Жарыстар мен жеңістер

Жазғы спорт түрлері бойынша ұлттық құрамалардың бапкерлері алдағы 2026 жылға маңызды белес ретінде көз тігіп отыр. Өйткені 19 қыркүйекте Жапонияда ХХ жазғы Азия ойындарының шымылдығы түрілмек.
2023 жылы Қытайда өткен ХІХжазғы Азиаданы Қазақстан жалпыкомандалық есепте 11-орынмен аяқтады. Бұл — ел тарихындағы ең төменгі нәтиже. Жалпы, 2018 жылы Индонезияда және 2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында ұлттық құрамамыз жалпыкомандалық есепте бұрынғыдай үздік бестіктен көріне алмады, алайда медаль саны жағынан құрлықтың алыптары саналатын Қытай, Оңтүстік Корея және Жапониядан кейінгі 4-орынды сақтап қалды. Бұл еліміздің спорт саласындағы әлеуетінің әлі де жоғары екенін, тек дайындықты пысықтай түсу керектігін көрсетеді.
Келесі жылы жапон елінің Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді деп жоспарланған жазғы Азия ойындарында спорттың 41 түрі бойынша жүлделер сарапқа салынбақ. Қазақстандық спортшылар соның 30 түрінен өнер көрсетеді. Осы байрақты бәсекеде ел намысын қорғау үшін сынға түсетін спортшылардың сапына Ақтөбе өңірінен кімдер қосыла алады деген сауал төңірегінде біз өзіміз үміт күтетін жерлестеріміздің соңғы жарыстардағы нәтижелеріне шолу жасадық.
Нұрқанат тағы қуанта ма?
Алдымен тағы да бұған дейінгі соңғы екі Азиаданың қорытындыларына оралсақ, 2018 жылы Индонезияда грек-рим күресінің шебері Мейрамбек Айнағұлов қола жүлде иеленсе, 2023 жылы Нұрқанат Әжіқанов каратэден өз салмақ дәрежесінде қарсыластарының барлығынан басым түсіп, чемпион атанған болатын.
Каратэ 2026 жылы өтетін жазғы Азия ойындарының бағдарламасына да енген.
Дүниежүзілік каратэ федерациясының рейтингінде Нұрқанат Әжіқанов 2024 жылдың қорытындысы бойынша 75 кг салмақ дәрежесінде 4-орында тұрған еді.
Қазіргі нәтижесі — 16-орын.
Нұрқанат биыл қаңтар-маусым аралығында өткен Премьер-лига жарыстарында өзі ойлағандай сәтті өнер көрсете алмады, сондай-ақ Қытайдың Чэнду қаласында өткен олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша ХІІ Дүниежүзілік ойындарда да жүлдеге қол жеткізген жоқ. Чэндуде ол қола жүлде үшін таласта әлем чемпионы Абдалла Абделазизден жеңілді. Айта кетейік, египеттік Абдалла Абделазиз осы салмақта әзірге рейтингте көш бастап тұр.
Дегенмен Нұрқанат осы жылды құр алақан өткізген жоқ. Ол мамыр айында Өзбекстан астанасы Ташкенттеболған құрлық чемпионатында жекелей сында топ жарды, ал командалық сында ерлер құрамасының сапында қола жүлде иегері атанды. Осымен Нұрқанат Азия чемпионатында үшінші рет жеңімпаз болды. Бұған дейін 2021, 2023 жылдардағы құрлық біріншіліктерінде де алтыннан алқа таққан еді. Сондай-ақ ол 2021 жылы әлем чемпионатында екі мәрте (жекелей және командалық сында) қола жүлдегер атанды.
Дүниежүзілік каратэ федерациясының рейтингінде Нұрқанат қазір де, Азияның ең үздік үш спортшысының қатарында. Демек, оғаналдағы жылы да Ханчжоудағы, жеңісін қайталай алады деп сенім артуға әбден негіз бар.
