Әлеумет

Диқаннан бағбанға дейін

Көп жылдар бойы егіншілікпен айналысқан Басшилі ауылының тұрғыны  Көпен Жұбаниязов соңғы жылдары құрғақшылықтан шаруасы түзелмей, егіншілікті біржола доғаруды ойлады. Бірақ екі қолға бір жұмыстың керегі анық. Соны ойлаған диқан тапқан-таянғанын көкөніс егетін жылыжай салуға бел буды. Қазір ауылдан жап-жақсы көкөніс жылыжайын ашып қойды. Бұрын қолға алмаған кәсіпті дөңгелетіп алып кету үшін еңбекқорлық қажет.

Мен  көп жылдардан бері егін шаруашылығымен айналысып келдім. 2004 жылдан бастап ауа райының қолайсыздығынан егіннен ойлағандай өнім ала алмай, тіпті артығы былай тұрсын, қоймаларымызға тұқымдық дән де құя алмай қалдық. Шынын айту керек, еңбегіңді еш еткен тірліктен тіпті жалығып кеттім.

Қазіргі таңда елімізде түрлі әлеуметтік әріптестік бағдарламалардың тұсауы кесіліп, халықпен жұмыс жасап жатыр. Бағдарламалар кәсіпен айналысуға бел буған азаматтарға несие беріп, көмек көрсетуде. Мәселен, біздің ауылдың азаматы Қалдыбай «Арай» әлеуметтік әріптестік бағдарламасынан несие алып, кәсібін дөңгелетіп әкетті, — дейді Көпен Жұбаниязов.

Ол ауылдасы Қалдыбайдың ісінен үлгі алып, сондай бір шаруа жасау керектігін көп ойланды. Содан бір күні несие беретін әртүрлі бағдарламалардың мазмұнымен танысып, жеке кәсіп ашуға бел байлады. Шешінген судан тайынбас. Бір күні отбасымен ақылдаса отырып, жылыжай ашу туралы идеясына қолдау табады, бала-шағасымен бірге жобасын талқылайды. Сосын осы іске отбасымен сыбана кірісіп кетеді. Әрине, қиындықсыз ешнәрсе шешілмейді. Барлық істің түпкі тамыры қаржыға келіп тірелетіні рас. Осы іске 300 мың теңгеге жуық қаражат тауып, ауылдың шаруашылықтан хабары бар дәнекерлеуші, тракторшы жұмысшыларын жұмылдырып іске кіріседі.

Алдымен жер қазады, оған көң, қара топырақ төгіп, көкөністі суаратын пластик тұрбалар қондырады.

— Биыл «Арай» әлеуметтік бағдарламасына жобамды тапсырдым. Өкінішке орай, грантқа ілігуге мүмкіндік болмады. Енді жақында ғана «Даму» қоры туралы естіп, өзімнің жобамды тапсырдым, жеке кәсіпкер ретінде қаражат алсам деймін. Қалайда осы жобадан несие алуға тырысамын. «Даму» қоры несие бермеген жағдайда «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы алуға тырысып бағамын. Бұл тіпті, нұр үстіне нұр болар еді. Қаржы тауып жатсам, Орынбор қаласынан жылыжайға арналған терезе сатып әкеліп, жарық, жылу жүйелерін қондырғым келеді. Ондай терезелер болса, қыс айларында да жылыжайымда көкөніс өнім беретін болады.

Қазір жылыжайға арнап 1000 шаршы метрді қоршап қойдым. Оның 140 шаршы метрін пайданаланып отырмын. Жоғарыда айтқандай, несие бұйырып жатса, барлық ауламды жылыжайға арнағым келеді. Қияр, қызанақ қана емес, тәтті бұрыш, баклажан, орамжапырақ, жеміс-жидек өсіруге деген ниет те жоқ емес. Кәсібімізді кеңейтіп жатсақ, қатарға жұмысшылар да алар едік, — дейді бағбан.

Қазір жылыжайда қияр мен қызанақ жақсы шығып жатыр. Күн сайын 2 қапшық қияр алады. Содан соң көрші көлемге арзан бағамен сатады. Арзан баға демекші, Қандығаш қаласында қиярды 80 теңгеден сатып жатса, ол келісін 60 теңгеден береді. Қиярдың қытайлық және ресейлік тұқымын өсірген. Алдағы жоспарда голландиялық сортын егуді жоспарлап қойыпты.

Ш.Асқарұлы,

Мұғалжар ауданы.

Төмен пайыздың төлдері

 

Ауданымыздың шаруа қожалықтары «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мал басын көбейтуде. Былтыр аудан бойынша 8 шаруа қожалығы бағдарлама арқылы несие алса, Жұрын ауылдық округіндегі «Балман» және «Әуез» шаруа қожалықтары да жұмысын жандандырып отыр. Мәселен, «Балман» шаруа қожалығының басшысы Күләш Балимова бағдарламаның үлкен қолдау екенін айтады.

Ауылда алғашқылардың бірі болып 5 миллион 600 мың теңге несиеге төменгі пайызбен қол жеткіздім.  Бұл қаржыға 35 қашар, 2 бұқа сатып алдым. Қазір малды Жұрыннан жиырма шақырым жердегі ауылда бағып отырмыз, — дейді Күләш.

Тоқырау жылдары тоз-тозы шыққан ауылды тастамай, мал баққан Күләш қазір бейнетінің зейнетін көріп отыр. Шаруашылығы ірі болмаса да, қазір қожалықта  3 жұмысшы еңбек етеді. Олар уақытында еңбекақысын алады.  Шаруашылыққа қажетті техникалар да жеткілікті.

