Жыл оқиғалары

Биыл облыста макроэкономикалық жағдай тұрақты. Он айдың қорытындысы бойынша өңірдің экономикалық өсім көрсеткіші — 103,6 пайыз. Өнеркәсіп өнімінің индексі 101,3 пайыз болса, ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіш 101,8 пайызға жетіп отыр. Жыл басынан бері облыс экономикасына 892 млрд теңге инвестиция тартылды. Жалпы құны 110 млрд теңгеден асатын 8 ірі нысан іске қосылды. Болашақта карбамид, битум және цемент өндіретін зауыттар салу жоспарланып отыр.
Жаңа жыл қарсаңында бүгінге дейін облыста атқарылған маңызды шаралар мен оқиғаларды оқырман назарына ұсынамыз.
Жыл сапары
Мемлекет басшысы Қасым-ЖомартТоқаев Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келіп, XI халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына қатысты. Президент алдымен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалды ескерткіш кешеніне гүл шоғын қойып, рухына тағзым етті.
«Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны Қазақстан, Әзірбайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінің әскери-патриоттық қозғалыстарына мүше 800-ге жуық жастың басын қосты. Слет қос атаулы датаға — Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және қазақ халқының батыр қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойына арналды. Қасым-Жомарт Тоқаев қатысушыларды «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының ашылуымен құттықтап, бұл жас өрендеріміздің рухын шыңдайтын өте маңызды іс-шара екеніне назар аударды. Сондай-ақ Президент облысқа жұмыс сапарыаясында бірқатар нысандарды аралады.
Аманғос ТӨЛЕУОВ,
«Степное» ЖШС директоры, Қазақстанның Еңбек Ері
Өтіп бара жатқан жыл біздің шаруашылық үшін берекелі болды деуге толық негіз бар. Өнім түсімі жоғары деңгейде қалыптасты. Бұл — ұжымдағы әрбір маманның кәсіби біліктілігі мен тынымсыз еңбегінің айқын нәтижесі.
Алда келе жатқан Жылқы жылы еңбек пен төзімділіктің, табандылық пен берекенің жылы болсын. Жаңа жылда еліміз тыныш, ауылымыз ырысты, еңбегіміз жемісті болғай. Әр шаңыраққа молшылық, денсаулық, табыс тілеймін. Еңбек еткен әр азаматтың мерейі өсіп, ауыл шаруашылығы одан әрі дами берсін. Жаңа жыл баршамызға құтты болсын!
Жыл форумы
Облысымызда халықаралық «AQTOBE INVESTMENT FORUM – 2025» инвестициялық форумы өтті. Дәстүрге айналған іскерлік басқосуға 20 елден инвесторлар, 7 елші, ірі бизнес иелері және орталық мемлекеттік органдардың өкілдері жиналды.

Форум қорытындысы бойынша 448 миллиард теңгені құрайтын 17 меморандум мен келісімдерге қол қойылды. Негізгі жобалардың қатарында Хромтау ауданындағы 100 МВт жел электр станциясының құрылысы (SUNGROW, Қытай),«СТГ» зауытының жобасы (Condo rEnergies, Канада), Ақтөбе облысында сусындар шығаратын зауыттың құрылысы (Coca-Cola Almaty Bottlers, Түркия), металл бұйымдарын шығаратын металлургиялық зауыт (Союз Металлсервис, Қытай), агроөнеркәсіптік кластерді құру (Harvest Agro Holding, Швейцария), Ақтөбе қаласында 180 МВт газбен жұмыс істейтін электр станциясының құрылысы (MUREL, Түркия) бар. Сондай-ақ «Ақтөбе» АЭА басқарушы компаниясы «Ганьцюаньбао» экономикалық аймағымен (Үрімші, Қытай) ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Жыл мерейтойы
Биыл елімізде, оның ішінде облысымызда Кеңес Одағының Батыры, мерген қыз Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар өтті.

