Әлеумет

Ішер суымыз таза ма?

«Ауру — астан» дейміз. Ал сол астың көпшілігі сусыз дайындалмайды.

Тамақ ішпей бірнеше күн не апта жүруге болатын шығар, бірақ су ішпей жүру қиын. Минералдар мен микроэлементтерге толы судың адам өмірінде маңызы зор. Сондықтан да сапалы су ішкен өте пайдалы. Бірақ көп қабатты үйдің тұрғындары тұтынатын кәдімгі краннан ағып тұрған су қаншалықты таза? Себебі, краннан алған суды қайнатқан кезде шәйнекте қақ тұрып қалады. Сондай-ақ жарнамалары мықты құтыдағы сулардың «таза ауыз суы» екеніне кім кепіл? Өйткені бөтелкедегі сулардың бізге жеткенше дүкенде қанша уақыт тұрарын кім білсін?

Осындай сауалдарға жауап іздеп, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы Жайдар Құрмановпен сұхбаттастық.

 

— Облыс тұрғындарының көпшілігі ауыз суды қайдан алып ішіп отыр? Қаншалықты таза?

—    Қазіргі таңда облыс тұрғындарының 87,4 пайызы орталықтандырылған су құбыры жүйесімен қамтылған. Қалған 12,3 пайызы орталықтандырылмаған жүйеден, яғни, құдықтан су ішіп отыр. Тек 0,3 пайызы ғана ауыз суды тасып ішеді. Сумен қамтамасыз ету нысандары суды жер асты белдеулерінен алады. Осыған қарамастан орталықтандырылған су жүйелерінің көздері микробиологиялық ластанудан толықтай қорғалған. Бұған жыл сайын жүргізіліп отырған зертханалық талдаулар нәтижесі дәлел бола алады. Су жүйелеріне жүргізілген микробиологиялық көрсеткіштер бойынша сәйкес емес су сынамалары өткен жылғы деңгейде тұр, яғни, 0,9 пайыз. Санитарлық-химиялық көрсеткіштердің сәйкес емес сынамасы — 3,1 пайызға тең. Бұл сынамада судың мөлдірлігі, түсі, нитраттар, темір және хлоридтер санының артуы сыналады. Қандай да болмасын су жүйесінен алынған судың құрамында фтордың аздығы байқалатыны рас.

—    Микробиологиялық, санитарлық-химиялық көрсеткіштері деген қандай көрсеткіштер? Түсіндіресіз бе?

—    Микробиологиялық көрсеткіштер бойынша ауыз суда патогенді микроағзалар болмауы керек. Ауыз судың микроағзалармен ластануы су арқылы таралатын түрлі инфекциялық жұқпалы ауруларды тудыруы мүмкін. Сондықтан да суға жүргізілетін бақылаудың маңыздылығы алғашқы орында. Санитарлық-химиялық құрамы бойынша ауыз суда түрлі қосылыстар концентрациясының болуы шарт. Су сапасына баға берген кезде оның табиғаты ғана емес, оның химиялық жағдайы, сутектік көрсеткіші, жалпы тұтқырлығы, құрамындағы темір, фтор, нитраттар тобы, құрғақ қалдық және басқа да жағдайлары ескерілуі керек.

—    Ал иесіз құдықтар суының сапасын кім тексереді? Тексеру қалай жүргізіледі?

—    Біздің санитарлық қызмет тарапынан 138 иесіз қоғамдық құдықтың су сапасына жыл сайын санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізіледі. Осы жылдың 7 айы бойынша орталықтандырылмаған су жүйелерінен алынған микробиологиялық көрсеткіштер бойынша гигиеналық нормативтерге сәйкес емес су сынамалары — 3,1 пайыз, сәйкес емес санитарлық-химиялық көрсеткіштері 1,5 пайыз болыпты.

—    Ақтөбе қаласын жоғары Қарғалы, Електің оң жақ және сол жақ жағалауы, Тамды және Құндақтықыр секілді бес жер асты су жинау жүйесі сумен қамтамасыз етеді. Осындай қоймалардан су тарататын нысандарды тексеру барысында кандай кемшіліктер анықталды?