Баландиннің ізбасары
Биылғы қазанда Үндістанның Ахмедабад қаласында өткен су спорты түрі бойынша Азия чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасының өте жарқын нәтижеге қол жеткізгенін бұған дейін де жазған едік. Біздің жүзушілер 1 алтын, 4 күміс, 5 қола медаль иеленді. Бұл — бұрын-соңды болмаған тарихи көрсеткіш. Ал осы нәтижеге біздің жерлестеріміз де үлес қосты: Глеб Коваленя (еркін жүзу) мен Айбат Мырзамұратов (брасс әдісі) қысқа қашықтықта өнер көрсетіп, екеуі де күміс жүлде алды. Оның ішінде біз Айбатты Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландиннің бүгінгі ізбасарына балай аламыз: Баландин секілді ол да брасс әдісімен жүзудің шебері.
Айтпақшы, olympic.kz сайтына берген сұхбатындажүзуден ұлттық құраманың бас бапкері Илья Гусаков та: «Біздің командамызда басқа да талантты жастар бар. Мысалы, ақтөбелік Айбат Мырзамұратов брасстың әлемдік көшбасшысы — әлем және Олимпиада чемпионы Цин Хайянға ғана жол беріп, Азия чемпионатының күміс жүлдегері болды», —деп айрықша атап өтті.
Айбат пен Глеб биыл Азия чемпионатынан басқа да көптеген ірі жарысқа қатысты. Глеб — Сингапурда өткен әлем чемпионатында, ал Айбат Румынияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында өнер көрсетіп, тәжірибе жинақтады. Сондай-ақ Айбат Мырзамұратов Германияда өткен ХХХІІ жазғы Универсиадада 100 метр қашықтықта брасс әдісімен жүзуден 13-орын алды.
Ал қараша айында Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен VI Ислам ынтымақтастығы ойындарында Айбат брасс әдісімен жүзуден 100, 200 метр қашықтықтардағы, кешенді әдіспен жүзуден 200 метр қашықтықтағы жарыстарда қола жүлдегер атанды. Ал ерлер құрамасының сапында кешенді және еркін әдіспен жүзуден эстафетада (4х100 метр) күміс жүлде алды. Яғни Эр-Риядтан үш мәрте қола, екі мәрте күміс жүлдегер атанып оралып отыр. Жоғарыда айтылған командалық жарыстарға Глеб Коваленя да қатысып, Ислам ынтымақтастығы ойындарының екі мәрте күміс жүлдегері атанды.

Аруна әперген алтын
Эр-Риядта өткен осы жарыста ел қоржынына алғашқы алтынды ақтөбелік дзюдошы Аруна Жангелдина салғанын да атап өткіміз келеді. Аруна 78 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Ол — 4 мәрте Қазақстан чемпионы, 2022 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері. Алғаш рет 2021 жылы Орал қаласында өткен ел біріншілігінде топ жарды, содан бері өз салмағында ең үздік өнер көрсетіп келеді. Биыл, уақыт жағынанИслам ынтымақтастығы ойындарымен сәйкес келгендіктен болар, Семейде ұйымдастырылған Қазақстан чемпионатына қатыспады, алайда жоғарыда айтқанымыздай, Эр-Риядта ел намысын абыроймен қорғады. Сондықтан алдағы жазғы Азия ойындарында ұлттық құраманың бапкерлері Арунаға сенім артады деп үміттенеміз.
Жалпы, Ақтөбенің дзюдо мектебі өз спортшыларымен мақтана алады.2001 жылы Асхат Шахаров әлем чемпионатының қола жүлдегері атанса,2015 жылыРүстем Ибраев әлем чемпионатының финалына дейін жетіп, күміс жүлде алды. 2018 жылы Жанболат Бағытбергенов жастар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды.
Ал былтыр Португалияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында Жанарыс Рахметқали қола жүлде иегері атанды. Осы жылдың басында Жанарыс ұлттық құраманың сапында Хорватияда өткен Гран-при жарысына қатысып, алтын жүлде алды. Ол 66 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Ұлттық құрамада бұл салмақ дәрежесіндегі бәсекенің жоғары екенін білеміз: Париж Олимпиадасының жүлдегері Ғұсман Қырғызбаевтың осы салмақта екенін айтсақ та жеткілікті.
Алайда Жанарыс та біздің үлкен үмітіміздің бірі. Оған әлемдік, халықаралық деңгейдегі ең ірі жарыстарда лайықты өнер көрсететін мүмкіндік туады деп күтеміз.
