Әлеумет

Үй қызметшіңіз заңдастырылған ба?

Өткен ғасырдың соңындағы өлара шақта ебін тауып екі асайтындар үшін бизнес пен кәсіпкерлік салаларында амбициясын іске асыруға ыңғайлы қызмет түрлері көбейді. Солардың бірі — клинингтік бизнес. Біздің санамызда жуып тазалау, сыпыру сияқты ұғымды беретін сөздің түбірі — «clean» ағылшын тілінен аударғанда тазалық дегенді білдіретінін ескерсек, қазір бұл термин қоғамда қызметтің атауы ретінде қолданылады.

 

Тұрмыстық қажеттіліктен туған кәсіп

Кеңес өкіметінің дәурені өткеннен кейінгі жиырма жылда нарықтық қатынастардың әсері елдің саяси-экономикалық хал-ахуалын ғана емес, адамдардың санасын, әлеуметтік-моральдық психологияны түбегейлі өзгертті. Жекеменшік деген ұғыммен бірге байлар, тұрмыс деңгейі орташа және кедей-кепшік деп бөліп қарайтын таптың өкілдері пайда болды. Зәулім сарайлар салған бай-бағыландар үйлерін жуып-жинайтын, баласын бағатын, тамағын әзірлейтін жұмысшылар жалдайтын болғалы бері біздің қоғамымызда «үй қызметшісі» деген жаңа жұмыс түрі қолданысқа енгізілді. Клинингтік қызметпен айналысатын агенттіктер үй қызметшісін іздегендер мен жұмыс іздегендер арасында делдал болып, екі жақтың сұранысын қанағаттандыруға тырысады. Бір жағынан қызметтің бұл түрі қазақ үшін жаңалық емес. Ертеде қазақтың байлары есігінің аузында жүрген кедей-кепшік, жарлы-жақыбайдың, малшы-сушы, құл-құтанның бәрінің отбасын «отымен кіріп, күлімен шығып» жүргені үшін материалдық тұрғыдан қамқорлауға міндетті саналған. Соның арқасында қазіргідей жұмыссыздар деген әлеуметтік топ өкілдері болмаған, ол қоғам жұмыссыздықпен күресу үшін ешқандай бағдарламаны қажетсінбегені анық. Сол ертедегі дәулеттілердің қазан-ошағының басы-қасындағы шаруаны атқарып, соның арқасында бала-шағасын асырап жүргендердің кәсібін қазіргі тілімізге аударсақ, «үй қызметшісі» болып шыға келеді. Бірақ «үй қызметшісі» деген өзі кәсіп пе?

Бұл туралы ел арасында да, билікте де әр қилы пікірлер айтылады. Мәселен, министр Гүлшара Әбдіхалықова «үй қызметкері» деген мамандықтың жоқтығын алға тартса, бұрынғы депутат Бақыт Сыздықова үш-төртеуден көп бала тәрбиелеп, үй шаруасымен айналысып отырған әйелдерге жалақы төлеу туралы пікір айтып, Еңбек кодексіне «үй қызметкері» деген мамандықты енгізуді ұсынды. Бірақ біріне-бірі қайшы келген екі пікірдің иелері өз үйлерінде, өз балаларын бағып отырған әйелдер туралы айтыпты. Ал біздің әңгімеміз біреудің жұмысын жасайтын, баласын бағатын жалдамалы қызметшілер туралы болмақ.

Қазір сан мыңдаған қыз-келіншектер үй қызметшісінің жұмысын тауып беретін клинингтік бизнес агенттіктерінің қызметіне жүгінеді. Дәулеттілер ғана емес, жұмысбасты болып қызметте жүрген адамдар да үй қызметшісінің көмегіне зәру. Соған қарағанда бұл тұрмыстық қажеттіліктен туған кәсіп болып отырған сыңайлы.

 

Кімнің үйінде қызметші бар?..

