Ұлы ақынның мұрасы


С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың қорында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының осыдан 90 жылдай уақыт бұрын шыққан кітабы, 100 жылдық мерейтойына орай жарық көрген толық шығармалар жинағы, сондай-ақ Мұхтар Әуезовтің 1947 жылы жарыққа шыққан «Абай» романының екінші кітабы, бүгінде құнды жәдігерге айналған басқа да ескі кітаптар бар.
Жалпы, ұлы ақынның кітаптарына келсек, ең алғашқысы осыдан 116 жыл уақыт бұрын, 1909 жылы Санкт-Петербург қаласында жарыққа шыққаны белгілі. Кітапты жарыққа шығару туралы бастаманы Әлихан Бөкейханов көтерген. 1913 жылы Әлихан «Қазақ» газетіне: «1904 жылы Абай марқұмның өлеңін кітап қылып басыңдар деп, балаларына хат жаздым. 1905 жылғы апрель аяғында Кәкітай Абайдың қолжазба кітабын алып, Омбыдағы маған келді», — деп жазған. Одан әрі Кәкітай қолжазбаны Санкт-Петербургке алып кетеді де, кітап түрлі себеппен біраз жыл кешігіп барып жарыққа шыққан екен. Ол 120 бет болып басылған. Мұқабасына «Қазақ ақыны Ибрагим Құнанбайұлының өлеңі. Бастырған: Кәкітай, Турағұл Құнанбай ұғландары» деген жолдар беріліпті.
Әйгілі бай, би әулетінен, яғни тап жауынан шыққан деген сылтаумен, кеңес билігі Абайды әдебиет тарихынан мүлде аластауға тырысты. ХХ ғасырдың 20-40жылдарында қазақ зиялыларына Абайдың есімін, мұрасын сақтап қалу жолында жанкешті күрес жүргізуге тура келді. Бір тобы осы жолда зардап та шекті. Мысалы, 1942 жылы баспадан шыққан Әуезовтің «Абай» романы жайлы «Социалистік Қазақстан» газетіне рецензия жазған ұстаз бен шәкірт — Бейсембай Кенжебаев пен Қуандық Шаңғытбаев қудалауға ұшырап, бірі қызметінен айырылса, екіншісі Алматыдан Ақтөбеге «қуылды». Дегенмен бұл күрес соңында біздің зиялылардың пайдасына шешіліп, кеңес билігі Абай Құнанбайұлын қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы ретінде қабыл алды.
Небір ұшқары пікір айтылып, дау-дамай жүріп жатқанына қарамастан, ұлы ақынның кітабын шығару ісі де Азамат соғысынан (1918-1920 жж.) кейінгі кеңес өкіметінің енді ғана ес жия бастаған жылдарынан-ақ қолға алыныпты. Атап айтқанда, 1921 жылы Қазан қаласынан «Қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының өлеңдері» атты кітап басып шығарылды. Оның дерегінде «Қазақстан Оқу халық комиссариаты атынан бастырушы Бернияз Күлеев» деп көрсетілген. Ақын Бернияз Күлеев біздің жерлесіміз екені оқырманға белгілі, 1920 жылдан бастап ол Қазақстан Оқу (тағы бір деректе — Ағарту) халық комиссариатының кітап бастырушы өкілі ретінде қызмет істеген. Қазіргіше министрлік деңгейіндегі аталған халық комиссариатын ол тұста Ахмет Байтұрсынұлы басқарғанын да еске салып кеткіміз келеді.
Сонымен қатар 1922 жылы Ташкенттегі Түркістан мемлекеттік баспасынан Абай Құнанбайұлының таңдамалы шығармалары 292 беттік кітап болып жарыққа шыққан. Араб қарпіндегі әліпбимен жарық көрген кітаптың бастапқы беттері Абайдың өмірбаянына арналыпты. Өмірбаянның авторы ретінде Кәкітай Ысқақұлы көрсетілген.
