Әлеумет

Аттестациядан өттіңіз бе?..

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында құқық қорғау органдары туралы: «Маңызды мәселе — құқық қорғау және арнаулы органдарды сапалы кадрлық жаңарту. Одан кейін құқық қорғау жүйесі қызметкерлерінің ақшалай ризығын арттыру мен қолдаудың әлеуметтік дестесін кеңейту, сондай-ақ олардың техникалық жарақтандырылуы мәселелері қаралуға тиіс» , — деп ерекше атап өткен болатын. Осыған орай Елбасының «Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестациядан өткізу туралы» Жарлығы да шыққан еді.

Қазір еліміз бойынша барлық құқық қорғау органдарының жеке құрамынан 110 мыңға жуық адам аттестациядан өтуде. Облыс бойынша қайта аттестациядан өтуге тиіс 3 мыңға жуық тәртіп сақшыларының бүгінде 963-і ғана сынақ тапсырып үлгерді.

 

Шетелдік тәжірибенің үлгісі

 

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестациядан өткізу туралы» Жарлыққа қол қоюы қоғамда жағымды пікір қалыптастырды. Өйткені құқық қорғау саласында жүрген азаматтардың біліктілігі, білімділігі, кәсіби шеберлігі ауадай қажет. Атап айтар болсақ, аттестаттаудың мақсаты — құқық қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби дайындық деңгейін және олардың қазіргі заманғы талаптарға сәйкестігін анықтау, органдарды моральдық-адамгершілік қасиеттері төмен және жемқорлық әрекеті арқылы жалпы мемлекеттің беделін түсіретін біліксіз қызметкерлерден тазарту.

Елімізде құқық қорғау саласын реформалау ісіне дайындық барысында шетелдік тәжірибеге, атап айтқанда, ТМД-ның бірқатар елдерінің, АҚШ-тың, Франция мен Норвегияның, Ұлыбританияның, Швецияның және басқа да елдердің тәжірибелері жан-жақты зерттеліпті. Мәселен, 2010 жылы Англияда құқық қорғау органдары қызметін оңтайландыруға бағытталған «Әлеуметтік жауапкершілік және полицияны реформалау туралы» Заң қабылданды. Нәтижесінде, 2011 жылы Ұлыбритания полициясы 3,2 пайызға қысқарды.

Шотландияда 2012 жылы полиция мен өрт қызметін реформалау туралы билл қабылданып, соның шеңберінде аталған мемлекеттік құрылым қызметіне оны қайта құрылымдау және қызметтің тиімділігін арттыру бағытында оңтайландыру жүргізілді. Польшада құқық қорғау жүйесіне реформалар жүргізу нәтижесінде Польша полициясы қызметінің тиімділігін айтарлықтай арттырудың сәті түсті. Осылайша, қоғамдық пікірге жүргізілген сауалдар нәтижесіне сәйкес, тұрғындардың 72 пайызы полиция қызметкерлеріне сенеді. Ал халықтың 68 пайызы  полиция жұмысын жақсы деп есептейді. Дәл осындай реформалар Балтық бойы елдерінде де жүзеге асырылыпты.

Көршілес Ресейде құқық қорғау жүйесін реформалау жұмыстары 2010 жылдан бері жүргізіліп келеді. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың стратегиялық бағыты «Полиция туралы» Федералдық заңда бекітілген. Аталған заңнамалық акт шеңберінде 2011 жылдың 1 наурызынан 1 тамызына дейінгі кезеңде Ресей Ішкі істер министрлігінің (ІІМ) барлық қызметкерлері кезектен тыс қайта аттестаттаудан өтті, соның нәтижесінде министрлік органдарынан 226 900 адам жұмыстан шығарылды. Бұл жалпы санның 22 пайызын құрапты.  Оның сыртында 340 генералдың 143-і қайта аттестаттаудан өтпей қалып, жоғары командалық құрамның 73 басшысы тікелей де, көлбеу деңгейде де өзге өңірлерге ауыстырылған. Бұлар — жеке және іскерлік сапалары дәрежесіне, кәсіби тәжірибесінің төмендігіне орай қайта аттестаттаудан өте алмаған және ІІМ қатарынан кетуге мәжбүр болған қызметкерлер.

