Басты жаңалықтар

Келер жылдың болжамы: төзім мен мүмкіндік

Ербол ЖҰМАБЕКОВ,

көпсалалы облыстық аурухананың дәрігер-хирургі, онколог

Сіздерді келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! Өтіп бара жатқан жыл баршамыз үшін сынақтарымен де, жетістіктерімен де есте қалды. Алдағы 2026 жыл әр шаңыраққа береке-бірлік, мол қуаныш пен жарқын жаңалықтар әкелсін!

Дәрігер ретінде тілерім, әрбір отбасы аман болып, әр адамның жүзінен күлкі, жүрегінен үміт пен сенім кетпесін. Жаңа жыл жаңа мақсаттар мен қуанышты сәттерге толы болғай! «Ақтөбе» газетінің тұрақты оқырманы ретінде өңіріміздің тыныс-тіршілігімен үнемі хабардар болып отыратынымды да ерекше атап өткім келеді.

Жаңа жылда денсаулығыңыз мықты, көңіліңіз жайдары, отбасыңыз аман болсын!

 

 

Қазақ дүниетанымында Жылқы — жеті қазынаның бірі, төзім мен адалдықтың символы. Жылқы — иесіне адал серік, бағыт-бағдар беретін «жолдас». Жыл иесі саналатын Жылқы адамды тоқырауға салмай, алға ұмтылуға, өз жолын табуға, ішкі еркіндігін сезінуге жетелейді.Осы қасиеттерді негізге ала отырып, эзотерикалық ілімдермен жиырма жылдан астам уақыт айналысып жүрген Анна Истляуп келер жылға қатысты өз болжамдарын ортаға салды. Оның пайымдауынша, алдағы жылсабыр мен саналы қадамды талап ететін, бірақ мүмкіндіктерге толы кезең болмақ.

Эзотеризм және энергия

Анна Таңжарбайқызының алғашқы мамандығы — мектепке дейінгі білім беру ұйымының тәрбиешісі. Кейін ол тарих пен қоғамтану пәндерінің мұғалімі мамандығын игерді. Ақтөбе педагогикалық училищесін тәмамдаған соң, он бес жылдай білім беру саласында еңбек етті. Бастапқыда тәрбиеші, әдіскер, кейін мектепте қызмет атқарды.Алайда өмір оны күтпеген бағытқа бұрды. «Отыз үш жасымда денсаулығым күрт сыр беріп, ауыр кезеңнен өттім. Аяқ-қолым, басым ауырып, жүре алмай қалдым. Кейін бұл қасиетті энергия екенін, оны дұрыс бағыттау үшін рухтың күштілігі, сабыр мен ішкі тәртіп қажет екенін түсіндім. 2004-2005 жылдары Ресейден келген мамандардан таро карталарын оқуды үйреніп, кейін Ресейге барып, бұл ілімді толық меңгердім. 2005 жылдан бастап тәжірибеде қолданамын. Тағы бір мамандығым — психолог. Жиырма жылдан астам уақыт бойы эзотерикалық, яғни рухани-танымдық ілімдермен айналысып келемін», — дейді ол.

Эзотеризм — адамға өзін, өмірдің мәнін және көрінбейтін дүниені түсінуге көмектесетін ілім. Ол ақылмен емес, ішкі сезіммен тануға үйретеді. Ғылым дәлелдей алмайтын құбылыстарды зерттейді және рух, энергия сияқты ұғымдарға мән береді. Мысалы, астрология аспан денелері мен адамдар арасын байланыстырса, нумерология— сандардың адам өмірімен, оның санасы және тағдырымен мистикалық байланысы туралы эзотерикалық сенімдер жүйесі.

Ал медитация адамды ішкі тыныштығы арқылы өзін тануға үйретеді.

Эзотериканың бір бағыты — тарология. Бұл — таро карталары арқылы адам өміріндегі жағдайларды, мәселелерді немесе оның ішкі күйін талдауға қолданылатын жүйе. Маңыздысы — тарология болашақты нақты болжайтын ілім емес, символдар мен мағынаға сүйенетін рухани-танымдық әдіс, — дейді кейіпкеріміз.

Анна Таңжарбайқызының айтуынша, көбіне адамдар оған жеке өмірі мен жұмысына байланысты сұрақтармен келеді. Әр картаның өзіндік белгісі бар, ал таролог сол белгілерді нақты адамға және оның жағдайына сай байланыстырып, қарапайым тілмен түсіндіріп береді.

