Әлеумет

«бармысың, бауырым?» — Ақтөбеде


Бағдарлама қоржынында 10 мың хат бар

Ақтөбе облысына «Бармысың, бауырым?» бағдарламасының түсіру тобы келді. Тоғыз жылдан бері сан мыңдаған көрерменінің үмітіне айналған бағдарлама соңғы бес жылда республиканың түкпір-түкпірін аралап, әр облыстағы Алматыға жолы түсіп бара алмай жүрген көрерменін бір-бірімен қауыштырып жүр.

Осы жолы Ақтөбеге ат басын бұрған бағдарлама Темір ауданында болды, Ақтөбедегі тұңғыш Президент саябағына жиналған тұрғындармен кездесті. Бағдарламаның шеф-редакторы Ақпанбет Әлішевтің айтуынша, белгілі журналист Қайнар Олжайдың идеясы негізінде қолға алынған жобаның өміршең бағдарлама болатынына сенген Дариға Назарбаева аяғынан нық тұрып кетуі үшін көп қолдау көрсеткен. Қазір бас продюсері Шолпан Жананованың жетекшілігімен бағдарламаның апта сайын эфирге шығуы үшін 4-5 адам тұрақты жұмыс істейді. Биыл жылдың соңына дейін олар көрші Ресей, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Украина, Белоруссия мемлекеттеріндегі әріптестерімен байланысты нығайтып, шет елдерге сапарға шығып қайтуды жоспарлап отырған көрінеді. Ұлы Отан соғысы кезінде көз жазып қалған туған-туыстарын іздегендер үшін, хабарсыз кеткен жауынгерлердің атажұртының бір уыс топырағын салмақ болған көзі тірі ұрпақтары үшін бауырластар зираттарын аралауды сапар жобасына енгізіпті.

— Бағдарламаға жақын-жуықтарын іздегендерден аптасына 25-30 хат келіп түседі. Хаттардың мазмұны да, географиясы да әр түрлі. Қазақстанның түкпір-түкпірінен ағылған хаттар легін қоспағанда, шет елдерден де хат келеді, интернет желісіндегі біздің сайтымызды пайдаланушылар да жоқ емес. Қазірдің өзінде бағдарлама қоржынында 10 мыңның үстінде хат бар десек, осы тоғыз жыл ғұмырымыздың ішінде үш мыңнан астам адамның тағдырын өзгертуге мұрындық болдық. Соңғы жылдары адамдардың жоғалуы, айдын-күннің аманында бір-бірінен көз жазып қалуы сияқты оқиғалар көбейіп кеткендіктен, біз жан-жаққа сапарға шығуды жиілеттік. Ақтөбе облысындағы көрерменнің бізді сарыла күтіп жүргенін Алматыға аяғы жетіп бара алмайтын ел-жұрттан келетін хаттардан оқып білдік. Адамдарға жақсылық жасауды дәріптейтін осы бағдарламаның арқасында тоғыз жылдың ішінде бір-бірінен адасып жүрген әрқилы тағдырлар тоғысты, — дейді шеф-редактор Ақпанбет Әлішев.

 

Әмір молданың әмірін орындау үшін…

…Біреу мынау жарық дүниеге әкелгені болмаса, әлдилемеген анасын, енді біреулер құрақ ұшып өсірген ортасын, бауыр еті баласы мен балдан тәтті немересін, құлын-тайдай тебісіп өскен бауырын көре алмай өкініштен өксіп жүр. Жалғызынан айрылып, жәрдемшісінен көз жазып қалған тағдырлар қаншама.

Телебағдарламаның Ақтөбеге келетіні туралы хабарды ести салысымен қаладағы тұңғыш Президент саябағына біріне-бірі тағдыры ұқсас арман-мұраттарын арқалап жеткен жұрт көп жиналды. Олардың ішінде Рысқұлов көшесінің тұрғыны Қайырбек Сарбасов айтқан оқиға бір ғажап құдіреттің барына сендіреді. Ол үш жылдан бері анасының інісі Сәдуақас Әміровтің ұрпағына іздеу салып жүрген көрінеді.

— Бұрын неге іздемегенімді сұрауыңыз әбден мүмкін. Үш жылдан бері нағашы атам түсіме кіріп, ұлының ұрпағын Қарағанды жағынан іздеуім керектігі туралы аян беріп, мазамды алып жүр. Бірде түсімде «олар құрып кетеді, табыңдар» дегенін анық естідім. Қайта-қайта түсіме кіре берген соң, көзі тірісінде әулие болған нағашым Әмір молданың аруағынан қорықтым.

