Басты жаңалықтар

Ақтөбеліктердің ат спортындағы аяқ алысы…

Марат ӘЙТІМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ақтөбе облысының құрметті азаматы, әнші әрі оқытушы

Өтіп бара жатқан 2025 жыл мен үшін жайлы болды. Есте қалған оқиға деп Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының вокалдық өнер кафедрасы түлектерінің емтиханын қабылдауымды айтар едім. Маған бұл үлкен құрмет болды. Келе жатқан Жылқы жылынан да күтерім көп. Бұйыртса, Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен менің атымдағы республикалық «Дауыс» вокалистер байқауы 3-ші рет өткелі отыр.

Жылқы — төрт түліктің төресі, қасиетті жануар ғой. Биіктік, мінез, адалдықтың белгісі болған жылқыны ерекше жақсы көремін. Соған сай, келер жыл тек жақсылығымен жарылқайтынына сенемін. Жерлестеріме мықты денсаулық, баянды бақыт, игіліктің бәрін тілеймін. Досқа күлкі, дұшпанға таба болудан сақтап, бірлігіміз беки берсін!

 Әне-міне дегенше, Жылқы жылының төрімізге енетін уақыты жақын. Қазақ халқы төрт түліктің төресін қалай қадірлесе, 2026 жылдан да күтер жақсылығы көп…

Осы тұста Ақтөбе аударыспақтан командалық есеп бойынша еліміздегі үздік үштікке кіретінін айта кету керек. «Ат құлағында ойнайтын» жерлестеріміз көкпар, жамбы ату, теңге ілу сияқты ұлттық ойындардан да осал емес.

Газетіміздің мерекелік санында ат спортының аймақтағы әлеуетін бағамдап, желтабан жүйріктерді сенімді серігіне айналдырған шабандоздардың хал-жағдайын білген едік…

165 құлыншақ, 35 жылқы

Ақтөбе қаласының іргесінде орналасқан облыстық мамандандырылған ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ашылғанына биыл тура 20 жыл толды. Көпшілікке ат спорты мектебі ретінде жақсы таныс мекеме 2014 жылдан бері жаңа ғимаратта жұмыс істеп келеді. Мұнда ат спортын айтпағанда, қазақ күресі және тоғызқұмалақ секциялары бар.

Аты айтып тұрғандай, төл спортымыздың дамуына ерекше мән беретін мемлекеттік мекемеде қылқұйрықты жануарды баптайтын жаттықтырушы саны — 11. Қазіргі кезде спорт мектебінде 711 шәкірт болса, соның 165-і — арғымаққа мініп жүргендер.

— Ат спорты бойынша балаларға аптасына 4 сабақтан өтеді. Әрқайсысының ұзақтығы — 1,5 сағат. Секцияға қатысу ақысыз, тек игеріп кетсе болғаны. Ал жас мөлшеріне тоқталсам, атқа мінетіндер 9-18 жас аралығында болуы керек, — дейді жоғарыда аталған мектептің директорының орынбасары Азамат Серікбаев.

Оның айтуынша, келушілердің қатарында ересектер де кездеседі. Олар көкпар, аударыспақ сияқты ұлттық ойындарға қатысады екен.

Әкімшілік ғимарат, күрес залы, 2 арнайы алаң (жабық манеж) мен 2 ат қорасы бар спорт мектебінің материалдық-техникалық базасы барлық талапқа сай.

Бүгінгі таңда спорт мектебінің аумағында Қамбар ата тұқымынан 35 бас шауып жүр. Жылқының басым бөлігі күнделікті сабақ барысына қолданылса, ең мықтылары көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату сынды ұлттық ойындарға жұмылдырылады екен. Дімкәс балаларға — иппотерапияға жарайтын және 2 жылқы бар. Яғни әрқайсысы өзіндік «міндетке» ие. Сондай-ақ бұл жерден ұзақ қашықтыққа шабатын тұлпарларды кезіктіруге болады. Бәйгеге түсетін сәйгүліктердің күтімі де алабөтен. Бәрінен бұрын, «Шабар аттың тоғы игі» демекші, бұлардың күнделікті азығы — мамандардың жіті бақылауында.

