық қызмет көрсетуіміз қажет. Көпшілік тұрғындар бұл қызметке түсіністікпен қарамайды. Арнайы мамандарды үйлеріне кіргізбейтіндері де бар.

— Бүгінгі күні тұрмыста пайдаланатын газдың қауіпсізідігін қамтамасыз етудегі алдын алу шаралары өз деңгейінде жүргізіліп жатыр ма?

— Жылу беру маусымы қарсаңында тұрғындарға техникалық қауіпсіздікті сақтау үшін ескерту қағаздарын таратамыз. Бұл үрдіс биыл да өз жалғасын тапты.  Бүгінгі күнге  дейін 99 мыңға жуық осындай ескерту парақшалары таратылып үлгерілді. Бұл парақшалар тұрғындарға ай сайын тұтынған газға келетін түбіртекпен қоса беріледі. Яғни, ескерту парақшаларында үйішілік газ жабдықтарын пайдалану кезінде сақталатын қауіпсіздік жөніндегі ережелер жазылған. Сол сияқты, пештен улы газ шыққан кезде 104 нөмеріне қоңырау шалу ескертіледі.  Бұдан өзге газ пайдалану кезінде техникалық қауіпсіздікті сақтау мәселесіне қатысты мақалаларды газет беттерінде жиі-жиі жариялап жүрміз.

— Соңғы кезде пәтерлерге газға келетін түбіртектермен қосымша электронды құралдар сататын дүкендердің заттарын жарнамалайтын парақшалар да қоса келіп жүр.  Бұл жағдайды қалай түсіндіресіз?

— Бұл жағдайға біздің мекеменің еш қатысы жоқ. Бұл —  газ участоктары арқылы беріліп отырған жарнама парақшалар. Газ участоктарына «Запад» ЖШС» республикалық коммуналдық қызмет көрсету орталығы жауапты. Тұтынған газды есептеу әрі түбіртек тарату ісімен осы мекеме айналысады. Біздің мекеменің міндеті — газ жеткізу әрі техникалық қызмет көрсету.

— Қазір көпқабатты пәтерлерді автономды түрде қолдан жылытып отырғандар бар. Олардың бұл ісі қаншалықты қауіпсіз деп ойлайсыз?

— Жалпы қалада автономды түрде пәтерін жылытып отырғандар көп емес. Автономды түрде жылу жүргізу үшін тұрып жатқан үй бес қабаттан аспауы тиіс. Бес қабаттан асқан үйлердің пәтерлеріне өз алдына жылу өткізуге рұқсат берілмейді. Қаладағы «Трансэнерго» мекемесі көпқабатты үйлерді жылумен қамтамасыз етуге тиіс.

Әңгімелескен Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button