Менің шешем Қалияш (шын есімі Ғалия-Бану) 1921 жылы туған, ал мен іздеу салып отырған інісі шамамен 1923-1924 жылдары туған болуы керек. Шешемнің ертеректе айтқан бір әңгімесінен ұққаным — олар Алға ауданының Лохвитский деген елді мекенінде тұрған. Әкесі Әмір 1937-1938 жылдары дін жолындағы адамдар саяси қуғынға ұшыраған нәубетте қызы Қалияш пен ұлы Сәдуақасты досы Әбдіғали Ермағамбетовке «өз балаларыңдай көр» деп тапсырып кетеді. Бірақ сол кездің саясаты бойынша қуғынға ұшырағандардың ер балаларын Қарағандыдағы жетімдер үйіне күштеп тапсыртқан. Менің нағашым Сәдуақастан шешем Қалияш сол науқанда көз жазып қалады, — дейді Қайырбек Сарбасов.

Анасы көзі тірісінде жалғыз бауырын көп іздеп, «Қазақстан әйелдері», «Коммунизм жолы» басылымдарына хат жазған. Бірақ еш дерек табылмады. Жасырақ кезінде анасының бауырына деген сағыныш сезімін өзінің бауырлары қасында болған соң түсіне алмағанына қиналған ағаның үш жылдан бері бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Ол мұрағат құжаттарын қарайды, орталық архивке жіберген хатына келген жауап та қанағаттандырмайды. Ақтөбенің архиві 1940 жылдан басталған мәліметтерге ғана жауап береді. Ал саяси қуғын-сүргін заманының көп деректері Орынбор облысының архивінде сақтаулы екен. Оған қолы қысқа болып тұрған Қ. Сарбасов «Бармысың, бауырым?» телебағдарламасынан бір дерек шығар деп үміттеніп отыр.

Ол өзі «антиквариаттар» деп атайтын ауылдағы көнекөз қариялар нағашы атасының зиратын тауып беріп, бала-шағасымен бірге барып топырақ салған. Енді нағашы ағасының ұрпағы табылса, атасы жатқан қорымға әкеліп, бір уыс топырақ салғызып, әулиенің аян берген аманатын орындауды мақсат етіп жүр.

— Нағашы атамның көзін көргендер бұрынырақта шешеме «Әмір жарықтық әулие еді ғой. Оның өзенді теріс ағызғанын көрдік, ол Қарақобданың арғы бетіне өтіп бара жатқанда аттың белуарынан келетін су тобығына жетпей қалады. Құдды бір ұшып бара жатқан сияқты…» деп айтып отырғанын талай естідім. Сол нағашы атадан қалған жалғыз тұяқ — шешемнің інісінің балаларын іздеп тапқым келеді. Өзім өмір бойы ферроқорытпаларын балқыту зауытында жұмыс істедім. Осы оқиғаға мән беруді жұмысбасты болып жүріп еш құнттамаппын. Енді қазір зейнеткерлік демалысқа шығып, арқаны кеңге салған уақытта осыны жұмыс қылдым. Балаларым да менің табатыныма сенеді, — дейді Қайырбек аға.

 

Әулетті құтқарған бір қап тары

Ұлтты қырып-жоюға бағытталған саяси террор — адамзат тарихында болмаған геноцид салдарынан қасірет шеккен миллиондардың ұрпағы тәуелсіздік алған уақыттан бастап бұл туралы ашық айта бастады, жоғын түгендеудің қамына кірісті. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан кейін кеңес өкіметінің қылышынан қан тамған уақыттың табы қалған қазақ даласының бұдан әрі тұншығып жатуы мүмкін емес-тін. Қызыл қақпаның күл-талқаны шыққан күннен бастап сол нәубетте шетелге өтіп кеткен ағайындарына әлемнің әр түкпірінен іздеу салғандардың жанына жалау болған «Бармысың, бауырым?» бағдарламасына жүгінетін жұрт әлі де көп. Оның Ақтөбеге келген осы жолғы сапарының бір мақсаты да ел басына күн туған қаралы кезеңде адасып қалған бауырлардың ұрпақтарына айтып кеткен аманатын жеткізу болатын.

Бағдарламаның түсіру тобы Темір ауданының Шұбарқұдық кентінде болып, сол жерде қазақтың басынан өткен нәубет жылдары бірін-бірі жоғалтқан апалы-сіңлілі адамдардың ұрпақтарын табыстырғаны туралы жақсылық ертеңіне-ақ жалпақ жұртқа жайылып, көптің алғысын алды.