Атап айтсақ, биыл маусым айында батыр қыздың туған жері — Қобда ауданында үлкен іс-шаралар ұйымдастырылды. Этноауыл жасақталып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, көрмелер, театрландырылған қойылым ұйымдастырылды. Мәртебелі меймандар мен шетелдік туристер, қобдалықтар осы тарихи сәттің куәсі болды. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев арнайы келіп, Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ Президент кеңесшісі бастаған билік өкілдері батырдың мемориалды кешеніне, сондай-ақ туған жері Қобда ауданы Бұлақ ауылындағы ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухзына тағзым етті. Ал Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығының концерттік залында өткен «Ғасырларға жалғасқан ерлік» атты патриоттық форумда
Ұлы Отан соғысының даңқты батыры, мерген қыз Әлия Молдағұлованың ерлігі кеңінен насихатталып, қатысушылар тарихи-танымдық баяндамалар оқыды, батырдың туыстары тағылымды естеліктерімен бөлісті. Осылайша үш күнге созылған іс-шараларды «Әлия-ғұмыр» атты гала-концерт түйіндеді.
Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ ақын, публицист,
халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері
Келіп қалған Жаңа жыл баршаңызға ізгілік, байлық, береке ала келсін! Құтты, бәріміз үшін ең таңдаулы, сүйікті, мерейіміз өсетін тамаша дәурен болсын!Облысымыздың екі газеті де әрқилы дәуренді кешіп, осы дәуірге, мына заманға үлкен абыроймен жеткені анық. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасудың салтын ұстанған осы екі газет болашақта да елмен бірге көркейіп, жасай берсін деп тілеймін.
Мерекелеріңіз үзілмесін! Халық үшін күллі күш-жігерлеріңізді жұмсайтындарыңызға сенемін!
Жыл жетістігі
Жылдың жетістігі— өңірдегі 31 ауыл халқының көгілдір отынға қол жеткізуі болды.

Газдандырылған ауылдардың қатарында облыс орталығынан 460 шақырым қашықтықта орналасқан Байғанин ауданының Оймауыт ауылы бар. Мұнда 800-ге жуық адам тұрады, 30-дан астам шаруа қожалығы жұмыс істейді. Жалпы, осы жыл өңір үшін газдандыру қарқыны бойынша рекордтық көрсеткішпен ерекшеленіп отыр. Оймауыттан бөлек, соңғы аптада Байғанин ауданының Қаражар ауылы, Шалқар ауданының Бершүгір, Сарысай және Алабас ауылдары, сондай-ақ Мәртөк ауданының Аққайың мен Покровка ауылдары газ желісіне қосылды.
Қазіргі таңда облыс тұрғындарының 97,1 пайызы табиғи газбен қамтамасыз етілген. Келесі жылы тағы 17 жобаны іске асыру жоспарланып отыр, оның аясында 23 ауылдық елдімекен газбен қамтылатын болады.
Жыл жобасы
Биыл Ақтөбеде ауқымды үш ірі жоба — облыстық драма театр, стадион және спорт кешенінің құрылысы басталды. Бұл жобалар ел Президентінің тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Аталған нысандар облыс орталығындағы Алтын Орда шағын ауданында орналасатын «Алтын орда» әлеуметтік-іскерлік орталығының құрамына кіреді. Бұл орталық қаланың сәулеттік келбетіне көрік беріп қана қоймай, өңір тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды орынға айналмақ.

Орталық құрамында 700 орындық облыстық драма театры, 34 980 көрерменге арналған стадион, 5 мың орындық көп функционалды спорт кешені бар. Сондай-ақ мұнда қонақ үйлер, сауда және ойын-сауық орталықтары, білім беру мекемелері мен Қазақстан картасының пішінін бейнелейтін «Алтын орда» саябағы салынады.
Жаңа драма театры 700 орынға шақталған. Құрылыс қазан айында басталды. Дайындық және бетон құю жұмыстары аяқталып, қазір арматуралық қаңқасы бар іргетас орнатылуда. Ал 5 мың көрерменге арналған көп функционалды спорт кешені 6,1 гектар аумақта салынып жатыр. Нысан аумағы толық қоршалып, алаңды дайындау және іргетасқа арналған шұңқыр қазу жұмысы жүргізілуде.34 980 орындық футбол стадионы 25 гектар аумақта бой көтермек.
Жыл өндірісі
Ақтөбеферроқорытпа зауыты электр доғалы пештен бір мезетте 177 тоннадан астам феррохром өндіріп, әлемдік рекорд орнатты. Бұл жетістік WORLD BOOK OF RECORDS (WBR) ұйымымен ресми түрде тіркеліп, тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен құжатталды.
Рекорд тіркелген сәтте Ақтөбеферроқорытпа зауытының №43 пешінен бір технологиялық циклде 177 288 келі жоғары көміртекті феррохром алынды. №4 цехтың пештері — әлемдегі ең қуатты пештің бірі. Зауыт мамандары жүзеге асырған бірегей техникалық шешімдердің арқасында жабдық жобалық көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары қуатпен жұмыс істеп тұр. Орта есеппен бір пеш бір циклде 50-60 тонна ферроқорытпа өндірсе, бұл жолы одан едәуір артық көлем өндірілді. Бұл — бұрын-соңды болмаған нәтиже.
Жыл мерейі
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толды. Бейбітшілік пен келісімнің шынайы шырақшысына айналған бұл институттың мерейлі белесін атап өту аясында елімізде және шетелде кемі 1,5 миллион адамды қамтитын, түрлі форматтағы 150-ден аса іс-шара ұйымдастырылды. Ал өңірімізде Ассамблеяның 30 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинарлар өткізілді, мега-жобалары мен интеллектуалды ойындар ұйымдастырылды.
Қазір аймақтағы Ассамблеяның құрамында17этномәденибірлестік бар. Олардың жанында 19 шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Оның 14-і — «халықтық», ал қалғаны — «үлгілі» мәртебесі бар ұжымдар.
Жыл экспозициясы
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде қос басылым — «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің бір ғасырлық тарихына арналған «Жүз жыл жылнамасы» атты жаңа экспозицияның салтанатты ашылуы өтті. Оған жергілікті билік және зиялы қауым өкілдері, ардагер журналистер қатысты.

