Басты жаңалықтарЖұмысшы мамандықтары жылы

Жұмысшының мерейі асқан жыл

Ержан САРБУЛИН,

«Қызылжар» шаруа қожалығының механизаторы

 — Қобда ауданындағы Қызылжар ауылында туып-өстім. Жас кезімде бригададағы тракторларды жүргізіп үйренгенмін. Міне, «Қызылжар» шаруа қожалығында тракторшы-механизатор болып жүргеніме де 30 жылға жуықтапты.

Өтіп бара жатқан Жылан жылы — Жұмысшылар жылы ретінде мен үшін берекелі болды. Жылды қорытындылау сәтінде көп жылғы маңдай теріміз еленіп, облыс әкімінің қолынан Алғыс хат алдым. Бұл — біз үшін зор мәртебе.

Еңбегімізді бағалап, осындай марапатқа ұсынып отырған қожалық басшысы Асқар Абылайұлына шынайы алғысымды білдіремін. Бала кезден жұмыстың қай түрінен де қашпай, еңбекті өмірлік ұстаным етіп келеміз. Адал еңбек ешқашан ескерусіз қалмайды екен. Келіншегім Меңсұлу екеуміз алты бала тәрбиелеп өсірдік. Бүгінде бәрі де ер жетіп, өз жолын тапты. Бұл да тынымсыз еңбек пен төзімнің жемісі деп білемін.

Жаңа жыл барша еңбек адамдарына береке, молшылық, амандық әкелсін! Елімізтыныш, еңбегіміз баянды болсын!

Биыл елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Бұл бастама аясында облыстаеңбек адамын қолдау және кәсіби маман даярлау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде өңірде жаңа мамандықтар ашылды, колледждер халықаралық аккредитациядан өтіп, дуалды оқыту кеңейтілді. Жұмыссыздықты азайтуға бағытталған бос жұмыс орындары жәрмеңкелері мен қысқа мерзімді кәсіби курстар ұйымдастырылып, еңбек нарығына 42 мыңнан астам жұмысшы тартылды. Сонымен қатар өңірдегі еңбек адамдары мемлекеттік және халықаралық деңгейде лайықты бағаланып, қоғам алдында олардың еңбегі еленді.

Кәсіби білім беру және маман дайындау

Жыл басынан бері Үкімет жұмысшы кадрларды даярлау жүйесін түбегейлі жаңғыртуға кірісті. Нәтижесінде техникалық және кәсіптік білім саласында бірқатар реформа жүзеге асты. Соңғы жылдары колледждерде жұмысшы мамандықтарына тегін оқыту енгізіліп, мемлекеттік білім беру тапсырысы едәуір артты. Мәселен, биыл өңірде мемлекеттік тапсырыс бойынша 7 407 студент жұмысшы мамандықтарын оқуға мүмкіндік алды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп.

Колледждердің материалдық-техникалық базасы да жаңартылды. Бұл мақсатқа жергіліктібюджеттен 1,1 млрд теңге бөлінген. Осы қаржыға 9 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңарды.Оқу бағдарламаларына өзгеріс енгізіліп, әр аймақ бойынша ұлттық деңгейде Жол картасының жоспары бекітілді.

Жоспарда әр аймақтың ерекшелігіне сай жұмысшы мамандықтардың беделін көтеру, жаңа кәсіпорындар ашып, сапалы жұмыс орнын құру, жұмысшыларды қайта даярлау және колледждерді жұмыс берушілермен тікелей әріптестікке тарту секілді міндеттер қарастырылған. Мәлелен, төрт колледжде жаңа мамандық ашылды. Атап айтқанда: Сервис колледжінде — флорист-гүл өсіруші, Жоғары ауылшаруашылық колледжінде — қонақүй бизнесі, Хромтау тау-кен техникалық колледжінде — тамақтандыру саласында қызмет көрсетуді ұйымдастыру, ал Жоғары политехникалық колледжінде — маркшейдерлік іс. Жоғары политехникалық колледж жанынан IT-хаб (1 миллиард теңге) салынып жатыр, — деді облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева.

