Әлеумет

Кәсіподақтар кеңесінің бір күні

Еңбекші халықтың мүддесін қорғайтын кәсіподақ қай кезде де сол ортаның тыныс-тіршілігін жақынырақ білуі тиіс. Әйтпесе, өз міндетін толық атқара алмауы әбден мүмкін. Осыны түсінген Ақтөбе облыстық кәсіподақтары кеңесінің басшылығы жұмыстың жаңа формасына көшіп, былтырдан бастап, елге шығып, жергілікті жерлерде кәсіподақтар облыстық кеңесінің күнін өткізіп жүр. Бұған дейін Хромтау, Мәртөк, Қарғалы, Мұғалжар аудандарында болды. Өткен аптада облыстық кәсіподақтар кеңесінің көшпелі күні Алға ауданында өтті.

 

Зиярат ету

 

Күн  Есет батыр мемориалдық кешеніне барудан басталды. Онда облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Түрікпенбай Айжарықов бастаған кәсіподақ белсенділерін Алға ауданының әкімі Айбек Сағиев және орынбасары Нұрхан Ағниязов, басқа да қызметкерлер күтіп алды.

Бестамақ ауылындағы Есет Көкіұлының кесенесі — халық көп жиналатын киелі орын. Мұнда ел ағалары мен өңірге қонақ болып келген атқамінерлер, тіпті туристер көп аялдайды. Зиярат етушілердің көп болуының тағы бір себебі, Есет Көкіұлы батыр әрі әулие болған. Мұнда келген халық дертіне дауа, жанына шипа іздейді, ата-баба рухына Құран бағыштайды, тілек тілейді.

Кәсіподақ қызметкерлері де сөйтті: Құран бағыштап, тілек тіледі. Кесене шырақшысының ел тарихы, Есет батыр жайында айтқан әңгімелерін тыңдады. 

 

Кәсіподақ ұйымы жоқ «Аққұс»

 

Қонақтар одан соң ат басын Бестамақтағы «Аққұс» құс фабрикасына бұрды.

«Аққұс» ЖШС-ның атқарушы директоры Геннадий Котов қонақтарға кешен ішін аралатып көрсетіп, тыныс-тіршілігін баяндады. Оның айтуынша, қазір фабрикада 150 жұмысшы еңбек етіп жүр. Олардың орташа айлық жалақысы — 45 мың теңге. Қалалық жерде құс еті сұранысқа ие болғандықтан, өндірісті алдағы уақытта да мемлекеттен берілетін субсидияның көмегімен кеңейту де жоспарда бар екен. Алайда Ақтөбедегі ірі кәсіпорындардың бірі саналатын «Көктас-Ақтөбе» акционерлік қоғамына қарасты «Аққұс» фабрикасында ұжымдық еңбек келісімшарты жасалмаған болып шықты. Мұндай келісімшарт жоқ жерде, кәсіподақ қайдан болсын? Облыс орталығынан келген кәсіподақ белсенділері кәсіподақ ұйымының қажеттілігін түсіндірді. Ал Геннадий Котов алдағы уақытта кәсіподақ ұйымының ашылатынын не ашылмайтынын анық айта алмады. Себебі, бәрін жоғарыдағылар шешетінін айтып, өзінің атқарушы директор екенін тілге тиек етті.

 

Шипажайда бастауыш ұйым құрылмапты

 

Облыстағы айтулы сауықтыру орталықтарының бірі — «Шипагер» профилакторийі.

Дәрігер-терапевт Базаргүл Мангетаеваның айтуынша, шипажай, әсіресе, буын ауруларына ерекше пайдалы. Мұнда емдік шараларға тұзды шахта, парафин, балшық қолданылады. Балшығы Алғаға жақын маңдағы Еркінкүш елді мекенінен әкелінеді екен. Еркінкүштің тұзды суы мен балшығының шипалы екенін тұзға түсушілер ауыздарынан тастамай әңгімелейді.

Біз барғанда алғалық Мұхамбет Еспағамбетов балшыққа оранып жатыр екен. «Үлкендер аяқтан өткен сыз жаман дейтін еді, қазір аяқ сырқырап ауырады. Осы балшық әжептәуір көмектеседі», — дейді М.Еспағамбетов.

«Шипагерге» келушілердің бірі — көп балалы ана Қанзиба Молдашева. Ол:

— Бестамақтан келдім. Үлкейгендіктен шығар, қазір аяқ ауырады. Жақсыны алыстан іздемей, осы жақын жердегі «Шипагерге» келдім. Курс — 10 күн. Мұндағы дәрігерлер, медбикелер бәрі жақсы қарайды, — дейді.

Емделушілердің бәріне де жақсы жағдай туғызып отырған шипажай қызметкерлерінің құқығы мен мүддесін кім қорғайды? Әзірге белгісіз. Себебі мұнда да кәсіподақтың бастауыш ұйымы құрылмапты.

 

430 мүшесі бар ұйым

 

Алға аудандық ауруханасының ғимараты 1975 жылы салынған екен. Аурухананың тыныс-тіршілігі туралы аурухананың бас дәрігері Сағынғали Тәженов кеңінен әңгімеледі. 