Ресейлік тәуелсіз сарапшылардың пайымдауынша, бұл шара ІІМ-нің кадрлық құрамын айтарлықтай қысқартуға және өзгертуге жағдай жасады, құқық қорғау жүйесін, әсіресе оның басқарушы құрамын елеулі түрде қайта құрылымдау жүзеге асып, ал ол сыбайлас жемқорлық схемасын төмендетудің айтарлықтай тәсілі болып табылды.

59 қызметкер жұмыстан босатылды

Шілде айынан бастап полицейлер үшін сын сағаты басталды. Облыста қайта аттестациядан өтуге тиіс 3 мыңға жуық құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қазір 963-і ғана сынақ тапсырыпты. Облыстық ішкі істер департаменті мамандарының айтуынша, қазір құқық қорғау саласының қызметкерлері үлкен сынаққа дайындалып жатыр. Сынақтан өтпеген қызметкер лауазымынан төмендетіліп, басқа қызмет түріне ауыстырылады. Сынақ талаптарын орындай алмағандар ішкі істер органынан босатылады. Егер қызметкер екі мәрте аттестацияға келмесе, бірден жұмыстан қуылады.

Бүгінгі күнге дейін аймақтық аттестациялық комиссия алдында сынақ тапсырған 963 құқық қорғау органдары қызметкерлерінің 762-сі істеп жатқан жұмысына лайық деп танылды, 59-ы сынақтан құлап, жұмыстан шығарылды. 74 адам басқа қызметке ауыстырылды, сынақ тапсырғандардың 54-і қызметінен төмендетілді. Ал 14 адам кадрлық резервте тұр, — дейді облыстық ІІД баспасөз қызметінің аға инспекторы Мәди Алтынбаев.

Соңғы күндері аймақтағы ішкі істер органы саласында зейнет жасына жеткен, өз еркімен  түрлі жағдайларға байланысты жұмыстан шыққан азаматтар бар. Әзірге олардың саны  — 63.

 

Шарт — сұрақтардан сүрінбеу

 

Аймақтық аттестациялық комиссия алдында полицейлер теориялық және тәжірибе сынақтарынан өтеді. Мәди Қуанышұлының айтуынша, аттестация төрт кезеңнен тұрады. Яғни, бірінші кезеңде қызметкердің логикалық ой-өрісі тексеріледі. Аттестацияның екінші кезеңінде полицей жауынгерлік-дене шынықтыру әрі қызметтік-психологиялық байқаудан өтеді. Сынақ тапсыру кезінде аймақтық аттестациялық комиссия мүшелерімен әңгімелесу арқылы қызметкердің ой-өрісі тағы бір мәрте зерделенеді. Төртінші кезеңде нақты шешім шығарылады.

Облыстық ІІД баспасөз қызметі мамандарының айтуынша, тест сұрақтарында Қазақстан Республикасы Конституциясы мен ҚР «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы», «Құқық қорғау қызметі туралы» және «Ішкі істер органдары туралы» заңнамалардан, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің  Ар-намыс кодексінің әрқайсысынан он, жиырмадан сұрақ келеді. Сынақ тапсырушы әр заңнамалық актілердің кемі 60 пайызына дұрыс жауап беруі тиіс.

Ішкі істер органдарының кейбір құрылымдары мен қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлеріне қойылатын сұрақтардың төркіні  басқаша. Олар аттестация сұрақтарын арнайы және әлеуметтік құқықтық, қызметтік даярлық бағыты бойынша тапсырады. Бұл саланың өкілдеріне сұрақ құқық қорғау қызметінің заңнамалық актілері бойынша келеді әрі  логикалық ойлау тұрғысынан сынақ тапсырады.  Бұл жерде қатардағы және кіші басшылық құрам 50 пайыздық межені бағындыруы тиіс болса, жоғарғы басшылық құрам қызметкерлеріне 60 пайыздық көрсеткішке қол жеткізу міндеттелді.  Әр заңнамалық актілер бойынша берілген сұрақтарға арнайы межеден төмен жауап берілсе,  сынақтан өтпеген болып есептеледі, — дейді облыстық ІІД баспасөз қызметі мамандары.