Өнеркәсіппен әріптестік және дуалды білім беру

Жұмысшы кадрларды тиімді даярлаудың басты тетігі — білім беру ұйымдары мен өндіріс орындарының тығыз әріптестігі. Осыған орай дуалды оқыту жүйесін жетілдіруге ерекше көңіл бөлінуде.Дуалды оқыту жүйесі арқылы студенттер колледжде теорияны меңгеріп қана қоймай, өндірісте тәжірибе жинай алады.

Яғни машина жасау, құрылыс, энергетика, IT, қызмет көрсету сияқты негізгі салалардың жетекші компаниялары колледждермен серіктестік орнатып, студенттерді іс жүзінде оқытуға атсалысады. Осыған орай Хромтау білім-өндірістік кластері елімізде алғаш рет үздіксіз кадр дайындау жүйесінің үлгісі ретінде іске қосылды. Балабақшадан бастап мектеп, колледж және өндірісте жалғасатын оқу моделі арқылы түлектердің 100% жұмысқа орналасуына кепіл берілген.

Хромтау тау-кен техникалық колледжі кәсіби кадрларды дайындауда өңірде ғана емес, республикалық деңгейде де локомотив болып отыр. Яғни балалар балабақшадан бастап ойын арқылы лаборант рөлін байқап, химия, электрмен жабдықтау және тау-кен саласы негіздерімен танысады. 9-11 сынып оқушылары тереңдетілген профильдік оқыту, шеберлік сыныптары және практикалық сабақтарға қатысады. Жақында колледж ұлттық білім беру мекемелері конкурсында Қазақстан бойынша үздік деп танылды, — деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Асхат Ізбасар.

Сонымен қатар оқу орындарында халықаралық байланыс та жолға қойылған. Облыстағы бірқатар колледж Ресейдің Магнитогорск қаласындағы Г.Носов атындағы техникалық университетпен және халықаралық білім беру және инновациялар орталығымен серіктестік орнатты. Осы келісім аясында оқу бағдарламалары халықаралық талапқа сай жаңартылып, студенттер академиялық ұтқырлық бойынша шетелдік оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болды. Серіктестік қатынастар меморандумға қол қою арқылы бекітілді.

Жұмысқа орналастыру және бос жұмыс орындары жәрмеңкесі

Облыстағы бос жұмыс орындары жәрмеңкелерінде 14 мың адам тұрақты жұмысқа орналасты.

Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында басталған жобаның басты мақсаты — халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту.Жалпы, бұл —жұмыссыздықты жоюға әсер ететін шарапатты іс. Ең бастысы, жұмыссыздардың бойында «мен еңбектенгім келеді» деген ынта болуы керек. Қысқа мерзімдік кәсіби оқытудан өткен жұмыссызға білім алғаны туралы сертификат беріледі. Сондай-ақ жұмыс беруші өтініміне сәйкес тұрақты жұмысқа орналастырылады. Игілікті істің нәтижесінде екі қолға бір күрек табуға мүмкіндік бар. Жұмыс берушілердің сұранысы бойынша биыл шаштараз, тігінші, кондитер, аспаз, слесарь-сантехник, есепші мамандықтары бойынша барлығы 130 адам оқуға жолданды. Соның ішінде 103 адам оқуды толық аяқтап, тұрақты жұмысқа орналасты. Қалған 27 адам өз еркімен оқудан бас тартты, —деді Ақтөбе қаласының мансап орталығы филиалының директоры Айна Мырзатаева.

Еңбегі еленген жұмысшылар

Ресми деректер бойынша, елімізде еңбекке жарамды 9,6 миллион адамның 2,3 миллионы —жұмысшы. Яғни әрбір төртінші қазақстандық —құрылысшы, металлург, жүргізуші, энергетик, механик, дәнекерлеуші тәрізді өндірістегі немесе қызмет көрсету саласындағы маман. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында дәл осы еңбек адамдарына жағдай жасап, жаңа буын жұмысшыларын даярлау бағытында ауқымды шаралар жүзеге асырылды.