— Қазіргі таңда біздің 90 кереуеттік аудандық ауруханада 50 медицина қызметкері жұмыс істейді. Оған қоса аудандағы 8 дәрігерлік амбулатория, 21 медициналық және 1 фельдшерлік амбулаторлық пункттерде 15 дәрігер мен медбике қызмет көрсетіп жүр. Биыл бір жас хирургты жұмысқа алып жатырмыз. Жас мамандарға әкімдік көмектеседі, қызметтік үймен қамтамасыз етеді. Оған қоса 100 мың теңге көтермеақы береді, — дейді С.Тәженов.

Ауруханадағы кәсіподақ ұйымының төрайымы Ұлжан Жүндібаеваның айтуынша, қазір бұл жерде 430 мүше бар. Төрайым 2008 жылы «Ауылдық жердегі үздік кәсіподақ ұйымы» атағын жеңіп алғандарын, биыл тағы жасалған жұмыстардың нәтижесін көрсету мақсатында «Ең үздік кәсіподақ ұйымы» байқауына қатысу да жоспарда барын айтты.

 

КОмитет қамқорлығындағы 3 түлек

 

Облыстық Алға балалар үйінің басшысы Кенжеғазы Байғазин әдеттегідей қонақтарға оқу корпусын аралатып, көрсетті. Кез келген мекемеге кәсіподақ ұйымының қажеттілігін әңгімелеп, Алға балалар үйіне Білім беру және ғылым қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің үнемі көмектесіп тұратынын айтты.

Оның сөзін құптаған білім беру және ғылым қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрайымы Раушан Серікова:

— Алға балалар үйін назардан тыс қалдырмаймыз. Мысалы, осы жерден бітірген үш түлек Амангүл Нұрмұхамбетова, Әйгерім Мүсірәлі, Мәдина Исламғалиева қазір Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында оқиды. Оларды қамқорлығымызға алып, оқу ақысын төлеп жатырмыз. Олар — болашақ тарихшы, психолог, бастауыш сынып мұғалімі. Биыл біреуі 4-курсқа көшті. Ол бітіргесін, тағы бір баланың оқу ақысын төлеуді міндетімізге алмақпыз, — дейді.

 

2225 қызметкер — кәсіподақ мүшелері

 

 «Нұр талап» Алға балалар мен жасөспірімдер шығармашылығын дамыту орталығы 2007 жылы бұрынғы аудандық ішкі істер бөлімінің ғимаратына көшкен.

Орталық директоры Рита Ерқосымованың айтуынша, бұл жерде 500-дей оқушы шығармашылықтарын шыңдайды. 19 үйірме бар, 19 мұғалім  жұмыс жасайды.

Сондай-ақ ол аудандық кәсіподақ ұйымын да басқарады екен. Төрайымның айтуынша, қазір аудан бойынша білім беру мекемелерінің 2225 қызметкері — кәсіподақ мүшелері.

Қонақтар одан соң балабақшаларға бет бұрды. Алға қаласындағы №2 «Айгөлек» балабақшасы негізі 75 орынға арналған. Бірақ бұл жерде қазір 107 бала асыр салып ойнап жүр. Мұны бізге балабақша меңгерушісі Гүлнәр Нүбетова айтты.

Аудан орталығындағы №3 «Гүлдер» балабақшасының меңгерушісі Гүлзипа Қожинаның айтуынша, мұнда сауықтыру және түзету топтарына 60 бала барып жүр. Сауықтыру тобына негізінен туберкулезбен ауыратын немесе отбасында біреу ауыратын бүлдіршіндер барса, ал түзету тобына тілінің мүкісі бар бүлдіршіндер облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру орталығының жолдамасы арқылы қабылданады екен.

Елімізде балаларды оңалту орталықтары санаулы. Солардың бірі — Алға қаласында орналасқан Ақтөбе облыстық балаларды оңалту (арнаулы) орталығы.

Әуелгіде жоспарлы жұмыс орындары қажеттілігінен ашылған мекеме халық тарапынан зор қолдауға ие болып, әсіресе, балалардың денсаулығын түзетуде тиімділігін көрсетіп отыр. Орталық директоры Эльмира Аймағамбетова 1 жастан 15 жасқа дейінгі жолдама алған 30 баланың алғашқылары келіп жатқанын айтты.

Заманауи жабдықтарымыз бар. Қолдан келген көмекті аямаймыз. Бізде қазір 72 адам жұмыс істейді. Олардың бәрі де — кәсіподаққа мүше, — дейді орталық директоры.

 

Ірі қара классикалық музыка тыңдайды

 

Мал шаруашылығымен айналысатын «АкТеп» ЖШС-ның атқарушы директоры Анатолий Сидоренко қонақтарға кешен ішін аралатып, тыныс-тіршіліктерін баяндады. 

