Әлеумет

Еңбек адамы

…Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясы көз жетпейтін көкжиекте ойлап табылмаған.
Бұл — практикалық, прагматикалық идея. Ол маған тіпті етене жақын, өйткені, мен қазақстандықтар жақсы білетіндей, өзімнің кәсіби жолымды «ақ саусақтар» секілді кабинетте де, паркетте де емес, жұмысшы-металлург ретінде бастадым. Ал бұл, атап айтсам, нағыз кәсіп болып табылады!
Қанша жыл өтсе де, бұл еңбек мектебін ұмыту мүмкін емес.
Бүгінде еңбек — ХХІ ғасыр жағдайындағы  шешуші ұлттық фактор ретінде, жаһандық бәсекелестік жағдайында, — алдыңғы кезекке ілгерілетілуі тиіс.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласынан үзінді.

Ботагөздің  боталары

 

Қарғалы ауданында түйе өте сирек кездеседі. Себебі ілгеріде бұл аймаққа өзге ұлт өкілдері көп қоныстанғандықтан, түйе бағатындар болмапты. Ал қазір ауданда түйе ұстайтындардың қатары көбейіп келеді. Солардың бірі — Ботагөз Дәуірбаева.

Ботагөз осыдан бірнеше жыл бұрын Қызылорда облысының Арал ауданынан көшіп келіпті. Қазір аудан орталығы Бадамшаның іргесіндегі Кемпірсай ауылында тұрады. Көшкенде қолында бар түйелерін бірге әкеліпті. Бүгінде үш түйе сауып отыр.

Түйе көп қоректі қажет етпейді, қыстың суығы мен жаздың аптабына да шыдайды. Пайданың көзін түсінген шаруаға түйе — қолайлы жануар.  Яғни өсімі аз болғанымен, түсімі көп. Қыста қорасы жылы болса, боталарды баптап отырсаң, түйеден тәуір мал жоқ. Туғаннан кейін ботасын 40 күндей қорада ешкімге көрсетпей ұстаймын. Өйткені жас бота нәресте сияқты өте нәзік келеді. Көздері мөлдіреп, сүйкімді болғасын адамдар назар салмай өтпейді. Ал тіл-көз тисе бота бірден  өліп қалады.

Жалпы түйе — өте сезімтал жануар. Сауын түйелер бір адамға үйренсе, екінші адамды жолатпайды. Кейде бір жаққа кете қойсам, балалар менің халатымды киіп түйелерді сауып алады. Ал  танып қойса, тістеп, теуіп, маңына жолатпайды,— дейді Ботагөз. 

Ботагөздің үйінен жылдың төрт мезгілінде де шұбат үзілмейді. Жұртшылыққа литрін 500 теңгеден сатады.  Көрші ауылдан келіп алып кететіндер бар.

— Немерелерім қысы-жазы шұбат ішеді. Қазір көп балада кездесетін қаназдық ауру менің балаларымда жоқ. Мүмкіндігім келгенше дүкеннің құтыдағы сусындарын алып бермеуге тырысамын. Өйткені жасанды сусын өсіп келе жатқан бүлдіршіннің  ағзасына өте зиян. Сондықтан балаларға шұбатты көп ішуге кеңес беремін. Қазақтың әр баласы шұбат ішсе, әлсізсіздік, аурушаңдық жойылар еді. Түйенің шұбатынан бөлек, жүні мен шудасы  түрлі тері, буын ауруларына ем. Қыста түйе жүнінен жасалған көрпе өте жылы болады. Ауылда ұзатылатын қыздарға аналары менен келіп түйе жүнін алып кетеді,  — дейді Ботагөз Дәуірбаева.

Ботагөз Кемпірсай ауылында фельдшер болып жұмыс істейді. Ауыл аралап, дімкәс жандардың сырқатын емдейді. Қариялардың қан қысымын өлшеп, қажет кезде қасынан табылады. Ботагөздің алға қойған жоспары көп. Ауыл ортасынан дүкен ашқысы келеді. Қазір дүкеннің іргетасы қаланып, құрылыс жүріп жатыр. Сәтін салса, көп ұзамай іске қосылмақ.

 

Индира СПАНОВА,

Қарғалы ауданы.

Электриктер отбасы

 

Жаңанұр ақсақалдың үш баласы бар. Өзі де, балалары да электрик мамандығын таңдапты. Немерелері де мектепте шығарма жазғанда: «Мен атам, әкем, ағаларым секілді инженер-электрик боламын», — дейді.

Жаңанұр Утяновтың 8 жастағы немересі Жанболаттың шығармасында жазылғандай, «электр энергиясынсыз өмір жоқ», ал осы электр энергиясын бізге таратып, оны пайдалануымызға жағдай жасап отырған электрик мамандығының қаншалықты қиын әрі қауіпті екенін сол жұмысты жасап көрген адамнан басқа ешкім білмейді.

Бұл мамандықтың қауіптілігін меңгезен болуы керек: «Электрик өмірінде екі рет қателеседі — бірінде мамандық таңдағанда, екіншісінде токқа түскенде…» депті біреу.