— Барлық ат мемлекет бекіткен заңнама негізінде қоректендіріледі. Айталық, 1 малға күн сайын 8-12 келі жоңышқа, 3-5 келі сұлы, 1-3 келі арпа сияқты құрғақ азық пен 2-3 келі сәбіз немесе қызылша, сондай-ақ тұз, су беріледі. Ауырып қалса, екпе салуымыз да мүмкін. Бұл бағытта жануарды күтіп-баптайтын атшылар, мал дәрігерлері, өзге де мамандар қызмет етеді, — дейді ол.

Спорт мектебін аралағанда әңгімелесушіміз 777 атты жүйріктің жанында сәл аялдап, оның аударыспаққабейімделгенін тілге тиек етті. Ақылды жануардың өзіне тән мінезі бар көрінеді, бірақ жан-жақты, икемі мықты, шабуылдау мен қорғануға бірдей. Тиісінше асауайғырды екінің бірі тақымдай алмайды, бұл тек ержүрек жігіттердің қолынан келеді.

АЙТПАҚШЫ…

 Алдағы 2026 жылы елімізде Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) қатарынан үш додасы ұйымдастырылмақ. Атап айтсақ, әлем кубогының кезеңі, FEI World Cup Challenge финалы және Еуразиялық лига финалы. Бұл біздегі ат спортын жаңа деңгейге шығарып, қазақстандық спортшыларға халықаралық рейтингтік ұпайларды өз елінде жинауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, аталған ұйымға 132 ел мүше. Қазақстан 1993 жылы FEI құрамына кірді.

«Республика бойынша мықтылар сапындамыз…»

Сөз басында келтіргеніміздей, Ақтөбе — аударыспақтан командалық есеп бойынша елімізде бірнеше дүркін чемпион атанған өңір. Біздің көкпаршыларымыз да жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүр. Сондықтан ат спортынан облыстың үмітін ақтар бір шоғыр өсіп келеді десек, қателесе қоймаспыз.

Осы салаға келгеніне 20 жылға жуықтаған аударыспақтан облыстың аға жаттықтырушысы, аталған спорт түрінен Қазақстанның спорт шеберіНұрлан Додай Ақтөбедемықты атбегілер мен жаттықтырушылардың аз емесін алға тартады:

Бүгінге дейін жоғары жетістікке жеткен, ат спортында өз атын шығарған  шәкірттеріміз бар. Соның бірі — әлем, Азия чемпионы Нұржан Еркінұлы. Оның ізін жалғап келе жатқан Нұрдәулет Мейрамбекұлы, Берік Қазым, Мадияр Мақсат, Ерасыл Қосыбай, Мерей Бүркітбай, Мадияр Амантай, Серікбол Сағынай сынды балаларымыз да Қазақстан чемпионаттарында жүлделі орындарды иемденіп жүр.

Қызығушылық танытып, атқа мінемін, спортпен шұғылданамын деп келетін балалар көп. Бірақ барлығы бірдей мұнда қалмайды. Тек икемді, шеберлігі мықты жігіттер іріктеліп алынады. Соның арасынан бағы мен бабы қатар жанатындар тіптен аз. Еңбексүйгіш, асқан төзімді, түрлі жағдайға денсаулығы шыдас берумен қатар, нағыз шабандоз астындағы атын да беске білуге тиіс. Спортта бұл өте маңызды.

Мақтанғаным емес, аударыспақ бойынша республикада мықтылардың сапындамыз. Біздің басты қарсылас — түркістандық спортшылар, — дейді.

Ұлттық ойындарға жарайтын асылтұқымды аттардың аздығы, жаттықтырушылардың жалақысының мардымсыз болуы, атшы (ат күтуші) мен спорттық мал дәрігерінің тапшылығы — осы саладағы басты мәселелердің бірі. Ат спортына ден қойғандар осы олқылықтар түзелсе деген тілегін білдірді.