Абайдың бастапқы үш кітабы туралы аз-маз деректен кейін, сөз басында айтылған Ақтөбенің бас кітапханасында сақтаулы мұрағаоралсақ, олардың ішіндегі ең көнесі — 1936 жылы орыс тілінде жарыққа шыққан «Абай Кунанбаев. Избранные стихи» кітабы. Кітаптың Қазақстан өлкелік баспасынан шыққаны көрсетілген, аудармашысы — Всеволод Рождественский.
Кітаптың алғысөзі өте қысқа жазылып, Абайдың қазақтың ірі классик ақыны, қазақ жазба поэзиясы мен әдеби тілінің негізін қалаушы екені айтылады. «Абай шығармашылығы сан қырлы. Жастық саздары, көктем, достық пен махаббат — бұл үлкен ақынның шығармашылығында өмірдің сан алуан қыры көрініс табады.Бұл жинаққа Абай Құнанбаевтың әлеуметтік бет-бейнесі мен ақындық шеберлігінің деңгейін барынша жарқын көрсететін шығармалары енгізілген» деп атап көрсетіліпті. Кітап «Жазғытұры», «Күз», «Қыс» өлеңдерінің аудармаларымен басталады. Жалпы, 28 өлең аударылып берілген. Таралымы — 7 мың кітап.
1945 жылы Абайдың 100 жылдық мерейтойы атап өтілді. Осыған байланысты оның шығармаларының толық жинағын шығару, Семейде музей ашу сынды үлкен істер қолға алынды. Қазақ КСР Ғылым Академиясының ұйымдастыруымен Абай шығармаларының толық жинағы 1948 жылы жарық көрді. Кітап сол кездегі республиканың бас баспасы — Қазақтың біріккен мемлекеттік баспасынан шықты. Бастапқы бетте «Қазақтың әдеби тілі мен жаңа әдебиетінің негізін салған ұлы ақын — Абай (Ибрагим) Құнанбаев шығармаларының осы жинағы ақынның туғанына 100 жыл толу мерекесіне арналып шығарылды» деп атап көрсетілген.
Назар аударарлық жайт, Абайдың бұрынғы кітаптарында аты-жөні қазақы ретпен «Абай Құнанбайұлы» деп жазылса немесе 1943, 1944 жылдары шыққан кітаптарында тек «Абай» деп көрсетілген болса, осы жолы тегі «Құнанбаев» деп беріліпті.
Шығарушылар алқасын филология ғылымдарының докторы Нығмет Сауранбаев басқарған, ал алғысөз ретінде берілген көлемді мақаланы белгілі жазушы Сәбит Мұқанов жазған. Мақала «Абай — қазақ халқының ұлы кемеңгері» деп аталады. Автор: «Абай — қазақ халқының сүйікті ұлы, себебі ол, Абайдың өз тілімен айтқанда, әкесінің баласы болған ұл емес, халықтың баласы болған ұл және тар мағынасында халық баласы болған ұл емес, өз ұлты қазақты сүйе отыра, барлық ұлттың еңбекшілерін бауыр көрген гуманист ұл.
Абай қазақ халқын сүюмен ғана қанағаттанған емес. Ол — сүйген халқының қоғамдық көшін ілгері бастауда, ой-пікірін кеңейтуде, ұлттық сана-сезімін көтеруде, ұлт мәдениетін, әсіресе ұлт әдебиетін өркендетуде өте зор еңбек атқарған қайраткер», — деп жеткізеді.
Кітап 4 бөлімнен тұрады: Абайдың өлеңдері; поэмалары; ғақлия қарасөздері, түсініктер. Кітапқа арнап ұлы ақынның өмірбаянын жазу, шығармаларына редакциялық ету ісі Мұхтар Әуезовтің басшылығымен жүзеге асса, ал түсініктердің өзі бірнеше бағытта беріліп, оларды жазуға бірқатар ғалымның еңбегі сіңген. Мысалы, әр өлеңнің жазылған жылын анықтап, тәртіппен орналастыру Есмағамбет Исмаиловқа жүктелсе, Әуелбек Қоңыратбаев шығармаларда кездесетін кісі аттарына түсініктер берген. Ал араб-парсы сөздерінің түсінігін Бозтай Жақыпбаев пен Нығмет Сәбитов жазған, т.б.
