Әлеумет

Күз сәні – сарғылт түс

Күн сәл суытып, күздің алғашқы белгілері білінсе, үстімізге жылы киім кие бастаймыз. Ал биылғы күздің сән үлгісі қандай болмақ?

Сән үлгісі үнемі өзгеріп отырса да, уақыт өте айналып келетінін білетін барша сәнқой сұлуларды маусымдық киім үлгілерінің қандай болатындығы қызықтыратыны да сөзсіз. Күзгі киімдердің сән үлгісі өткен ғасырдың 70-ші жылдарын еске салады. Үлкен бант тағылған әдемі әрі романтикалық кеудешелер, кең балақты шалбарлар, ұсақ моншақ пен шашақтармен өрнектелген трикотаж бұйымдар, ұзын белдемше, қиығы бар көйлек пен пальтолар қайта сәнге енбек.

Материалға қатысты айтар болсақ, әсіресе, аң терісі мен былғары ерекше сәнге ие  болады. Сондай-ақ жібек, барқыт, вельвет және кашемир үлкен сұраныс тудырмақ.

 

Төрт бұрышты тақалар

 

Былтырғы аяқ киімдер үлгісі биыл көп өзгере қойған жоқ. Биік өкшелі туфлилер мен етіктерді кие беруіңізге болады. Қазір аяқ киімдердің түрі сан алуан. Аң терісінен, тоқымадан, былғарыдан тігілген етіктер сән үлгісінен қалмайды. Биылғы күз маусымында баулы аяқ киімдерге сұраныс көбейеді. Күз және қыс айларында тақасы төрт бұрышты, биік емес аяқ киімдер өте ыңғайлы болмақ.

Бір ескерерлік жайт, аяқ киімді таңдағанда өте абай болу керек. Оның сапасы мен пішініне көңіл бөлген жөн. Аяққа қонымды болып көрінген былғары етіктер күздің жауын-шашынды күндерінде суға тисе, тез кеңейіп кетіп жатады. Сондықтан  сапасына байланысты былғарыны мұқият қарап алған дұрыс.

 

«Омбре» маникюрын жасаңыз

 

Тырнақ күтімі маусым талғамайды. Дегенмен, әр маусымда тырнаққа жағылатын лактың түсіне мән берген дұрыс. Биылғы күз маусымының сәнінде «омбре» маникюры көпшілік қыз-келіншектерді қызықтыратыны анық. Өйткені бір тырнаққа жағылатын түрлі түсті лактар сырт көзге өте әдемі болып көрінеді. Тырнаққа «омбре» маникюрын жасау — бір түстің екіншіге өтуі арқылы іске асырылады. «Ombre» сөзі «ашық түстің қанық түске айналуы» деген мағынаны білдіреді.

Бұл маникюрдың жасалу жолы өте қиын. Сұлулық салонының маникюр шебері болмасаңыз, тырнаққа жасалатын кішігірім өнер туындысын жасау оңайға соқпайды. Дегенмен, аса ептілікпен «омбре» маникюрын үйде отырып жасауға болады. Ол үшін қандай заттар пайдаланамыз? Макияжға арналған спонжды лак кетіретін сұйықтыққа малып, сулаймыз.  Қаңылтырдың кішкене бөлігін немесе фольгаға екі немесе үш түсті лакты тізіп жағу қажет. Лактардың арасын бір-бірімен араластырып, түстердің бір бір-біріне өтуін қадағалаңыз. Бұдан соң спонджды лакталған қаңылтырға, кейін тырнаққа басыңыз. Лактың тырнақ шетіне жағылып кетпеуінен абай болыңыз. Тырнаққа жағылған үш түсті лакты тегістеу үшін үстінен түссіз лакпен бояған дұрыс.

 

Шаш сәніндегі өзгерістер

 

Биылғы күз шаш сәніне біраз өзгерістер алып келді. Қысқа әрі тіке кекілдер бұл маусымда сәннен қалды. Бірақ оның орнына ұзын кекілдер сәнге айналмақ.

Кеңседе жұмыс жасайтын қыз-келіншектерге ұзын шашты кесіп немесе кекіл қоюдың еш қажеті жоқ. Шашты сол күйінше жіберіп немесе бос өріп қана қойған дұрыс.

Қазіргі заманда шаш үлгілерінің әр түрі бар. Дегенмен биылғы күздің сән үлгісінде қыздарға шашты түрлендіріп өрген дұрыс. Егер шашыңыз қалың болса, қалыңдығын көрсетіп, екі өрім етуге де болады.

Шашқа жетпісінші жылдардағы сән үлгісі қайта оралмақ. Демек, шаштың төбесін ұйыстырып көтеру арқылы сәндеуге болады.