— 1932 жылғы аштықта Қарақалпақстанға қарай көшіп бара жатқан адайдың бір баласына бір қап тарыға айырбастап жіберген 14 жасар қыздан қалған іздің бар-жоғын білгісі келген осы жақтағы бауырынан тараған ұрпақтары іздеу салып бізге хабарласты. Біз айтып отырған апалы-сіңлілі адамдар, әрине, қазір өмірде жоқ. Бірақ анасы көзі тірісінде үнемі айтып отыратын өкінішке, өксікке толы оқиғаны білетін балалары оның аманатын орындау мақсатында көп жылдар бойы нағашы ападан тараған бөлелерін іздейді. Біз оларды Хожеліден тауып, осы сапарымызда Темір ауданына әкеліп, бөлелерімен табыстырдық, — дейді А. Әлішев.

Ананың жүрегіне шер болып қатқан мұңды оқиға кім-кімді де бейжай қалдыра алмасы анық. Бір қап тары аштықтан өлгелі жатқан ағайынды бес отбасын ажал құрығынан құтқарып қалады. Сол бір қап тарының арқасында аман қалған әулет ұрпақ таратыпты. Бірақ өзін өкшелеп өскен бауырға деген сағыныштың елесі өмірінің соңына дейін Ай мен Таңсықтың сыңсуындай құлағынан кетпей қойған анасы көзі жұмылғанша жиендерді нағашы жұртына табыстыруды балаларына аманат етіп кеткен. Ана аманатын арқалаған ұрпақ өз бетімен ізденуден еш нәтиже шықпасын біліп, көп үміттің соңғы аялдамасы — «Бармысың, бауырым?» бағдарламасының көмегіне жүгінді, үміттері ақталды.

 

Италияда көз жұмған әке аманаты

Адамның өмірі – көш. Межелі жеріне жеткенде ол да тоқтайды. Алайда дүрбелеңге салған дүние де адамдарды бір-бірінен адастырып, сол көште жолықтырмай қояды. Жоғалтқан, көз жазып қалған, адастырған тағдыр…

Шешесі италиян қызы, әкесі қазақ Лора Сариева — сондай тағдырдың иесі. Ол әкесінің аманатын қалай орындаймын деп Қазақстанға бірнеше мәрте хабар салады. Әкесі Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін Атырау облысында тұрып, сол жақта үйлі-баранды болады. Соғысқа кетіп бара жатқанда соңында әйелі мен кішкентай қызы күтіп қалады. Майдан даласында немістердің тұтқынына түсіп, жау жағының Италиядағы конц-лагерінде болады. Соғыстан кейін елге қайтуға оқталғанымен, Кеңес Одағындағы сталиндік саясат тұтқынға түскендерді қайтадан тұтқындауға, ату жазасына кесуге бағыттаған науқан жүріп жатқанын ұзын құлақтан естиді. Фашизмнің тұтқынында айуандықпен азапталған күндер жанына батқанын ойлағанда ақыл-есінен айрыла жаздайтын әкесінің елге қайтуға тәуекелі жетпейді. Ол қайтадан тұтқынға түсер болса, НКВД жендеттерінің тергеу-тексеруі кезінде отбасына кесірі тиіп кете ме деп те қорқады. Сөйтіп, Италияда қалып, итальян қызына үйленеді. Екінші әйел қазақ азаматына бір ұл, бір қыз туады. Бірақ қазақтың тәуелсіздік алған бақытты күнін көре алмай, елді аңсаумен өткен әке жүрегі соңғы рет соққанша ұлы мен қызына ұлты қазақ екенін, тағдырдың бұйырмысы болған күні қазақ даласына жетуді, зиратына елден бір уыс топырақ салуды және Атырауда қалған қызын табуды, оны өмір бойы сағынумен өткенін айтуды тапсырады. 1988 жылы әкесі көз жұмады. Кейін қазақ елінің тәуелсіздік алғанын естіген Лора Сариева әке аманатын орындау үшін бірнеше мәрте елге іздеу салады. Ол бірде көшеде Италияға келген қырғыз қызын көреді де қазақ деп ойлап әкесі туралы айтады. Қырғыз қызы Лораның жазған хатын қазақ достарына әкеліп, олар хатты «Бармысың, бауырым?» телебағдарламасына жеткізеді. Осыдан кейін ел жаққа елеңдеп жүрген Лораға туған апасының табылғаны туралы жақсы хабар келіп, бағдарлама Атырауға барған сапарында апалы-сіңлілі екеуді табыстырады. Лора Сариева Қазақстанға бауырымен кездесуге тұңғыш келгенде өмір бойы қазақ даласын аңсағанын, көңілі алып-ұшып тұрғанын айтады. Ол бұл сезімді бұрын әкесінің атажұрт туралы әңгімелерінің әсері деп ойлапты. Сөйтсе, әке әңгімесінің әсері ғана емес, Лора өзін қазақ даласына өзін қаны тартып тұратынына көзі жетеді.