Әлем чемпионының арманы

20 жастағы Нұржан Еркінұлы— кішкентайынан атқа мінген жылқышының баласы. 4 жылдан бері аударыспақпен мақсатты түрде айналысып келе жатқан жігіт аз уақытта бірталай асуды бағындырып үлгерген.

— 2021 жылы өзімнің туып-өскен Ырғыз ауданындағы Құмтоғай ауылында облыстық ат спорты мектебінің бөлімшесі ашылып, Ерболат Серіков алғашқы жаттықтырушым болды. Мені осы өнер түріне баулыған ағайға алғысым шексіз. Бір жылдан соң қалаға ауыстым. Осындағы бапкерім — Нұрлан Додай. Шүкір, әлем, Азия чемпионаттарында алтын медаль алдым. Ел біріншіліктерінің бірнеше дүркін чемпионымын.

Алдағы жоспарым — 2026 жылы Қырғызстанда өтетін дүниежүзілік көшпенділер ойынында жеңімпаз болу, — дейді спортшы.

Ақтөбедегі көпсалалы «Болашақ» колледжінің спорт факультетін тәмамдаған Нұржан қазір Орал қаласындағы жоғары оқу орнында білімін жалғастырып жатқанын атап өтті. Белбеу күресімен де айналысатынын айтты.

Кейіпкеріміз сықылды тай-құлындай тебісіп өсіп келе жатқандар мұнда баршылық. Сабақ кезінде барлығының ойы бір — атқа мініп, әйгілі әнде айтылатындай, «жарықтың жылдамдығын жолда қалдыру».

Жылқы жылындағы жоспар

Ат төбеліндей қазақ, әсіресе ауылдағы халық ертеден жылқы шаруашылығымен етене айналысқаны белгілі. Дей тұрғанмен қазір атты баптап, осы жолда кәсіби спортқа ден қойғандар соншалықты көп емес. Оған себеп — түрлі әлеуметтік мәселелер, бұқараның даладан қалаға қоныс аударуы. Осындай тіршілік түйткілдеріне қарамастан, облыс орталығындағы мамандандырылған спорт мектебі Ырғыз, Шалқар, Мұғалжар, Байғанин және Алға аудандарында бөлімшелерін ашты. Ұлттық ат спортының сондағы жанкүйерлері өздері бастама көтеріп, атпен қамтып, кішкентай жерлестерін аталған спорт түріне баулып жүр. Ауыл халқының төл өнерімізге деген жанашырлығы сеп болған игі іс жер-жерде жалғасын тапса, кәнекей. Мұндағылар жаттықтырушыны ұсынып, көрген-білгенімен бөлісуге даяр.

— Өзге аудандар бұны іліп әкетсе, ұлттық спортымыз дамитын еді. Әрі ауыл балаларының ынтасы жақсы. Алдағы мақсат — оларды облыс чемпионаттарына шақырып, қабілет-қарымын одан әрі жетілдіру, — деп тілегін ортаға салды облыстық спорт мектебі директорының орынбасары Азамат Серікбаев.

Одан білгеніміздей, дәстүр бойынша алдағы жылы жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату бойынша ел біріншіліктері өтеді. Бірер күнде нақты уақыты жарияланбақ. Спортшылар соған дайындықты қазірден-ақ бастап кеткен көрінеді.

P.S. Қазақ пен жылқы — егіз ұғым. Тайға таңба басқандай айқын аксиомаға дәлел ретінде аудандарда ашылып жатқан ат спорты мектебінің бөлімшелерін айтуға болады. Бір ғана мысал, осыдан 5 жыл бұрын 2-ақ филиал бар-ды…

Ұлттық спортты ұлықтағандар ауыл-аймақта ат баптау қайта жанданып жатқанын, бұл басы ғана екенін айтып, алдағы 5-10 жылда ел ішінен алуан-алуан жүйріктердің суырылып алға шығатынына сенімді. Бұл — «Ат айналып қазығын табады», яғни қазақтардың жылқы малына жақындығы беки түседі деген сөз.

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button