 

Талап дұрыс қойылып отыр…

 

Күзет полициясының жұмысы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмыстарына мүлдем ұқсамайды. Олардың негізгі міндеті —  аса маңызды нысандарды күзету. Дегенмен әскери шенді мемлекеттік қызметкерлер болған соң,  қарақшылармен және кісі өлтірушілермен күресу де олардың қызметтік құзырына кіреді. Облыстағы мамандандырылған мемлекеттік күзет қызметі басқармасында кезектен тыс аттестациядан барлығы 516 жеке құрам өтпек. Олардың 214-і — аудандардан келетін мамандар.

Басқарманың кадр жұмысы бөлімінің бастығы Ербол Ақбисеновтің айтуынша, құрылымның аймақтағы 8 адамнан тұратын басшылық құрамы шарт негізінде 30 шілде мен 2 тамыз аралығында орталықтандырылған аттестациялық комиссиядан өтіпті.

Әр маман өз саласында білгір болуы керек. Сонда ғана жұмыс жүреді. Әсіресе, құқық саласында қателесуге болмайды. Елбасымыздың кадр біліктілігі, оларды аттестаттаудан өткізу туралы айтқаны бүгінгі заман талабына дөп келеді. Талап дұрыс қойылып отыр, — дейді Ербол Забихоллаұлы.     

Бұл құрылымның аттестациялаудан өткен бөлім бастығы сынақ тапсыру кезінде талаптың қатаң болғаны, әсіресе дене жаттығуларын орындау барысында берілетін шектеулі уақытта шынымен де кәсібі шеберліктің ауадай қажет екенін  алға тартады.

Аттестациядан өту кезінде әрбір қызметкер жас ерекшелігіне қарай кешенді жаттығулар жасайды, яғни 60, 100 метрден 3 шақырым қашықтыққа дейін жүгіреді. Мәселен, мен сынақ тапсыру кезінде бір шақырым қашықтықты 4 минут 15 секундта жүгіріп өтуім қажет болды. Бұл сыннан сүрінбей өткесін 25 метр қашықтықтан жылжымайтын нысананы Макаров тапаншасымен дәлдеп атып, 25 ұпай алу міндеттелді. Ол үшін қолымызға 6 патрон берілген еді. Оның үшеуі дайындық жаттығуына, ал 3 патрон сынақ тапсыруға арналды.  Егер дайындық жаттығуында атылған 3 патронның нәтижесі тиісті ұпайға сай келсе, қалған сынақ тапсырмасынан бас тартуға болады. Мен бұл сыннан да мүдірмей өтіп, «5» деген баға алдым. Бұл салада қызмет еткен жиырма жылдық тәжірибемді абыроймен қорғадым деп ойлаймын. Шынын айту керек, сынақ тапсырар алдында іштей қорқыныштың болғаны да рас. Басшылық құрамның арасында сынақтан сүрінгендер де болды.  Жастарға үлгі болып, алдымен басшылық құрамның сынақ тапсыруы дұрыс ойластырылған іс деп есептеймін, — дейді Ербол Ақбисенов. 

Облыстағы мамандандырылған мемлекеттік күзет қызметі басқармасының жеке құрамы қазір аттестацияға қызу дайындық үстінде. Жұмыстан тыс уақытта мамандар Орталық стадион мен Ақтөбе қаласының ескі бөлігіндегі балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің ауласында қашықтыққа жүгіруден өз ептіліктерін байқап жүр. Мұндай дайындық аудан көлемінде де жүргізілуде. Құрылымның жеке құрамы 3-6 тамыз аралығында М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің базасында психологиялық тест тапсырған еді. Енді күзет мамандары 30 қыркүйек пен 5 қазан аралығында өздерінің кәсіби біліктіліктерін дәлелдейтін болады.

 

P.S. Қазір облыстың төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары» мемлекеттік мекемесі қызметкерлері аймақтық аттестациялық комиссияның алдында сынақ тапсырып жатыр.

Бұл құрылымдағы барлығы 539 қызметкер қыркүйек айының басында психологиялық тест тапсырған еді. Сынақ барысында мамандар қашықтыққа жүгіру, өрт шыққан кезде 4-қабаттағы терезеге көтерілу секілді нормативтерді тапсырды. Енді аттестация қорытындысы қазан айының соңында жарияланатын болады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button