Стилистер күзде шашты қарапайым аксессуарлармен сәндеп қоюға кеңес береді. Олар шаш сәніне байланысты басты назарды қарапайымдылық пен ретро стильге аударып отыр.

 

Көйлегіңе көбірек көңіл бөл

 

Күзгі және алдағы жылы киетін көйлектердің үлгісі бұрынғы, 40-шы жылдардағы сәнге сәйкес келеді. Әсіресе, қара түсті көйлектер дүкен сөрелерінде кеңінен орын ала бастайды. Ұзындығы  тізеден сәл жоғары жеңі мен етегі көмкерілгендерін, жағалы әрі кең етектілерін де таңдауға болады. Қара көйлектің жағасы мен жеңіне ақ мата жүргізсе, тіпті әдемі болады. Сондай-ақ кештерге, қонаққа, тойға барғанда атластан немесе шифоннан  тігілген көйлектерді киген жөн. Мұндай көйлектердің  түсі қызыл және қара болса тіпті, керемет көрінеді. Ал салқын күндері кеңсеге немесе іскерлік отырыстарға қалың матадан тігілген және тоқыма көйлектер киюге болады. Бұларға сәйкес былғары белбеулер тағыңыз.

Ал адам көп жиналатын жерге қадірлі қонақ ретінде баратын болсаңыз, тастармен әшекейленген көйлектерді киіңіздер. Омырауыңызға түрлі гүлдер, кестелер жапсырып жүруге болады.

 

Сұлу да жылы пальтолар

 

Биыл пальтоның небір түрі сәнге шығып жатыр. Қос ілгектісі, қысқасы, ұзыны, ілгексіз тек белбеумен байланатыны,  денемен бітісіп жатқаны, етегі трапеция пішіндісі, таңдау мол. Сондай-ақ ұзын жеңді және ұзын қолғаппен киетін қысқа жеңдісін де көруге болады.

Ұзындығы тізеден сәл жоғары  болатын пальтоларды биік тақалы, ұзын қонышты етіктермен үйлестіріп киген жөн.

Күз-қыс айларында ұзын пальтолар қайтадан сәнге шығады. Қысқа пальтоларды  шалбармен де, ұзынды-қысқалы юбкалармен де киюге болады. Бұған аяқ киім таңдаудың еш қажеті жоқ. Кез келген аяқ киіммен  кие бересіз.

Қыста және күзде киетін пальтолардың жаға-жеңдеріне түрлі аңдардың терісі жапсырылса, тіпті, ерекше көрінетіні сөзсіз. Бұлар тек сәндік үшін емес, жылылыққа да жақсы.

 

Сәнді сөмкелерді қалай таңдаймыз?

 

Сәнді киім киген соң, оған сөмкеңіз де сәйкес болғаны жөн. Биыл былғарыдан тігілген сөмкелер басымдық ала бастайды. Әсіресе, классикалық үлгідегі портфель тәрізді сөмкелер маусым сәніне айналды. Кешкілік қыдырғанда пішіні кіші сөмкелердің түрлі-түсті  тастармен әшекейленген түрлерін ұстауға болады.  Классикалық үлгідегі  сөмкелердің түсі қара, қоңыр және  тұтқасы қысқа келеді.

Күнделікті жұмысқа ұстауға сандықша немесе чемодан секілді сөмкелерді пайдаланыңыз.

 

Сұлулық сыры — күтімде

 

Шаштың түсі мен ұзындығы, қас пен кірпіктің қалыпты жағдайда болуы, киім киюдегі стиль — кез келген бойжеткен мен келіншектің айнасы. Алайда, барлық ханымдар есте ұстайтын бірнеше ережелер бар. Бір қызығы, әдемі болып көріну үшін шығындалудың қажеті шамалы. Бірақ ережелерді  бұзбай, күнделікті  сақтап отыру қажет.

Қазіргі таңда тазалық — денсаулықтың кепілі. Сұлулықтың да кепілі тазалық болып тұр. Мамандардың пікірінше, күнделікті қоршаған ортаның зиянды факторларынан бетті тазартып тұру үшін күніне екі рет бетке арналған сусабынды пайдаланып, жуынып тұру шарт. Бетті тазалап отыру — күтімнің басты әрі негізгі ережесі. Маңызды бір жайт, барлық істі орындаған кезде шын ынтамен жасаған дұрыс. Өйткені міндет санап, амалсыздан күтім жасағаннан, ешқандай нәтиже шықпайды.

 

P.S. Түстердің стандартын белгілейтін америкалық «Pantone» компаниясы 2012 жылдың күзгі маусымға арналған  киімдердің  түсін анықтады. Бұл процеске белгілі дизайнерлер мен танымал модельерлер қатысыпты. Стандартқа сай белгіленген түстердің басында сарғылт түс алдыңғы орынды еншілепті.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button