Әлеумет

Жақсының сөзі – жария

Қай кезде де қоғамның қозғаушысы ретінде қаламгерлер қауымы биік деңгейден көрінеді. Негізінде мемлекеттік қайраткер ретінде танылып, Республика Премьер-Министрінің орынбасары, Президенттің кеңесшісі және жоғары мәртебелі елші секілді биік лауазымдарға дейін көтерілгенмен, өзінің бастапқы қаламгерлік қалпынан танбаған, қолынан қаламы түспеген ғалым-әдебиетші Мырзатай Жолдасбеков бүгінде Президент жанындағы ұлттық-мәдени орталықты басқарады.

Астанадан келген қонаққа жүздесуде сөз берер алдында облыс әкімі Елеусін Сағындықов Мырзатай Жолдасбековтің ел үшін, егемендік үшін атқарған еңбектеріне кеңінен тоқталды.

Белгілі қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековпен жүздесуге зиялы қауым өкілдері, жалпы, қала жұртшылығы ықыласпен жиналды. Өйткені еліміздің егемендігін орнықтыруға бір кісідей үлес қосқан, қиын-қыстау сәттерде Елбасының жанында жүрген шоқтығы биік санаулы азаматтардың бірі болғандықтан да оның есімі көпшілікке жақсы таныс.

Мырзатай ағаның аузынан шыққан біраз әңгіме жадымызда жатталып қалардай көкейімізде тұрып қалды. Солардың бірсыпырасын оқырмандарымызға сол күйінде жеткізсек, ол былай өрнектелер еді.

…Мен ең қиын кезеңдерде Елбасының жанында болдым. «Не істейміз?» деген сәттер аз болған жоқ. Бірақ Нұрекең қалай болғанда да тар жолдан бір саңылау тауып шығатын.

…Нұрсұлтан Назарбаев – ел алдына шыққанда жауын да балқытатын адам. Оның ойының түп қазығы – ел бірлігі. Мен өзім жақсы білетін болғандықтан да, Елбасымыз туралы он еңбек жаздым.

…Бұл жолғы Жолдаудың «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» деп аталуына мән бердіңіздер ме? Бұл арадан дағдарыстан шығумен тоқталып қалып тұрған жоқ, дамуға қол созу қатар келіп тұр ғой. Өз басым бұл қиындықтан да аман-есен шығатынымызға кәміл сенемін.

Тәуелсіздік туы көтерілген тұста Елбасымыз ой-пікірін ашық айтамын дегендердің бәрінің жолын кеспеді: «Бәленбай жыл тілі кесіліп келген жұртымыз ашық сөйлесін, сөйлеп үйренсін», – деді. Ол тұста жағдай тіпті де оңай емес еді. Бір күні байқасам, оппозиция күшейіп, кейде артық кетіп бара жатқан сияқты. Дегенмен бәрін ойлап барып, мен де Елбасыға кезінде: «Нұреке, оппозицияда жүргендер өкпеге қиса да, өлімге қимайды дейтіндей, оларға да өз балаларыңыз секілді қарасаңыз екен», – деген пікірімді айттым.

Менің білуімде Елбасы – ұлтын сүйетін адам. Ол кісіні 1957 жылдан білемін. Мен жоғары оқу орнының төртінші курс студентімін, ол мектепте оныншы класта оқиды екен. Екі көзі оттай жанып тұрған сол кезі есімде сақталып қалыпты…

Кездесу кезінде қонақ Ақтөбе жерінде атқарылып жатқан шаруаларға қатысты оңды ойларын білдірді. «Мұғалімдер сыйлық алады, дәрігерлер марапатталады – мұндай игілікті ірі көлемдегі шаралар Ақтөбеде атқарылып отыр. Менің байқағаным, Ақтөбе ардагерлерін алтынға айналдырыпты. Олар көп жайға тегін қол жеткізіпті. Осында балалар әкелерінің амандығын тілейді екен. Осында шаңырақ көтеретін жетім бала баспаналы болатынын естіп, көңілім бір тебіреніп кетті», – деді ол сүйіспеншілік сезімімен.

Осы сапарда Ақтөбе өңіріне сапарлас болып бірге келген жазушы һәм қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтің бір кезде «Мырзатай ел тарихының ең бір күрделі кезеңінде аянбай ат салысты. Халық қадірін білді. Қазақстанның қай пұшпағына барсам да, оның есімін ізетпен атап, жақсы лебізін аямай айтқан жандарды көп кездестірдім», – деп жазғаны бар-ды.

Жұртшылықпен осы жолғы болған кездесу де сол сөздің бекер айтылмағандығын тағы да бір мәрте дәлелдеді.

Елбасы Жолдауын – елдіктің саясатын салмақты түрде баяндап, бірқатар тұстарына арнайы тоқталған шешен республика қол жеткізіп отырған бүгінгі биіктіктердің өз-өзінен келмегендігін, соның барлығы аянбай төгілген тер, ұйқысы кем, күлкісі аз күндер арқылы жеткендігін айтуы тыңдармандарын сендірді.

Мырзатай Жолдасбеков өзін қаламгер ретінде толғандыратын кейбір жайларға ерекше назар аударды. Әсіресе, Ақтөбеден шыққан тамаша таланттар, еліміздің екі көрнекті ақыны – Қуандық Шаңғытбаев пен Сағи Жиенбаев туралы тебірене айтты.

«Қуандық ағамыз өзі қандай әдемі болса, жыры да әдемі еді. Ол бізге Шығыс шайырларының тұтас шоғырын танытып кетті. Сағимен қатар болдық. Біздер Алматыда тумасақ та, сонда табыстық, сонда өсіп-жетілдік. Қуандық та, Сағи да бір кісіге ғайбат сөз айтпаған періште адамдар еді.

Бір өкініштісі, қазір Сағи туралы ешкім үндемейтін сияқты. Неге? Осы жайға мен қатты мазасызданамын. Осында жиналып отырған зиялы қауым өкілдері, сіздерден өтінерім – Сағиды ұмытпаңыздар. Ондай ақын табылмайды. Сондықтан Сағиды есте қалдыруға байланысты қандай шара істеуге болады, соны істеңіздер, аянбаңыздар».

Мырзатай Жолдасбеков сөйлеген сөзінде облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың еңбегіне жоғары баға берді, шын көңілден осы өңірдің өркендей беруіне тілектестігін білдірді.

…«Жақсының сөзі – жария» дейді халқымыз. Ел жақсыларының бірі атанған Мырзатай ағаның бұл жүздесуі жиналғандарды рухани бір серпілтіп тастады.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button