—    Сумен қамтамасыз ету нысандарына жоспарлы түрде жүргізілген тексеру жұмыстары барысында су көздеріндегі санитарлық қорғаныс аймақтарының сақталмауы, су жинау мұнараларының қанағаттанарлықсыз санитарлық жағдайы, жұмысшылардың уақытылы медициналық тексерістерден өтпеуі және су жүйесі ғимараттарындағы қажетсіз тұрмыстық қалдықтар алаңының болмауы тәрізді заң бұзушылықтар анықталған. Тұрғындарды сапасыз ауыз сумен қамтамасыз ету фактілеріне байланысты санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалмауы негізінде облыс бойынша су шаруашылығымен айналысушы нысандарға 47 санитарлық ұйғарым беріліп, жалпы сомасы 543 030 теңге болатын 87 айыппұл салынған.

—    Жұмыс орнымызға немесе үйімізге дейін әкеп беретін бес литрлік құтыдағы сулардың тазалығына сене аламыз ба? Себебі, суға толы құтыны босаған құтыға алмастырады. Ол құтыны қалай тазалайды, әлде тазаламай ма? Бос ыдысқа су қандай санитарлық жағдайда құйылады? Сіздер осындай орындарды тексердіңіздер ме?

—    «Тассай», «Хрустальная», «Вита» секілді бөтелкелердегі ауыз сулар Қазақстан Республикасы Үкіметінің осы жылдың 18 қаңтардағы №104 Қаулысымен бекітілген «Су көздеріне, шаруашылық-ауыз су мақсаты үшін су жинау орындарына, шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға, суды мәдени-тұрмыстық пайдалану орындарына және су нысандарының қауіпсіздігіне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық ережелерінің талаптарына сәйкес болуы керек. Санитарлық қызмет тарапынан бөтелкелердегі ауыз суларды өндірушілер — «Idea invest group», «Жаңа су», «Сага Омега» секілді серіктестіктерге бақылау жүргізілуде. Осы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша бөтелкелердегі ауыз суларға жүргізілген санитарлық-химиялық және микробиологиялық зерттеу нәтижелері бойынша санитарлық талаптарға сәйкес келмегендері тіркелмеген. Ауыз суларды бөтелкелерге құю процесі кезінде микробиологиялық ластанулар болмайды.

—    Краннан алынған суды қайнатып, сүтсіз шай ішкенде, кеседе неге қара із қалады? Ал ауылдан әкелінген суды қайнатып шай ішкенде, кесе таза болады. Сонда ол із — ненің белгісі? Кеседе қара із қалдыратын суда қандай элемент көп?

—    Шай ішкеннен соң кесе жиегінде қалатын қара даққа шай сапасы, ауыз судың тұтқырлығы, құрамында темірдің болуы немесе су тарату жүйелерінің ішкі жағдайлары да себеп болады. Су сапасы туралы нақты мәлімет алғыңыз келген жағдайда, Ақтөбе қаласы, Сәңкібай батыр даңғылы, 1-үйде орналасқан мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Ақтөбе қаласы бойынша басқармасына жазбаша түрде өтініш білдіріңіз. Қалалық мамандар тұрғын үйдің ауыз суынан санитарлық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштерге сынама алып, зерттеу жүргізеді.

—    Департамент тарапынан ауыз су тазалығына қатысты тағы басқа қандай шаралар жүргізіледі?

—    Қала өсіп, жаңадан су құбырлары да тартылып жатыр. Санитарлық қызметтің бақылауында осыдан екі жыл бұрын 113 су құбыры болса, қазір 122 су құбыры бар. Оның ішінде,16-сы — қалалық, 103-і — ауылдық және 3-уі — топтық су құбырлары. Санитарлық-эпидемиологиялық зерттеулер барысында сумен қамтамасыз ету нысандары бойынша санитарлық қорғаныс аймағының сақталмауы, сорғылау бекетінің қанағаттанарлықсыз жағдайы, жұмыс істеуге рұқсаты жоқ жүкті келіншектердің кездесуі, гигиеналық талаптарға бақылау нүктелерінен алынған су сынамасының сәйкес келмеуі тәрізді заң бұзушылықтар анықталған.

—    Ақтөбеліктердің біразы бұлақ суын тасып ішетінін білеміз. Бұлақ суы қаншалықты таза?