Өмірінде бір рет «қателескен» Жаңанұр Утяновтың отбасы екінші рет қателеспеуге тиіс, себебі, бұл үйдегі электриктердің бәрі тәжірибелі.

— Осы салада 40 жылдай жұмыс жасап, зейнетке шықтым. Жамандық көргенім жоқ. Қай қоғамда өмір сүрсе де, электрик мамандығын алған адам ешқашан жұмыссыз қалмайды. Электрик кеше де керек болды, бүгін де керек, ертең де керек болады. Жұмыссыз қалмайды деген мақсатпен балаларымның барлығын осы салада оқытуға тырыстым. Шүкір, үш ұлым — Жандәулетім, Нұрлыбегім, Әділбегім осы салада жемісті еңбек етіп жатыр, — дейді ол.

… Жаңанұр Утяновтың өзі де кезінде ауылға электрик қажеттілігінің арқасында осы мамандықты алуға «мәжбүр болған». Олай дейтін себебіміз:
— Алпысыншы жылдардың аяғында әкем менің әскерден келгенімнің құрметіне ауылдастарды, ағайын-туманы шақырып қонақ қылды. Ол кезде Қобда ауданының Калиновка ауылында тұратынбыз. Содан дастарқан үстінде ауылдағы шаруашылық басшысы маған электрик-инженер жетіспейтіндігін айтып, жұмыс жасауға шақырды. Ештеңе білмеймін, тек мектепте физика, математика, химия пәндерін жақсы оқығандығымның арқасында ауылдағы инженер-электрикке көмектесіп, монтер болып қызметке кірістім. Кейін бірте-бірте осы істің қыр-сырын меңгердім. Орынбор ауыл шаруашылығы техникумына ауыл шаруашылығы саласындағы электрлендіру жұмыстары бөліміне оқуға түсіп, білімімді кеңейттім. Осы салада қарапайым монтерден бастап аудандағы электр жүйелері мекемесінде басшы қызметке дейін көтерілдім. Жетпісінші жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі электрлендіру саласындағы барлық игі істер мен қиындықтар бүгінгідей көз алдымда. Мысалы, жетпісінші жылдардың басында барлық ауылдарға бірінші рет жоғары кернеулі желілер тартылды, ал тоқсаныншы жылдардың ортасынан бастап электр энергиясын үнемдеуге қатысты қиыншылықтар болды, — дейді Ж.Утянов.

Әсіресе, тоқсаныншы жылдары Қобда ауданында электр жүйелері мекемесінде басшы қызметте жүргенінде жарықсыз отырған елмен бірге өзінің де талай         қиналғанын айтады:

— Облыс орталығындағы басшыларымыз қаржының жетіспеушілігінен жарықты өшір деп бір жағынан қысады, аудан басшылары жарықты қос деп екінші жағынан қысады. Үйлердің, әлеуметтік нысандардың жарықсыз, қараңғыда отырғаны үшін өзімді кінәлі адамдай санайтын да уақыттар болды. Бірақ, талап солай. Біздің қолдан ештеңе келмеді. Айтайын дегенім, осындай еліміз үшін қиын-қыстау уақыттарда да электриктер бір күн жұмыссыз отырған жоқ, күндіз-түні қызмет еттік, — дейді.

Жұмысы қаншалықты қиын болса да, қазір бейнетінің зейнетін көріп отырған қарт электрик ешқашан басқа мамандық алу туралы ойы болмағанын айтады.

Қазір оның үлкен ұлы Жандәулет Ақтөбе қаласының Қарғалы елді мекеніндегі электр жүйелері учаскесінің бастығы, екінші ұлы Нұрлыбек Ақтөбедегі энергия жүйелері мекемесінде қала бойынша инспектор, кенжесі Әділбек Қобда ауданындағы электр жүйелері саласындағы жедел кезекші топтың инженері.

— Бұл саладағы жұмысымды 18 жасымда электриктердің көлік жүргізушісі болып бастадым. Күн сайын олардың жұмысын көріп, өзімнің де осы салада ебім барын байқадым. Содан кейін бақылаушы, диспетчер, жедел кезекші топтың инженері бола жүріп Ақтөбе педагогикалық институтын сызу және еңбек пәндерінің мұғалімі, сонан соң Орал ауыл шаруашылығы институтын инженер-электрик мамандығы бойынша оқыдым. Он жыл бойы Ақтөбе қаласының Қарғалы елді мекеніндегі электр жүйелері учаскесінің бас инженері, 2010 жылдан бастап басшы қызметтерін атқарып келе жатырмын. Электрик — үнемі сұраныста болатын мамандық, ол қалада да, далада да, ауылда да керек, менің ешқашан жұмыссыз қалған кезім болған емес, — дейді әкесінің жолын қуған тұңғышы Жандәулет.

Электриктер әулетінің басында тұрған Жаңанұр Утяновтың айтуынша, нағыз маман боламын деген адам бірден басшылыққа ұмтылмай, алдымен сол кәсіптің қара жұмысын атқаруы керек.