Жұмысшылардың мәртебесін көтеру мақсатында мемлекет алғаш рет арнайы марапаттар тағайындады. 2025 жылдан бастап өндіріс озаттарына «Еңбек сіңірген құрылысшы», «Еңбек сіңірген энергетик», «Еңбек сіңірген металлург», «Еңбек сіңірген кенші» және тағы басқа атақ берілетін болды. Осы құрметті атақ — Қазақстанның экономикасын өрге сүйреген қарапайым еңбек адамдарына мемлекеттік деңгейде көрсетілетін құрмет. Сонымен бірге жыл бойы түрлі кәсіби мерекелерге орай үздік жұмысшыларға Мемлекет басшысының атынан арнайы наградалар мен Алғыс хат тапсыру дәстүрі енгізілді.Осындай марапатқа ие болғандардың бірі — «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ Жаңажол мұнай-газ өңдеу кешенінің механигі Талғат Молдағазин. Ол Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Еңбек жолын 1986 жылы Жаңажол кеңшарынан бастаған ол 36 жылдық тәжірибесінде жабдықтарды кәсіби деңгейде

меңгеріп, жас әріптестеріне тәлімгерлік жасайды.

Бұл салада ұсақ-түйек деген болмайды. Әр бөлшекке, әр тетікке жауапкершілікпен қарамасаң, өндіріс тоқтап қалуы мүмкін.

Жас мамандар қазір белсенді. Білмеген жерін сұрап, көп ізденеді. Мен үшін тәжірибеммен бөлісу — міндет. Күрделі дүниені қарапайым тілмен түсіндіруге тырысамын. Жас қызметкердің тез үйреніп, өзіне сенімді болғаны маңызды. Қауіпсіздік ережесін сақтау — мен үшін бірінші орында. Бұл талапты өзім де қатаң ұстанамын, өзгелерден де соны талап етемін. Себебі адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ, — дейді ол.

Жаңажол мұнай-газ өңдеу кешенінде еңбек еткен жылдары Талғат Тұрахметұлы компания басшылығы тарапынан бірнеше мәрте марапатталған. Алайда өзі марапатты жеке жетістік емес, ұжымдық еңбектің нәтижесі деп санайды.

Мен ешқашан марапат үшін жұмыс істеген емеспін. Бұл медаль — бүкіл командамызға көрсетілген құрмет. Алған марапатымды күнделікті бірлесе атқарған еңбектің бағаланғаны деп білемін, — дейді ол.

Жұмысшы мамандықтары жылы аясында елімізде өндіріс пен зауыт жұмысшылары ғана емес, ауыл шаруашылығы саласындағы жұмысшыларға да ерекше құрмет көрсетілді. Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің агроөнеркәсіп саласын дамытудағы үздік жетістіктері үшін «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Аманғос Төлеуовке «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.

Аманғос Төлеуов Ш.Берсиев атындағы колледждің қамқоршылық кеңесінің төрағасы ретінде кеңес мүшелерімен бірлесе колледж оқушыларының оқу бағдарламасына практикалық тәжірибелерді енгізіп, олардың болашақ мамандығына қызығушылығын арттырып келеді.Оқушылар тек теориялық біліммен шектелмей, егіс алқабында, мал шаруашылығы цехтарында жұмыс істеп, жер жыртуды, тұқым себуді, малды күтіп-баптауды және ветеринарлық жұмыстарды практикада меңгереді.Ол «Степное» серіктестігін 40 жылға жуық уақыт бойы басқарып келеді. Мамандығы бойынша зоотехник Аманғос Төлеуов бүгінде 700-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр.

P.S. Биыл еңбек адамдары қоғам алдында нағыз лайықты бағасын алды. Қала көшелерінде бұрын тек белгілі тұлғалардың суреттері көрінсе, қазір қарапайым жұмысшылардың фотоларыLED экрандарда, үлкен плакаттардатұр, халыққа «Міне, осындай еңбек адамдары бар» деп көрсетілді. Бұл халықтың санасына жаңа көзқарас, үлкен серпін әкелді. Билбордтарға ілінген жұмысшылардың суреттері қарапайым еңбекті бағалаудың дәлелі болды.

Биыл еліміз үшін еңбек адамын қолдау, кәсіби дайындықты дамыту және жастарды мамандыққа тарту бойынша айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілген жыл ретінде есте қалды. Осындай шаралар арқылы біз болашақта кәсіби, білікті, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын жаңа ұрпақты тәрбиелеп, еліміздің экономикалық әлеуетін нығайтуға жол ашамыз.

 Айдана АЛТЫБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button