Әлеумет

Қанаттың мың емені

«Көркейе бер, туған жер!»

Ертеңгілік аспанды бұлт торлап, салқын леп есіп, күздің келгендігі кәдімгідей сезіліп тұрды. Қызығымен білдірмей жаз да өткенін, біртүрлі қимастықпен еске аласың… Дегенмен, биылғы алты ай жазға артатын ақтөбеліктердің өкпесі де жоқ сияқты. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің бастамасымен өріс алған «Көркейе бер, туған жер!» акциясы талай қала мен ауылдың мерейін көтерді. Басқасын айтпағанда, акция аясында Ақтөбе қаласы қандай көркейіп, көріктендірілді! Тек өткен көктемнің өзінде қаншама ағаш егілді. Енді мынау күз маусымында сол қаланы көгалдандыру жұмыстары тағы жалғаса түспек. Ол «Ағаш ек және оны сақта» деген қала аумағын көгалдандыру жөніндегі экологиялық жаңа шараға ұласып жүргізілмек.

Бұл шараны қаланың белгілі азаматы болған Лепесов Қасымның ұлы, «Бета» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кәсіпкері Қанат бастады. Ол қалалықтарға жалпы құны 2 500 000 теңге құрайтын емен ағашының көшеттерін сыйға тартты. «Көркейе бер, туған жер!» акциясына қосып отырған бұл үлесін кәсіпкер былай түсіндіреді:

— Менің әкем  Қасым айтулы орманшы еді. Саналы өмірін бағбандық жолға арнады. Ағаштың сан түрін егіп, өз ауламызды жасыл желекке бөледі. Емен сияқты сирек ұшырасатын қасиетті ағаштың өз жерімізге бейімделген жаңа түрін өсіріп шығарды. Қазір мұны мен жалғастырып келемін. Туған өлкемізде емен ағашын желкілдету әкемнің арман-мақсаты болатын. 1000 түп емен ағашының көшеті сол әкем марқұм көксеген шаруаның бастамасы  болсын, — деді.

Қанат сыйлаған мың еменнің көшетін егу қала үшін үлкен мерекелік шараға айналды.

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті  Н.Ә.Назарбаев атындағы саябақта орналасқан Тутұғырының жанында үлкен салтанатты жиын өтті. Оған Қанат Лепесовтің туғандары мен жақындары, «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалының басшылары, облыстық, қалалық мәслихаттың депутаттары, аталған партияның саяси кеңесінің мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері, «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері, кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері қатысты.

Салтанатты жиында сөз алған «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалының төрайымы Сұлупан Шынтасова, қала әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева, «Бета» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қанат Лепесов экологиялық жағдайға, қаланы көгалдандыру, қоршаған ортаны таза ұстау мәселелеріне тоқталды.

Аталған жиын мен қала өнерпаздарының концерті аяқталған соң,  кәсіпкер сыйлаған емен ағашының алғашқы 100 түп көшеті  Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев атындағы саябаққа салтанатты жағдайда егілді. Қалған 900 түп емен көшеті осы күні бір мезетте «Ақбөбек» балалар орталығының, Елек, «Заречный-2» , «Ақжар-2», «Оңтүстік- Батыс», «Гүлдер» ауданындағы, Новый елді мекеніндегі, сондай-ақ №19, 25, 22, 2, 6, 35, 29 орта мектептердің, Назарбаев атындағы мектептің, «Трансэнерго» акционерлік қоғамының  шарбақтарына егілді.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

Жерлестердің қолғабысы

 

Үш жыл мерзімді қамтитын «Көркейе бер, туған жер!» акциясы   жарияланғаны баршамызға мәлім. Бұл шараның, әсіресе, ауылдық жерлерге пайдасы өте көп болып тұр. 

Шалғайда жатқан  Оймауыт селосы да бұл бастамадан шет қалмады. Азғантай уақыттың өзінде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Төле би  бабамыз: «Бірлік бар жерде — тірлік бар» деп біліп айтқан екен. Ауыл азаматтары туған жерге қол ұшын бермек боп бірлесе қалып еді, С.Жиенбаев атындағы орта мектепке 250 мың теңге жинала қалды. Мектептің маңдай бетіндегі 10 терезе жаңа үлгідегі пластик терезелерге ауыстырылды.

Ақтөбе қаласында тұратын жерлесіміз, белгілі кәсіпкер Аманкелді Мәйтеков ауыл мектебіне өз қалтасынан 3 миллион теңге ақша бөлуге уәде берді. Бұл қаражатқа мектептің есік-терезелері түгелдей жаңартылып, спорт зал орналасқан ғимараттың іші-сырты сыланып,  төбесі шатырланатын болады.

Ал ауылымыздағы Оймауыт   балабақшасының ұжымы жинаған қаражатқа  балалар ойнайтын жаңа ойын алаңы салынды. Және ауылдағы жеке кәсіпкер Қ.Жаңабаевтың демеушілік көрсетуі арқасында ғимарат төбесі жаңартылды.

Акция аясында жүргізілген ауылдағы жұмыстардың көлемі қазіргі таңда 900 мың теңге құрады. Жалпы алғанда, тек үстіміздегі жылдың өзінде барлығы 7  миллион теңгенің жұмыстарын атқару жоспарланып отыр. Ырысымыз молайып, лайым осындай ізгі істер көбейе бергей.