Экспозицияға алғашқы басылымдар, сирек сақталған фотоматериалдар, редакцияға қатысты мұралық құжаттар мен журналистердің жеке заттары қойылды.
Жыл кейіпкері
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға айрықша үлес қосқан бір топ азаматты марапаттады. Олардың қатарында «Степное» ЖШС директоры Аманғос Төлеуов те бар.Ол ауыл шаруашылығы саласындағы көп жылғы қажырлы еңбегі мен елеулі жетістіктері үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі — «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын иеленді.
Аманғос Төлеуов — облыстың ауыл шаруашылығы саласында 40 жылдан астам тұрақты еңбек етіп, бидай және мал шаруашылығын, қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытында инновациялық тәсілдерді енгізген тәжірибелі маман. Ол жетекшілік етіп отырған «Степное» ЖШС өңірдегі ең үздік агроқұрылымның біріне айналды. Сонымен қатар шаруашылық ауылдағы әлеуметтік нысандарды қолдап, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға да үлес қосып келеді.
Жыл тартуы
«Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамы Хромтау ауданының 90 жылдығына орай аудан халқына 400 орындық мәдени-демалыс орталығын салып берді.

Мәдениет нысаны облыс әкімдігі мен Eurasian Resources Group (ERG) арасындағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру туралы меморандум аясында салынды. Оның құрылысына «Қазхром» ТҰК» АҚ 1,6 млрд теңгеден астам қаражат бөлген. Ал жобаның жалпы құны —1,8 млрд теңге.
Жаңа мәдени-демалыс орталығы цифрлық кино көрсету жүйесі, көрме кеңістігі және оқу сыныптары бар заманауи аудиториямен жабдықталған. Алдағы уақытта мұнда вокал, хор, аспаптық өнер және актерлік шеберлік үйірмелері ашылады.
Жыл тойы
Өңіріміздегі талай буынның тағдыры мен заманының тынысын экран арқылы өрнектеген «Aqtóbe» телеарнасы биыл 65 жылдығын атап өтті. Алпыс бес жылдық тарих — тек уақыт өлшемі емес, өңірдің өткені мен бүгіні тоғысқан тұтас шежіре. «Aqtóbe»телеарнасы — еліміздегі «Қазақстан» телерадиокорпорациясына қарасты 14 аймақтық филиалдың бірі.
Бүгінгі телеарнаның жетістігі — сол еңбекқор буынның табандылығы мен ізденісінің нәтижесі. Осы орайда биыл телеарнадағы студиялар жаңарып, ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Жаңа жобалар жүзеге асырылып, бағдарламалар көрерменге жол тартты.
Келесі жылдан бастап телеарна жасанды интеллектінің көмегімен толыққанды телехабарлар түсіруді жоспарлап отыр.
Жыл нысаны
Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасында радиологиялық зерттеулер бойынша құзыреттілік орталығы іске қосылды. Мұнда медициналық кескіндерді талдау мен өңдеу жасанды интеллект технологиялары арқылы жүргізіледі. Жаңа орталық аймақ тұрғындары үшін диагностика тиімділігін арттырып, медициналық көмектің сапасын көтеруге мүмкіндік береді.Орталық үш бағытта қызмет көрсетеді: телемедицина — аудан тұрғындары үшін қашықтан кеңес алу мүмкіндігі; медициналық ұйымдардың қызмет сапасын цифрлық бақылау; PACS жүйесі – жасанды интеллект негізіндегі радиологиялық зерттеулердің (рентген, КТ, МРТ, УЗИ) нәтижелерін сақтау және жіберу. Бұл жүйеге облыстың барлық ірі медициналық ұйымы қосылған.
Жыл конференциясы
Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығындадала дарыны, көреген ойшыл Мөңке би Тілеуұлының 350 жылдығына арналған «Мыңжылдықты болжаған Мөңке би» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.Шарада Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов жиналғандарға Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың және Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтауын жеткізіп, жылы лебізін білдірді.