— Бірден жоғарыға шығамын деуге болмайды. Сен әлемнің ең керемет оқу орнын бітіріп келсең де, қарапайым монтер жасайтын жұмысты жасай алмауың мүмкін. Сондықтан алдымен лицей, техникум секілді арнаулы оқу орындарында оқып, осы салада 2-3 жыл жұмыс жасап барып жоғары оқу орнына түскен дұрыс деп есептеймін, — дейді ол.

Ал жалпы, электрик мамандығы күн сайын ізденуді талап етеді, өйткені электр энергиясы саласында күн сайын неше түрлі өзгерістер болып жатыр, әрі тұтыну көлемі де айтарлықтай артып келеді:

— Бұрынғы уақыттарда бір отбасы күніне  50-60 киловольт энергия тұтынатын болса, қазір ол 700 киловольттан асып кетті, — дейді электриктер.

Бұл мамандықтың ең басты талабы — қауіпсіздік техникасын күн сайын оқу, сақтау.

— Сонда ғана, — дейді зейнеткер электрик, —  электриктер өміріндегі «екінші қателікке» жол берілмейді!

М.Сатаева.

 

Мал маманы, маңдай бұр!

 

Елбасының тапсырмасына орай өткен жылы мал басын көбейту мақсатында «Сыбаға» бағдарламасының қабылданғаны белгілі. Қазір аталған бағдарлама өз нәтижесін беруде.  Мәселен, Әйтеке би ауданындағы Аралтоғай ауылдық округіне қарасты шаруа қожалықтары бүгінде бағдарламаның игілігін көріп отыр. Селолық округ әкімі Абылай Дошаевтың айтуынша, малды асылдандыру мақсатында «Өріс» шаруа қожалығы 7 миллион, ал «Наурызбай» мен «Әділет» шаруа қожалықтары 4 миллион теңге көлемінде несие алыпты.

— Қожалық басшылары несиені негізінен ірі қараны асылдандыру үшін алып отыр. Округтің Қияқты, Ұлғайсын, Милы, Аралтоғай ауылдарына қарасты отыз шаруа қожалығы бар. Олардың ішінде бағдарлама бойынша несие алып, мал басын көбейтіп, асылдандырғысы келетін, тіпті шаштараз, дүкен, тігін цехын ашқысы келетін азаматтар көп.  Алайда кепілге қоятын мүліктің жоқтығы қолды байлап отыр. Талап бойынша кепілге қоятын мүлік қалада болуы тиіс,  — дейді округ басшысы.

Ауылдағы шаруалар негізінен ірі қара өсіреді, бір-екі  қожалық қана қой шаруашылығымен айналысады. Қазір қожалық басшылары қыстан қысылмай шығу үшін мал азығын дайындауды аяқтап жатыр. Уақытында жемшөп әзірленсе, малдың күйі таймайтыны  анық.

Аралтоғай ауылындағы басты мәселе —  мал  дәрігерлерінің тапшылығы. Ауылдың мектеп бітіруші түлектері мал маманы болуға қызықпайды. Ал сырттан келетін жастардың барлығы мұғалімдер болып отыр.

Қазір округ әкімшілігінің өзінде мал маманы жоқ. Бұл мәселе біздің ауылда емес, барлық жерде өзекті болып отыр. Өйткені жастар мал шаруашылығына қарағанда  заң, экономика немесе білім саласында еңбек еткенді тәуір көреді. Соған қарамастан үгіт-насихат жұмыстарын жүргізудеміз. Қазір мемлекет тарапынан да ауыл шаруашылығы саласына ерекше көңіл бөлінуде. Яғни мал маманы бойынша білім алатын жастарға арнайы грант бөлініп, тегін оқытылады. Оқуын бітірген мамандар жұмыссыз қалмайды.  Оларға үй, көтерме ақы беріледі. Сондықтан мектеп бітіруші түлектерді мал маманы болуға шақырып жатырмыз. Округке қарасты ауылдардағы білім ордаларымен тығыз байланыс орнатып, оқу жылы аяқталар тұста оқушыларға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, түсіндіреміз,  — дейді округ басшысы.

Алайда ата-аналар мен оқушыларға түсіндіріп айтқанмен,  әзірге мал маманы болуға ниет танытқандар жоқ екен. Округ басшысы егер ауыл баласы мал дәрігері мамандығын бітіріп келсе, қуана жұмысқа қабылдап, әлеуметтік жағынан қолдау көрсетілетінін айтады.

Жалпы ауыл халқы тәуір тірлік кешіп жатыр. «Көркейе бер, туған жер!» акциясы аясында ауылдан шыққан азаматтар өз туған жерлерін абаттандыруға ат салысуда. Мәселен, 1975 жылғы Аралтоғай мектебін бітірген жігіттер ауыл мектебінің жылу жүйесін жаңғартуға көмек берсе, Ербол Әділов бастаған азаматтар ауылдың көркеюіне өз үлесін қосып жүр.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button