Кітапта өлеңдер шығарылған жылына байланысты рет-ретімен берілген. Ең алғашқы жалғыз шумақ 1855 жылы шығарылыпты, яғни бұл — Абайдың 10 жасар кезі. Соңғы өлеңдері 1903 жылы жазылған, оған қоса жылдары белгісіз және жаңа табылған өлеңдері бөлек-бөлек берілген.
Бұл кітаптың үлкен еңбекпен шыққаны жөнінде алғысөзде: «Ақынның осы қолыңыздағы академиялық шығармалар жинағын бастыруда басты жұмыстар істелді: Ғылым академиясының Қазақ филиалының Тіл-әдебиет институты Абайдың өмірін, шығармаларын зерттеу жөнінде екі экспедиция (1943, 1944 жылдары) ұйымдастырып, бұл экспедициялар Абайдың өміріне, шығармаларына байланысты аса құнды жаңа материалдар тапты. Бұл жинаққа бұрынғы баспаларына енбеген Абайдың 7 өлеңі берілді («Домбыраға қол соқпа», «Түбінде баянды еңбек егін салған», «Әйелің Медет қызы, аты — Өрім», «Бөстегім, құтылдың ба Көтібақтан?», «Мен боламын демеңдер», «Ойға түстім, толғандым», «Қулық пенен сұмдыққа» сияқты.) «Әзім әңгімесінің» аяғына бұрынғы баспаларында жоқ 12 жол өлең қосылды. Бұрын ІІ томында 37-сөздің ішінде бірге басылған шағын бір өсиет сөз мағына, тақырып жағынан афоризм сөздер тобына жатпайтындығын еске алып, оны өз алдына 45-сөз етіп берілді. Ұлы классик ақындардың шығармаларының жеке сөздерін түпкі нұсқасына келтіру — үлкен ғылыми зерттеудің жұмысы. Бұрынғы баспаларын, қолжазбаларды қадағалап қарау нәтижесінде Абайдың осы баспасында да бірталай сөздер жөнделді. Бірталай сөздеріне жаңаша дұрыс түсініктер, талдаулар берілді», — деп атап көрсетіліп, одан әрі жеке шығармалар жөнінде деректер айтылады.
Кітапхана қорында 1950 жылы «Мектеп кітапханасы» сериясымен шыққан ақынның «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңдер жинағы да сақталыпты. Мұндағы мөрде «Актюбинская библиотека автомобиль» деген жазу айқын көрініп тұр. Ол заманда әр сала, мекеме өз кітапханасын жасақтағанын білеміз. Мөрдегі жазу да соның бір ескерткіші болса керек. Кітап 25 мың таралыммен шыққан.
1954 жылы Қазақ КСР ҒА-ның Тіл және әдебиет институты Абай шығармаларының толық жинағын екі том етіп қайта шығарған. Бұл жерде бұрынғы кітаптарындағы секілді жақша ішіндегі «Ибраһим»есімі қоса көрсетілмеген. Таралымы — 20 мың кітап.
1957 жылы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан тағы да Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы жарық көрген, ол да біздің кітапханадағы құнды мұраның қатарында сақтаулы тұр. Бұл жинақтың бір құндылығы — жалпы редакциясын Мұхтар Әуезов басқарған. Алғысөзде Мүрсейіт жазып қалдырған Абай шығармаларының көшірме үш қолжазбасы бары айтылып, олардың уақыты 1905, 1907 және 1910 жылдар деп көрсетіледі. Сол кезде 1905, 1910 жылдардағы қолжазбалар Қазақ КСР ҒА-ның қолжазба қорында сақталса, 1907 жылғысы Мұхтар Әуезовтің кітапханасында екен. Кітапқа Абайдың, оның ұлы Мағауияның суреттері де берілген.
Кітапхана қорында ұлы ақынның өткен ғасырдың 50-60 жылдарында жарық көрген басқа да кітаптары да сақталыпты. Бұл кітаптардың сарғайған, кей тұста тозған парақтарында талай буын оқырманның қолының табы жатыр…
Индира ӨТЕМІС.