Көне қоныс — Аркаим

Анна Таңжарбайқызы киелі жерлерге туристік сапарлар ұйымдастырады. «Өзім де, сіңілім де тарихшы болғандықтан, тарихи-танымдық, рухани-сауықтыру бағытындағы турларды жүргіземіз. Облыстың киелі жерлеріне шығамыз.  Бекқұл бабадан бастап, Жиренқопадағы Қобыланды батыр мемориалды кешеніне дейін туристік бағыт ұйымдастырылады. Мұндай жерлер өте көп, олардың ішінде қызықты әрі зерттелмеген орындар да бар.Клиенттеріміздің өтініші бойынша Ресейдегі Аркаимға да барамыз. Аркаим —  оңтүстік Орал өңірінде, Қазақстан шекарасына жақын орналасқан жер. Бұл — қола дәуіріне жататын көне қоныс. Шамамен төрт мың жыл бұрын салынған, дөңгелек пішінді қала-қоныс. Археологиялық маңызы зор, кейбір адамдар оны ежелгі өркениет орталығы, рухани немесе эзотерикалық орын деп те санайды.Сондай-ақ күллі түркі халықтарына ортақ Түркістан сияқты қасиетті мекендерге сапарларымызды микроавтобуспен баруды ұйымдастырамыз, — деді Анна Истляуп.

Жылқы — өзгерістің символы

Анна Таңжарбайқызының айтуынша, қытай мәдениетінде шығыс күнтізбесіне ерекше мән беріледі. Онда бес негізгі элемент бар. Олар: металл, су, ағаш, от және жер. Мысалы, өтіп бара жатқан Жылан жылы —инь энергиясы, яғни әйел энергия. Сондықтан бұл жылы эмоциялық, қыңыр мінезді адамдардың көп болғаны байқалды.

Алдағы жыл — қызыл отты Жылқы жылы. Бір элементтің қайталануы 60 жыл сайын болады. Мәселен, қызыл отты Жылқы жылы соңғы рет 1966 жылы болған. Сол себепті корейлер баланың бір жасын және 60 жасқа толуын ғана ерекше атап өтеді. Жапондар мен қытайларда да осы дәстүр бар, ал қалған туған күндер аса маңызды саналмайды.Бұл жыл — ян энергиялы, яғни еркек энергиясы басым жыл. Алдағы жыл қарқынды даму кезеңі болмақ. Жылқы — адал жануар. Үлкен катаклизмдер күтілмегенімен, эмоциялық тұрғыдан осалдық, сезімталдық байқалуы мүмкін. Бұл жылы адамдар асығыстыққа бейім болады. Яғни көшпегендер көшуге, үйленбегендер үйленуге, тұрмысқа шықпағандар тұрмысқа шығуға, ажыраспағандар ажырасуға, қайта қосылуды ойлағандар қосылуға асығады.Сондықтан бұл жылдың ең басты қағидасы — асықпау.

Қытай күнтізбесі бойынша Жылқы жылы 17 ақпанда басталады, сол күні жыл иесі — отты Жылқы келеді деп есептеледі. Ал халқымыздың дәстүрлі танымында Жаңа жыл 21-22 наурызда келеді. Түркі халықтары Жаңа жылды наурыз айында қарсы алады, ал еліміздің батыс аймағында Наурыз 14 наурызда — Көрісу күні, яғни Амал мерекесі ретінде атап өтіледі. Жылқы — адалдықтың, жақсылық пен өзгерістің символы. Дегенмен бұл жылда асығыстыққа бой алдырмау керек. Бұл — аса маңызды. Себебі ең қауіпті нәрсе — орынсыз торығу мен асығыс шешім. «Асықпаған арбамен қоян алар», «Асыққан алмас, бұйырған алар», «Тек жүрсең, тоқ жүресің» деген сөздер бекер айтылмаса керек. Бұндай нақылдардың барлығы сабыр мен байыптылықтың маңызын көрсетеді.Ең бастысы бұл жылы сабыр сақтап, әр шешімді ойланып қабылдау қажет, — деді Анна Таңжарбайқызы.

Үркек жануар және үрейшіл халық

Оның айтуынша, келер жылы халықты қаржы мәселесі мен салық салығына қатысты өзгерістер едәуір алаңдатады.

«Қалтамда қанша ақша қалады, қаншасын қазынаға төлеймін?» деген сұрақ көптің көкейінде жүр. Сондай-ақ жас әрі амбициясы жоғары жастардыбизнес ашу мәселесі қатты қызықтырады.Алайда бизнес оңай жол емес. Ол эмоциямен басталатын іс болмауы керек. Көп жағдайда жастар істі бастайды да, соңына дейін жеткізе алмай жатады. Бизнес — ерікті түрде өзіңді белгілі бір тәртіпке бағындыру. Себебі бизнесте сенің өмір салтың, күн тәртібің, ойлау жүйең түбегейлі өзгереді. Көпшілік бизнесті «қалтама түсіп жатқан дайын ақша» деп ойлайды, бірақ бұл — қате түсінік.Сондықтан асығудың қажеті жоқ. «Аттан қалып қойдым» деп аптығудың жөні жоқ. Әркімнің өз жолы, өз «аты» бар. Біреудікі — жүйрік тұлпар, біреудікі — жай жүретін ат, ал енді біреулер арбамен жүруі мүмкін. Мұның бәрі адамның ішкі дайындығына, жағдайына, ниетіне байланысты. Бұл — жеке адамға ғана емес, аймаққа, елімізге де тән нәрсе, — дейді таролог Анна Таңжарбайқызы.