Конференция барысында Мөңке бидің өмір сүрген заманы белгілі,оның есімі мен атқарған қызметі Гуляевтың жазбаларында анық жазылғандығы, бұл орайда әлі де тарихи зерттеулер жүргізілуге тиіс екендігі айтылды. Сондай-ақ ғалымдар Мөңке бидің қалдырған өсиеттері мен шешендік сөздері болашақ ұрпақ үшін асыл мұра болып қала беретіндігін жеткізді. Шарада «Дала данагөйі Мөңке би» жинақ-кітабы көпшілікке таныстырылды. Сондай-ақ Мөңке бидің 350 жылдық мерейтойына арналған шаралар қала сыртындағы Ақшат ауылы аумағындағы этноауылда жалғасты. Мұнда республикалық мүшәйраның қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізілді. Іс-шаралар соңы «Әз Мөңке» тарихи драмасының премьерасымен аяқталды.
Жыл оқу орны
Биыл елімізде Жұмысшы мамандықтары жылы кеңінен атап өтілді. Осы орайда өңіріміздегі
Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі үздіктер қатарынан табылды. Жуырда Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы және ұлттық сапа бәйгелерінің лауреаттарын марапаттау рәсімінде аталған оқу орны «Үздік колледж» Гран-приін жеңіп алды. Бұл оқу орны дуальды оқытуды енгізіп, тау-кен-металлургия саласы үшін қажетті білікті мамандар даярлауға басымдық береді.
Батыс Қазақстан аймағы бойынша тау-кен мамандарын даярлайтын бірегей білім ордасында мыңнан аса оқушы білім алуда. Заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған бұл колледж — теория мен тәжірибені үйлестіре отырып, еңбек нарығына нақты сұранысқа ие мамандар даярлайтын жетекші оқу орны.
Жыл чемпионаты
Биыл Ақтөбеде тоғызқұмалақтан ел чемпионаты өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 20 команда қатысты.

Жарыста жүлделі бірінші, екінші орын иеленген ойыншылар Азия чемпионатына, үшінші, төртінші орын алған ойыншылар Азия Кубогына жолдама алды. Биылғы жарысқа 83 ер адам, 87 әйел қатысып, тоғызқұмалақтың классика түрінен жекелей сынға түседі. Осы жолы чемпионатқа 3 қала мен 17 облыстың мықтылары жиналды. Қатысушылардың дені — халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, еңбек сіңірген спортшылар.
Жыл фестивалі
Халқымыздың ұлы перзенті — кемеңгер ойшыл, данышпан ақын әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Ақтөбеде «Абай күні» әдеби фестивалі өтті.
Шара төрт тақырыптық алаң бойынша ұйымдастырылды. Әр алаңда ұлттық нақыштағы киіз үй үлгісінде этно-кеңістік құрылып, қазақы тұрмыстың элементтерімен безендірілді.
Ақын рухына тағзым етіліп, ескерткішіне гүл шоқтары қойылды, Абай шығармашылығы мен оның қазақ руханиятындағы орны жайлы мағыналы деректер айтылды, өлеңдері оқылып, әндері шырқалды. Сондай-ақ кітап көрмелері ұйымдастырылды.
Сондай-биыл өңірімізде интеллектуалды поэзияның ірі өкілі, лирик Қуандық Шаңғытбаевтың 100 жылдығы мен атақты сатирик Үмбетбай Уайдиннің 90 жылдығы атап өтілді.
Әзірлеген Данагүл ҚАЗИХАН.
Аманғос ТӨЛЕУОВ,
Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ ақын, публицист, 