Әрине, бұл қатарды бизнесте жолы болған байшікештер бастап тұр. Жоғары лауазымды қызметкерлер, кәсіпкерлер мен жұмысынан уақытша болса да қол үзе алмайтын адамдар осы санаттың қатарына кіреді. Дәулетті адамдар атқаратын жұмыстарына қарай үй қызметкерлерін батыстық үлгі бойынша губернант, аспаз, бала күтуші, бағбан деген сияқты бірнеше топқа бөліп қарайды. Олардың сұранысын қанағаттандыратын жұмыс агенттіктері байлардың әйелдері үшін үй қызметшісін жалдау мәртебе саналып, бәсекеге айналып кеткенін айтады. Мәселен, үйінде қызметшісі болмаса, дәулеті өзгелердікінен кем көрініп тұрады.

Байлардың еркетотай келіншектерінің үй жинау, кір жуу, тамақ пісіру сияқты «тұрмыс тауқыметін» көтеруге ерінетіні тағы бар.

Тұрмыс деңгейі орташа жас отбасылар арасында да үй қызметшісін керек ететіндер болады. Көбінесе олар декреттік демалыста отырып, «қарайып қалуға» қорқатын, жұмыстан қол үзгісі келмейтін жас келіншектер. Әрі отбасын асырауға жалғыз өзінің шамасы жетпейтін отағасын қолдау үшін де әйелдер баланы күтушіге тастап, жұмысқа шығып кетеді.

Ал үй қызметшілігіне жалданатындар — жұмыссыздар, жоғары оқу орындарының студенттері, жасы қырықтан асқан әйелдер және жалақысы аз мұғалімдер. Олардың көбісі таныстарының көмегімен үй қожайындарын табады, енді біреулері хабарландырулар арқылы жұмысқа тұрады. Көбінесе үй қожайындары Қарақалпақстаннан жұмыс іздеп келетін гастарбайтерлердің арасынан жалдағанды жөн көреді. Олар 5-6 айға дейін елдеріне оралмай жұмыс берушінің үйінде тұрады, қожайынның айтқанын екі етпей орындауға тырысады, «отандық» үй қызметшісіне қарағанда азды-көпті жалақыға қанағат етеді, қожайынының тарапынан құқығы бұзылса да, әлімжеттік көрсе де ешкімге шағым айтпайды.

Біздің бебиситтердің жалақысы

Алғашқылардың бірі болып ағылшындар арнайы мамандық ретінде заңдастырған, Еуропа мен Америка «бебиситтер» деп атаған мамандықтың түрі біздіңше «үй қызметшісі» деп аталады. Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, әлемде бебиситтерлердің саны 100 миллион адамнан асады екен. Олардың негізгі үлесі — үштен екі бөлігі әйелдер болып табылады. Ал гастарбайтерлердің, жалдамалы жұмысшылардың жалпы санының 4-тен 12 пайызға дейінгі бөлігін үй қызметкерлері құрап отыр.

Егер, Алматыда педагогикалық білімі бар үй қызметшісі толық жұмыс күні үшін айына орташа есеппен 500 АҚШ долллары көлемінде жалақы алатын болса, Мәскеуде 1300-1700 АҚШ доллары мөлшерінде еңбекақы төленетін көрінеді. Ал Ақтөбеде үй қызметшісі 300-400 АҚШ долларының көлемінде айлық алады. Кейде одан да төмендеп кетуі, «тұрақты үй қызметшісі етіп жұмысқа аламын» деген қожайын үйін әбден жинатып алғаннан кейін азғантай ақша беріп қуып шығуы мүмкін. Бірақ бұл мәліметтердің бірде-бірін ресми дәлелдеу мүмкін емес. Себебі, бізде ешкім үй қызметшісін жалдап отырғаны жөнінде мәлімет таратып, салық органдарына арнайы тіркелмейді. Дегенмен бір ресми дерек табудан үміттеніп, ҚР Статистика агенттігінің сайты арқылы осы жылдың 1 тамызы күнгі көрсеткіш бойынша жарияланған «Қазақстан Республикасының өңірлері бойынша қызмет түрлеріне қарай тіркелген жеке кәсіпкерлер» деп аталған кестеге үңілдік. 19 қызмет түрін қамтыған кестенің «Үй қызметшісін жалдайтын және өзі тұтыну үшін тауарлар мен қызметтер өндіретін үй шаруашылықтары қызметі» деген бөлігінде Ақтөбе облысы бойынша 2 кәсіпкер ғана заңды тіркелгені көрсетілген. Ал Ақмола облысы бойынша — 114, Алматы облысында — 3 кәсіпкер, көршілес Атырауда — 10, Маңғыстауда 4 кәсіпкер ғана статистика агенттігінің ресми дерегінен табылды.