Оның болжауынша, келер жыл әйел адамдар үшін сәттілікке толы болмақ. «Жылқы жылында өңірімізге инвесторлардың келу ықтималдығы жоғары, қаржы тапшылығына ұшырамаймыз. Ақша — ең ауыр, ең жауапты энергия, оны кез келген адам ұстап тұра алмайды.Шағын және орта бизнес өкілдерінде қаржылық тоқырауға деген қорқыныш басым. Ірі бизнестегілер ондай қорқынышты сезінбейді. Сондықтан жұрт «жұмыс бола ма, болмай ма, жалақы көтеріле ме?» деген ойларға көп беріледі. Қоғам бүгінде ақша тақырыбына тым қатты байланып қалғандай.Бірі ыңғайсыз жағдайға түсіп қаламын деп іштей тыншымаса, енді бірі сатқындық пен астыртын интригадан секем алады. Алдағы жылы көптеген бойжеткен жеке өмірін айқындап, тұрмыс құруы мүмкін. Ал мансапқа бет бұрған қыз-келіншектер үшін жағымды өзгеріс күтіледі. Олар үшін кәсіби ортада жаңа мүмкіндіктер ашылып, тың белестерді бағындыруы ғажап емес. Сондай-ақ мектеп түлектері мен олардың ата-аналарының көңілінде алаң бар. «Балам қай оқу орнына түседі, қаржы жеткілікті бола ма?» деген сауал оларды мазалайды. Қызығы, бұл мәселеге балалардың өзі соншалықты алаңдай бермейді, керісінше, ата-аналардың уайымы басым. Бұл —әр ата-анаға тән қалыпты жағдай», — дейді кейіпкеріміз.

Болжам не дейді?

— Келер жылы көптеген адам жұмыс орнын ауыстыруы мүмкін. Бұл бір мекемеден екіншісіне кету емес, бір ұйымның ішінде бөлім ауыстыру түрінде де көрінуі ықтимал. Кейбіреулер үшін жұмыс өзгерісі қоныс аударумен, тұрғылықты жерін ауыстырумен байланысты болады.Осыған орай біздің қала мен облыста көші-қон үдерісі күшеюі мүмкін.Ауыл тұрғындарының қалаға көшуге деген арманы оянады. Ал қала халқының бір бөлігі Астана мен Алматыға бет түзеуі мүмкін. Дегенмен қазіргі таңда Алматы сәл алаңдататын қала ретінде қабылданып отыр. Сонымен қатар біздің өңірге сырттан көшіп келем деушілер де аз болмайды. Себебі мұнда жұмыс та, мүмкіндік те бар.Алдағы уақытта халық қалаулыларының шешімдеріне қатысты қоғамда әңгіме де, пікірталас та көп болуы мүмкін. Әсіресе салық тақырыбына қатысты балама шешімдер ұсынылуы ықтимал. Бұл — жалпы ел көлеміндегі, жоғары билік деңгейіндегі мәселелер.Сын да айтылады, пікір де болады, бірақ еліміз аман, жұртымыз тыныштықта өмір сүреді. Билік пен халық арасында бірлік бар. Келер жылы зейнетақы, жәрдемақы және еңбекақы өседі. Әрине, бұл өсім аса жоғары болмайды, шамамен 10-15 пайыз көлемінде ғана. Сонымен қатар эзотерикаға, түрлі рухани ілімдерге қызығатын адамдар көбейеді. Жоғарыда айтқанымдай, қаламызға жақсы инвестициялар келеді. Ал бұрынғыша иллюзиямен өмір сүріп, «пайданы қалтаға басып қаламын» деп ойлағандар да табылуы мүмкін. Бірақ жылқы — адал жануар, ол әділетсіздікке жол бермейді. Әр нәрсе өз орнымен болады, — деді Анна Истляуп.

Бұл бар болғаны болжам ғана. Болжам жол сілтеп, бағыт-бағдар ұсынғанымен, сол жолды таңдап, алға басу әр адамның өз еркінде. Кейіпкеріміздің сөзінше, әрекетсіз нәтиже болмайды. «Әрекетсіз береке жоқ» деген сөз бекер айтылмаған ғой. Сондықтан мүмкіндік туғанда, оны жіберіп алмай, батыл қадам жасау қажет», — дейді ол.

Алла ЖАРЫЛҚАСЫН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button