—    Бұлақ суын ауыз су ретінде қолдану микробиологиялық және органолептикалық жағынан өте қолайлы. Яғни, бұлақ суы мөлдір, әрі дәмі де ерекше болады. Дегенмен бұлақ суының сапасын нақты дәлелдеу мақсатында Үкіметтің биылғы 18 қаңтарда бекіткен санитарлық ережелерінің талаптарына сәйкестігін анықтау мақсатында санитарлық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштерге зертханалық тексеру жүргізген дұрыс.

 

 

Сауалнама

 

  1. 1.      Қандай су ішіп жүрсіз? Кран суы ма, бұлақтың суын тасып ішесіз бе, әлде құтыдағы суларды тұтынасыз ба? Таратып айтыңыз.
  2. 2.      Үйіңізде қандай да болсын су тазарту құрылғысы бар ма?     

 

Айнұр МЕДЕТОВА,

«Delta Bank» акционерлік қоғамы Ақтөбе филиалының бас маманы:

  1. Бұйырған суды қолданамын. Әрине, таза су ішкен жақсы ғой. Бірақ үнемі сапалы су ішуге жағдай бола бермейді. Алайда қала суының таза емес екенін ескерген әке-шешем ауылдан қалаға бос келмейді, бес литрлік бөтелкелерге ауыл құдығының суын толтырып алып, тасып жүргендері. Ауылға қатынас болмай қалған кездері дүкендегі үлкен ыдыстардағы таза суларды сатып алып ішемін.
  2. Бірде су тазартатын құрылғы қондыратын компанияда жасайтын таныстарым маған ішіп жүрген суымыздың лас екенін көрсетіп, өздерінің құрылғыларын жарнамалады. Мақтауын жеткізіп айтқанмен, ол құрылғыны қондыруға қалтам көтермеді. Анау-мынау емес, жарнамалаған құрылғыларын қондыру үшін 1600 АҚШ долларын сұрайды. Тіпті, несиеге де қондырып беретіндерін айтты. Күнделікті ас-суға пайдаланып жүрген суымыздың сапасыз екенін көргенде, шынымен де ойланады екенсің. Сапалы су ішіп, денсаулықты күткенге не жетсін?

 

Болат АТЫРАУБАЕВ,

суретші-зергер, «Руханият» музейінің директоры:

  1. Жұмыста салқын-мұздай су беретін аква-буфет аппараты тұр. Оған бөтелкедегі «Сужан» суын сатып алып, орнатамыз.
  2. Үйдегі кранға ешқандай да су сүзгісін қондырған жоқпын. Басқа да құрылғылар алмадым. Оның орнына мен суды қайнатып, оны ыдысқа құйып, ішіне күміс зат салып қоямын. Өйткені қазақ тарихынан білеміз ғой, ата-бабаларымыз күміс ыдыстар тұтынған, күміс қасықпен ас ішкен. Әрі осындай ыдыста тұрған ас құнарлы әрі таза болады деп есептеген. Сосын мен де көне күмісті отқа қыздырып, жуып, тазартып, суға салып қоятын болдым. Біраздан бері осындай су ішіп жүрмін.

 

Жаңагүл ЖҮРСІН,

«Азаттық» радиосының журналисі:

  1. Жолдасым кеден бекетіне катынап жүргенде бұлақтың суын әкелетін. Соны ішетінбіз. Аңғарғаным, бұлақтың суынан шай қайнатқанда шәйнекте қақ тұрмайтын. Қазір қызымыз да, өзіміз де дүкендегі 5 литрлік «Тассай» суын сатып алып, ішіп жүрміз.
  2. Үйдегі кранға су тазартатын фильтр қоямыз деп жақында айттық, бірақ сол шаруа  аяқсыз калды. Былтыр пойызбен Астанаға бара жатқанда Ақтөбенің стоматолог бір қызымен бірге барғанмын. Сол қыздың әңгімесінен соң крандағы судан татып алмайтын болдым. Стоматологтың айтуынша, қазір сапасыз судың кесірінен адамдардың көбінің тісі шіріп, тіссіз қалуда. Үйге кіріп тұрған судың сапасын өзің де көріп жүрсің ғой. Бұлақтың суына сеніп, осы кезге дейін үйдегі су құбырына фильтр қоймай жүргеніме өкінемін.

 

Сұхбаттасып, сауалнама жүргізген Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button