 

Құқықты қорғайтын құжат

Посткеңестік елдерде үй қызметшісінің құқығы қорғаулы деп айтуға болмайды. Ресми түрде еңбек шарты толтырылмаған соң еңбекақы туралы ауызша келісімге қанағат ететін үй қызметшілері көбінесе жалақысын толық ала алмай, қожайынның көңіл-күйіне байланысты тірлікке көндігуге тура келетінін ұғады. Кейде көңілі соқпаған қожайын қызметшінің еңбегіне қиянат жасап, үйінен қуып шығатын жағдайлар әсіресе жас қыздардың басында жиі кездеседі.

Әлемнің көп елдерінде үй қызметшісінің құқын қорғау мәселесіне қатысты заңға қайшы әрекеттер орын алғандықтан өткен жылдың маусымында Халықаралық еңбек ұйымы әзірге Филиппин мен Уругвай мойындап отырған үй қызметшісінің мүддесін қорғайтын 189-шы Конвенцияны қабылдады. Бұл саяси-әлеуметтік маңызға ие құжат екі немесе одан көп мемлекет ратификациялағаннан кейін күшіне енеді. Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы мен Халықаралық еңбек ұйымы әлем елдерін осы Конвенцияны ратификациялауға үгіттеп отыр.

Сарапшылардың бағалауынша, дүниежүзі елдерінің тәжірибесі үй қызметшісінің еңбегінің, моральдық құқығының тапталмауын, оларға қатысты заң актілерінің орындалуын мемлекеттік органдар тарапынан толық бақылаудың мүмкін еместігін көрсеткен. Соның салдарынан қара жұмысқа жегу, жалақысын дұрыс төлемеу, өміріне қауіп туғызатын жұмыстарға мәжбүрлеу сияқты үй қызметшісін құлға айналдыратын жағдайлар қоғамда орын алды.

Ал аталған құжат көбінесе әйелдер атқаратын жұмыс болып табылатын үй қызметшісінің басқа да мамандық түрлерімен тең дәрежедегі құқықтарға ие болуын қамтамасыз ететін көрінеді. Мәселен, үй қызметшісінің аптасына бір рет бір тәулік демалуына, жұмыстан қуылған жағдайда ең төменгі еңбекақы мөлшерінде қожайыннан жалақысын алуға, кәсіподақ мүшесі ретінде құқын қорғауға мүмкіндік туғызады.

 

Қазақстан қалай қарайды?

«Үй қызметшісі» деген кәсіппен айналысып, нәпақа тауып жүргендер қатары елдің әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалы артқан сайын көбейе береді. Ол өзінен өзі түсінікті жайт болып отыр. Сондықтан қоғамға емін-еркін еніп, санамызға сіңген бұл қызмет түрін біздің елімізде де заңдастыруға талпыныс бар. Заңдастыру мәселесі көрші Ресейдің Думасында да үлкен пікір-талас туғызды. Ал Еуропа елдерінде, Америка құрама штаттарында бұл мәселеге деген көзқарас баяғыда бір ізге түсіп, мемлекеттік деңгейде шешіліп қойған.

Үй қызметшісінің жұмысын заңдастыру мемлекет үшін өте тиімді. Алдымен, жұмыссыздар қатары азаяды, үй қызметшісін тауып беретін клинингтік бизнеспен айналысушылар салық төлеуші ретінде тіркеліп, мемлекет қазынасы — бюджетке салық түсіреді. Үй қожайыны қызметшісінің зейнетақы қорына ай сайын міндетті төлемін аударып отырады және нарықта үй қызметшілерін даярлайтын курстар ашылып, жаңа жұмыс орындары пайда болады. Осыдан кейін алаяқтардан сақтанатын бай-бағыландар зәулім сарайларына қызметшілікке заңды түрде жұмыс істейтін клинингтік агенттіктердің ұсынысымен қабылдайтыны, арнайы курстардан өткен үй қызметшілерін алуға тырысатыны өзінен-өзі түсінікті. Мұның бәрі — үй қызметшісін заңдастыруға бағытталған көпшіліктің көзқарасы, нарықты реттеуге ықпал ететін сарапшылардың интернет желілері арқылы таратқан пікірлері.