А.ҚЫЛЫШ.

 

Аудандық ауруханаға келді

 

«Көркейе бер, туған жер!» акциясы аясында жақында облысқа белгілі азаматтар — М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің кафедра меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Б. Құлжан, облыстық мәслихаттың депутаты, денсаулық сақтау саласы қызметкерлері кәсіподағы облыстық филиалының төрайымы Л. Жазықова, облыстық диагностикалық орталығының бас дәрігері А.Бижанова, облыстық орталық аурухананың бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты  С.Келімбердиев аудандық ауруханаға келді. Мұнда олар ауруханада жатқан адамдарға жәрдем көрсетті. Бірсыпырасына тиісті емдеу шараларын алып, тіпті кейбір науқастарға ота жасады. Сондай-ақ аудандық аурухананың дәрігерлері мен медбикелеріне қазіргі медицинаның озық әдістері жөнінде лекция оқып, тренинг өткізді.

Сол сияқты Кемерши ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктке  компьютер және аурухананың перинаталдық бөлімшесіне медициналық жабдық сыйға тартты.

Жан-жағына жақсылық нұрын шашып жүрген ауылдастарға ауыл тұрғындарының алғысы шексіз. Қамқорлық көрсетіп, ел ризашылығын алып отырған жерлестерімізге «Туған жердің топырағы да ыстық» деген халық даналығын естен шығармағандары үшін «Талаптарың оң болсын, жұмыстарыңда табыстарға жетіңдер!» — дегіміз келеді.

М.МҰХАНБЕТОВ,

Байғанин ауданы.

 

 

Серік ауыл мектебін жаңартты

Ұлықұм бойындағы Есет ауылында қазіргі таңда 40 түтін бар. Кеңестік кезеңде 100 қаралы үй болған бұл елді мекенде азық-түлік дүкені, мәдениет үйі, монша, т.б. халық игілігіне қажетті нысандардың бәрі болатын. Бұл нысандардың барлығы да беріректе тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп, іргесі сөгілді. Сол кезеңнің «сәніне» айналған үдере көшуден қалған бүгінгі 40 шақты үйдің тұрақтануына ауылдағы Сарыбұлақ негізгі мектебі қазық болып отыр десек те болады. Қазір осы тоғызжылдық мектепке жыл санап бастауыш сыныпқа қабылданатын оқушылардың саны көбейіп келеді. Іргетасы 1985 жылы қаланған Сарыбұлақ негізгі мектебінің ғимаратының қабырғасы таспен өріліп, төбесі бетонмен жабылған.  Сүйегі мықты болғанымен мектептің іші-сырты көптен күрделі жөндеу «дәметіп» жүр еді. Биыл облыс деңгейінде жүзеге асып жатқан «Көркейе бер, туған жер!» акциясы осы мектептің қайта түлеуіне үлкен сеп болды.

Туған жердің көркеюіне үндейтін аталмыш акцияға орай Есет ауылының  төл перзенті, ақтөбелік кәсіпкер Серік Жақсыбаев алғашқы болып үлесін қосты.  «Ақтөбе ЭКО центр», «Акбар» ЖШС-на басшылық ететін Серік Әбдірахманұлы «Көркейе бер, туған жер!» акциясына орай өзінің туған ауылындағы Сарыбұлақ негізгі мектебін жөндеуге 2 млн. 500 мың теңге бөлген.

— Осы күнге дейін мектебімізде толық шешімін таппай жүрген мәселе — мектептің жылуы еді. Осы қаржыға білім ошағының  жылу жүйелері жаңартылып, 1000 шаршы метр аумақты қатты отынмен жылытатын құны 400 мың теңге тұратын «Юнилюкс» маркалы қазандық сатып алынды. Және де мектептің іші-сырты жөнделіп, жақын күндері төбесін қазіргі үлгіге сай шатырмен жабдықтау жұмысы жоспарда тұр. Жөндеу жұмыстарының барлығын мектеп ұжымы, ауыл азаматтары өздері жасап жатыр. Білім ошағының қайта жаңарғанына ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ,— дейді Сарыбұлақ негізгі мектебінің директоры Мәлік Бақтыбаев.

Туған жердің гүлдей жайнап, көркейгенін сол елдің әрбір перзентінің қалайтыны анық. Серік Әбдірахманұлы — ел егемендікке алғаш қол жеткізген жылдардағы қиындықтардың біріне де мойынсұнбай, нарықтың ағымын  түсініп, адал еңбектің алмайтын қамалы жоқтығына сенген азамат. Ол кәсіптің түр-түрімен айналысты, егін егіп, мал шаруашылығын да игерді. Осындай тынымсыз тірлігінің арқасында оның есімі бүгінде облыстағы ірі кәсіпкерлердің қатарынан көрініп жүр. Серік елмен байланысын ешқашан үзген емес. Туған жеріне жиі келіп, ауылының қуанышы мен ренішін бірге бөлісуді өзіне парыз санайды.

                                                                                   Мұхтар МЫРЗАЛИН,

                                                                                          Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button