 

Жоғалатындардың жасы — 18 бен 25

— …Із-түзсіз жоғалып кетіп жатқандар осы күні көп. Әсіресе, 18 бен 25 жас арасындағы жігіттер мен қыздарға қатысты «үйден шығып кетіп еді…» деп басталатын оқиғалар қатары жиіледі. Олардың бәрі бірдей табылады деу қиын, әрине, бірақ жоғалған күннен дабыл қағып жатқандар ізіне түскен жағдайда табуға болады. Жақындарынан көз жазып қалған көрерменнің көпшілігі 8 (7272) 70-01-01 және 8 (7272) 70-01-02 тікелей телефондарына хабарласады.

Мәселен, Түркістанда медицина колледжінде оқып жүрген студент қызды біз ата-анасына Алматыдан, жеңіл жүріске салынып кеткен жерінен тауып бердік.

Ал жасы сол шамалас оралдық жігітті үй іші тоғыз жыл іздепті. Біз оны Жамбыл облысының Сарысу деген жерінен таптық. Жанымызға ағасын, полиция қызметкерлерін ертіп барсақ, әлгі жігіт бес жыл сол жерде біреудің малын баққан, артынан төрт жылдай құрылыста жұмыс істеген. Үйіне қайту туралы тіпті ойы жоқ.

Сол сияқты Жезқазғанның жап-жас жігітін Қызылорда облысында 500 сиыры, 1000 қаралы қой-ешкісі бар бір байдың есігінің аузында жалшы болып жүрген жерінен таптық. Олар оны күштеп ұстап отырмағандарын айтып ақталды. Сенбейік десек, жігіттің өзі сайрап тұр, ақыл-есі дұп-дұрыс сияқты. Осындай адам түсінбейтін жағдайлар да біздің тәжірибемізде көп кездеседі, — деп Ақпанбет Әлішев бірнеше оқиғаның желісіне тоқталды.

Телебағдарламаның түсіру тобымен кездесуге келген ақтөбелік көрерменнің ішінде де баласының, бауырының, анасының суретін көрсетіп, «үйден шығып кетіп оралмағаны» туралы сұхбат беріп жатқандар көп болды. Солардың бірі Жаңылтай Акимова 1980 жылы туған баласы Азамат Куженовке іздеу салып жүр. Әйелінен ажырасып кеткеннен кейін анасына қайтып барған Азамат өткен жылы қаңтар айында үйінен шығып кетіп оралмаған. Анасының оны іздеп бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Құрылыс жұмыстарында тиіп-қашып істеп жүргенін білетін ол ұлының аралас-құралас болып жүрген ортасының жақсы емесінен сезіктенгенімен, қолы аузына жеткен жігіттің өміріне кірісе беруге шамасы жетпеді. Әрі төрт ұлдың әкесі 1990 жылы қайтыс болғаннан кейін, Жаңылтай Акимова ұлдарды жалғыз өзі тістелеп жүріп жетілдірдім дегенде Азаматтан кейінгі екінші баласынан айрылып қалды. Күйеуінің соңынан «түйелі ауылға» кеткен ұлының қазасына қайғырып жүрген ана жүрегі үшін Азаматтың жоғалғаны жығылғанға жұдырық болды. Бір ұлынан өлідей, бір ұлынан тірідей айырған тағдырға қарғыс айтқан ана ботасынан көз жазып қалған інгеннің күйін кешіп жүр.

— …Қанша уақыт өтсе де күте беремін. Балгерлерге құмалақ аштырып едім, көпшілігі басынан қатты соққы алып, бізді есіне түсіре алмай жүргенін, тірі екенін айтады. Мен бір күні табылатынына сенемін, — деп өксіген ананы қалай жұбатарымызды білмей үнсіз кеттік.

Табылуы — мүмкін. Мынау жалған дүниеде адамдардың жақсылығы барда үміттің сәулесі өшпейді. Әлі талай Азаматтарын іздеп жүрген аналардың үміті ақталады. Өзі жылатып, өзі жұбататын тағдыр — бұл…

Айгүл БАЙМЕНОВА.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

  1. Мен Едігеев Мұғал Хабидуллаұлы, атамның апасынан туған жиендерді іздеймін. Апамыз Едіге қызы Ақкүміс жобамен 1890 жылдары туылған болу керек, Атырау обылысында руы Байұлы, Ысық тайпасынан. 1966 жылдары атам Едіге ұлы Өтегенмен ағасы Қалматай екеуі апаларыңа қыдырып барған, сол кезде Атырау обылысының бір ауылында тұрған, паромнан өтіп бардық деген әңгімеден басқа ешқандай ақпарат қалмаған.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button