Ал әзірге қазақтың үй қызметшісі құқын қорғау үшін бір ғана құжатқа сүйене алады. Ол — «Үй қызметкерлерінің еңбегін реттеу ерекшеліктері» деп аталатын ҚР Еңбек Кодексінің 22-тарауы.

(ВРЕЗКА)

Еңбек Кодексінде 2007 жылдың 1-маусымынан бастап үй қызметкерлерінің еңбегін реттеу жөніндегі мәселелер заңды түрде бекітілді. Оның мазмұны төмендегідей:

214-бап. Үй қызметкерлерімен еңбек шартын жасасу және  тоқтату ерекшеліктері

1. Үй қызметкерлері деп жұмыс беруші — жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмыстар (қызмет көрсетулер) орындайтын қызметкерлер танылады. 

2. Жұмыс беруші үй қызметкерін жұмысқа қабылдау не онымен еңбек қатынастарын тоқтату туралы акт шығармайды және еңбек кітапшасына оның жұмысы туралы мәліметтер енгізбейді. 

3. Үй қызметкерінің еңбек қызметі еңбек шартымен расталады. 

4. Үй қызметкерімен еңбек шарты тоқтатылғаны (бұзылғаны) туралы жазбаша ескертудің мерзімі, сондай-ақ жұмысынан айырылуға байланысты өтемақы төлеу жағдайлары мен мөлшері еңбек шартында белгіленеді.

215-бап. Үй қызметкерлерінің жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі

1. Үй қызметкерлеріне осы Кодексте белгіленген жұмыс уақыты мен тынығу уақыты ұзақтығының нормалары қолданылады. 

2. Үй қызметкерінің жұмыс режимі, оларға демалыс күндерін, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беру, оларды үстеме жұмыстарға, түнгі уақытта, демалыс және мереке күндері жұмысқа тарту тәртібі еңбек шартында айқындалады.

216-бап. Тәртіптік жазаны қолдану және алып тастау тәртібі

Үй қызметкеріне қатысты тәртіптік жазаны қолдану және алып тастау тәртібі еңбек шартымен айқындалады.

217-бап. Жеке еңбек дауларын шешу

Үй қызметкері мен жұмыс берушінің арасындағы жеке еңбек даулары тараптар келісімімен және (немесе) сотта шешіледі.

218-бап. Үй қызметкерімен еңбек шартын бұзу

Үй қызметкерімен еңбек шартын бұзу еңбек шартында көзделген негіздер бойынша жүргізіледі.

P.S. Маңдайының соры бес елі бір таныс әйелдің әңгімесі есіме түсті: «…Ері түздің адамы ретінде үйде көбінесе болмайды екен. Әйелінің осы Ақтөбеде дәмханасы мен мейрамханасы бар. Алғашқы келіскенімізде зәулім сарайдай екі қабатты коттеджді жуып-жинау, ас үйдің ыдыс-аяғын жуу, қонақ келгенде қолғабыс ету менің міндетіме кіретін болды. Сол үшін ғана кәсіпкер әйел айына 60 мың теңге беруге келісті. Бірақ екінші күні-ақ үйді жуып-жинау, кірді жуу, ауланы сыпыру, гүл толы бақты суару, тамақ әзірлеу, бәрі-бәрі менен талап етілді. Ері күн сайын ет жейді, әйелі «бет-әлпетіне әжім түспес үшін» сұйық тамақ ішеді, үлкен қызы борщ ішеді, кішкене қызы міндетті түрде ботқа жеуі керек. Ең сорақысы, осы тамақтарды бір күнде екі мезгіл бөлек-бөлек пісіріп үлгеру керек. Бір айды әрең толтырғанымда қолыма 40 мың теңге ғана айлық төледі. Мұндай әділетсіздіктен соң, қайта ашпас есігім ғой деп, қақпасын қатты жауып кете бардым».

Айгүл БАЙМЕНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button