Жалпы шаруасын дөңгелентіп, қорасын малға толытырып отырған бұндай қожалықтар  Жұрын ауылдық округінде жыл сайын көбейіп келеді. Мәселен,  «Әуез» шаруа қожалығының басшысы Амантай Әпсаттаров «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 1 миллион теңге көлемінде несие алып, асыл тұқымды мал басын көбейтуде. Яғни аталған қаржыға 1  бұқа, 4 сиыр сатып алыпты. Сөйтіп, іске кірісті. Қазір шаруашылықта 50 сиыр, 80  қой мен  жылқы бар.

Бұл несиенің бір артықшылығы — пайызы төмен. Оның үстіне қожалықтың жағдайына қарай өтеу мерзімі ұзартылып отыр. Бұл шаруасын енді түзетіп келе жатқан біздер үшін үлкен көмек болып отыр, — дейді Амантай Әпсаттаров.

Қазір қожалықтар қысқы мал азығын дайындау жұмыстарына қызу кірісіп жатыр.

Бірқатары жемшөпті дайындап қойды.

Жандос АЙТЖАН,

Мұғалжар ауданы.

 

Құрманбек — сегіз қырлы жігіт

 

Тәуелсіздігімізбен бірге келген тәубәлі істеріміздің бірі — шетелдегі қандастарымыздың елге оралуы десек, бұл күнде қаншама бауырларымыз тарихи Отанына оралып, жап-жақсы тірлік кешіп жатыр.

Көпшілік Бек деп атап кеткен Құрманбек Жұмажанұлын  бұл күнде аудан орталығының тұрғындары жақсы таниды. Қарапайым ғана жігіт ағасын мұндай дәрежеге жеткізген — әрине, еңбегі.

Қытай Халық Республикасы Шыңжан-Ұйғыр автономиясы Алтай аймағында дүниеге келген Құрманбек Жұмажанұлы 2005 жылы Ақтөбе қаласына келіп жұмыс жасап, екі жылдан соң отбасын көшіріп әкеледі.  Негізгі мамандығы — автокөлік жүргізушісі. Құрманбек осы жылдар аралығында көшпелі мұнай компанияларында автокөлік жүргізушісі бола жүріп аудармашылық қызметті де қосып атқарады. Жастайынан жат жұртта өскен еңбекқор, елгезек Құрманбектің қытай және ұйғыр тілдерін  жетік меңгергені пайдасына жарай кетеді.

Облыстық Көші-қон департаментінің қолдауымен Құрманбек отбасын алып Ырғызға 2008 жылы қоныс аударады. Осында жеңілдікпен берілетін коммуналдық үйге қолы жетті. Қазір түрлі кәсіптің тұтқасын ұстаған жігіт ағасы өз ісіне дән риза. Түрлі кәсіп демекші, нарық заманының талабын тез меңгерген Құрманбек алғашында жеңіл автокөлігімен облыс орталығы мен Ырғыздың арасына жолаушы тасиды. Кейіннен кәсібін кеңейтіп, аудан орталығынан дүкен ашып, «Атақоныс» атты шаруа қожалығын құрады. Әрине, мұның бәрі тек ерінбейтін, жалықпайтын еңбек адамының ғана қолынан келері сөзсіз. Мұны Құрманбектің өзі де жоққа шығармайды:

— Әрине, бейтаныс ортаға бейімделу оңай болмады. Жұртпен етене таныстыратын да, табыстыратын да еңбекқорлық қой. Ырғыз елі өзім және отбасым үшін  туып-өскен ортамыздай болып кетті. Ерекше ықыласпен қарсы алғандықтан болар, қазір Ырғыздан басқа жерге барғымыз келмейді. Мәселен, облыс орталығындағы түрлі мұнай компанияларынан әлі күнге дейін шақырту алып жатамын. Бірақ мұндағы тірлігім де ешкімнен кем емес, — дейді еңбектің адамы.

Еріншекке дос бола алмайтын Құрманбек дәнекерлеушілікті де меңгеріп алады. Аудан орталығындағы үйлерге орнатып жатқан сәнді қақпаларды дәнекерлеп беріп, әр аулаға шебер қолының таңбасын қалдырып жүргеніне қуанады.

— Басында қызығушылықпен басталған дәнекерлеу бойынша қызмет көрсету бұл күнде менің кәсібімнің ең негізгісіне айналды. Себебі, бұл қызметке сұраныс өте көп. Кәсіпқоймын деуге әлі ерте. Білімімді жетілдіру мақсатында биыл еліміз бойынша жүргізіліп жатқан «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы «Газ және электр дәнекерлеушісі» мамандығын тегін оқып алдым. Алдағы уақытта осы кәсіптің қыр-сырын жетік меңгерсем деген ойдамын, — дейді ол.

Өз ісінің шебері,  отбасының ұйтқысы Құрманбектің жолдасы Жеңіскүл де өнерден құралақан емес.  Жеңіскүлдің қолынан шыққан қыз жасауы, қолөнер бұйымдары, кестелі орамалдар да көпшілік арасында қызығушылық туғызуда. Қарапайым  еңбекпен еленген Құрманбек пен Жеңіскүл отбасында екі қыз бала тәрбиелеп отыр. Үлкені Бәтима 8-сыныптың табалдырығын аттаса, кішкентай Бижаннұр — 1 жаста.

Тынымсыз еңбек — жақсы тұрмыс кепілі. Құрманбек пен Жеңіскүл — кім-кімге де үлгі боларлық, өнеге тұтарлық еңбектің адамдары.

Т.БЕКЖАНҰЛЫ,

Ырғыз ауданы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button