— Қазір малдың қысқы азығын дайындап жатырмыз. Жемшөптің жартысын өзіміз жинасақ, жартысын сатып алдық. Малды тірілей мал базарына апарып, тапсырамыз. Сатып алушылар сол жерден алады. Бір мал шамамен 450 келі тартады. Алдағы уақытта 1800 ангус тұқымды ірі қара әкелінеді. Қазір бұл жерде механизаторлар мен малшыларды қосқанда 22 адам жұмыс істейді. Олар үш мезгіл тамақтанады. Осы жерде жатақхана бар, сонда түнейді, — дейді Анатолий Сидоренко.  Бірақ, ол серіктестік жұмысшыларының кәсіподаққа қашан мүше болатынын айта алмады.

Кешен ішін аралағынымызда ірі қаралардың классикалық әуенді тыңдап қойып, жем жеп жатқанын көргенбіз. Бас зоотехник Дүйсенғали Жұманиязовтың айтуынша, мұндай жағымды әуен малдың қоректеніп жатқан кезінде қосылады. Сонда ішкен-жегені бойына сіңімді болатыны ғылыми дәлелденген, әрі бұл біраз жерлерде тәжірибеде қолданылып жүр екен.

 

Жиын және марапат

 

Осы шаралардан соң аудандық Мәдениет үйінде кәсіподақ белсенділерінің қатысуымен жиын өтті.

Әуелі аудан әкімі Айбек Сағиев жиналғандарға өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын таныстырды.

— Біздің Алға ауданы — облыстың және еліміздің дамуына айтарлықтай үлес қосып отырған аудандардың бірі. Ауданымызда мемлекеттік бағдарламалар ойдағыдай жүзеге асырылуда. Мысалы, үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Ақтөбе облысының өңірлік үйлестіруші кеңесінің шешімімен «АкТеп» серіктестігі 3 мың басқа арналған бордақылау кешенінің құрылысы жобасы бекітілді. Қуаттылығы жылына 1500 тонна ет кешенінің құрылысы биыл аяқталып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ «Айбек» селолық өндірістік кооперативінде жыл басынан 9 миллион теңгеге 32,4 тонна ет өндірілді. Бұдан басқа да өз ісін тыңғылықты жүргізіп отырған шаруашылықтар көп.

Биыл газдандыру бағдарламасының аясында 5 ауылға, яғни, Қайыңдысай, Маржанбұлақ, Қарақұдық, Шибаевка, Қарабұлаққа 64 миллион 900 мың теңге бөлініп, жобалық-cметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Маржанбұлақ, Қарақұдық, Шибаевка, Қарабұлақ ауылдарында құрылыс-монтаж жұмыстары басталып, мердігерге келісімшарт бойынша бөлінген қаржының 30 пайызы құрал-жабдық сатып алуға аударылды, — деді аудан әкімі.

Одан соң денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының облыстық филиалының бас маманы Сәуле Оспанова, білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетінің төрайымы Раушан Серікова, ауыл шаруашылығы және өңдеу кәсіпорындары кәсіподағы облыстық комитетінің төрағасы Бердіғали Айтпембетов, мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрағасы Амантай Бимұратов сөйлеп, өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен міндеттерді  ортаға салды. Ақтөбе облыстық кәсіподақтары кеңесінің төрағасы Түрікпенбай Айжарықов жұмыс беруші, ірі кәсіпорындар күшті кәсіподақпен ғана санасатынын айта келе, кәсіподақ ұйымдарының іс-қимылы, жұмыс берушіге қоятын талабы заңды болуға тиіс екендігін айтты.

— Әсіресе, барлық жерде кәсіподақтардың қатысуымен ұжымдық шарт жасалуы қажет. Қандай да болмасын еңбек дауларын болдырмау кәсіподақ араласқанда ғана нәтиже береді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі әңгімеміздің арқауы болып отырған «Қа­зақ­станның әлеуметтік жаңғыр­тылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында кәсіподаққа ерекше назар аударды. Елбасы өз мақаласында «ҚР Үкіметі 2012 жыл­дың аяғына дейін кәсіптік одақ­тар туралы заңнаманы кешенді талдаудан өткізсін және оны өзгерту жөніндегі заң жобасын жасасын» деп қадап тапсырды. Мұның өзі алдымызда ауқымды міндеттер тұрғанын көрсетеді. Жыл сайын облыстық кәсіподақтар кеңесі «Үздік кәсіподақ ұйымы» және  «Жылдың үздік ұжымдық келісімшарты» байқауын өткізеді. Оған да қатысуға шақырамыз, — деді Т.Айжарықов. Сосын Алға ауданы ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы Қайрат Қазмағамбетовке ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісін тапсырды. Сондай-ақ аудандағы кәсіподақ белсенділеріне Құрмет грамотасын, ал жаңа мүшелерге мерейтойлық кәсіподақ билеттерін табыстады.

Бұл күні облыстық кәсіподақтары кеңесінің құқықтық мәселелер бойынша бас маманы Селбай Қожықов еңбек заңдылықтары мәселелері бойынша азаматтарға қабылдау жүргізді.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button