14 жыл күткен жеңіс
2003 жылғы әлем чемпионы Галиб Жафаров, халықаралық жарыстардың жеңімпазы Мәди Шолақов, кейіннен Маңғыстаудың атынан өнер көрсеткен, әлем чемпионатының қола жүлдегері (2011 жыл)Берік Әбдірахманов, Әзірбайжан атынан қатысып, Рио-де-Жанейро Олимпиадасының жүлдегері атанған Камран Шахсуварлы сынды шеберлерді шыңдаған Ақтөбе бокс мектебінің мерейі әрдайым үстем болғанын қалаймыз. Өткен жылғы ел чемпионатында Дәулет Төлемісов (80 кг) пен Бекзат Алдамжаров (51 кг) финалға дейін жеткен еді. Алайда екеуі де күміс жүлдені қанағат тұтты.
Биылғы 14-21 қазан аралығында Семей қаласында өткен ел біріншілігінде де Бекзат пен Дәулет финалға шықты. Бекзат былтырғы ақтық сындағы қарсыласы Даниал Сәбиттен тағы бір мәрте жеңілсе, ал Дәулет (бұл жолы 85 кг) Алматы облысының өкілі Сұлтанбек Айбарұлын жеңіп, Қазақстан чемпионы атанды. Әрине, бокстан өте күшті мектебі бар елде топ жару оңай емес екені түсінікті. Біздің облыстан бұған дейін соңғы рет 2011 жылы Мәди Шолақов ел чемпионы атанған екен, ал жаңа чемпионмен араға 14 жыл салып барып қауышып отырмыз.
Жалпы, осы жылды Дәулеттің сәтті бастағанын айта кету керек. 30 наурыз бен 6 сәуір аралығында World Boxing ұйымы Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында 2025 жылғы Әлем кубогының бірінші кезеңін ұйымдастырды. Біздің жерлесіміз ұлттық құрама сапында осы жарысқа қатысып, жеңімпаз атанды. Финалда ол 2024 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы, өзбекстандық боксшы Акмолжан Исраиловты жеңді.
Дәулет бұған дейін жасөспірімдер мен жастар арасындағы жарыстарда да жетістіктерге жеткен болатын. Сонымен бірге ол — биылғы Қазақстан біріншілігіндегі ең жас чемпион.
Балуандардың бағы жанса…
Күрес түрлерінен ұлттық құрамалар мен жастар құрамаларының сапында да ақтөбелік балуандар бар.
Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2019 жыл), Азия чемпионатының 4 мәрте жүлдегері Мейрамбек Айнағұлов соңғы уақытта әлемдік деңгейдегі ірі жарыстарға қатысқан жоқ. Алайда ол өткен жылы Атырауда, Ресейдің Новосібір қаласында өткен халықаралық турнирлерге қатысып, алтын және қола жүлде иеленді. Сондай-ақ биыл грек-рим күресінен Қазақстан кубогына да қатысты.
Еркін күрес шебері Мейрамбек Қартбай өткен жылы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды және Париж Олимпиадасында өнер көрсетті.
Арсен Жұма — болашағынан зор үміт күттіретін жастардың бірі. Ол 2022 жылы грек-рим күресінен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қола жүлде алған еді. Араға үш жыл салып, биыл осы жетістігін жастар арасындағы әлем біріншілігінде де қайталады. Тамыз айында Болгарияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында Арсен қола медаль үшін болған белдесуде қырғызстандық балуан Омур Ынтымақұлын 10-0 есебімен ойсырата жеңді.
Сондай-ақ Ұланқандас Өтегенов биыл Қарағандыда өткен ҚР Жастар ойындарында грек-рим күресінен (130 кг) жеңімпаз атанды. Ал мамыр айында өткен Қазақстан Кубогында қола жүлдеге ие болды.
Облыстық спорт басқармасының мәліметіне сай, облыста ҚР ұлттық құрамаларына мүше 61 спортшы бар. Ал қысқы және жазғы олимпиадалық спорт түрлері бойынша негізгі, сондай-ақ жастар және жасөспірімдердің ұлттық құрамалары сапына58 ақтөбелік спортшы еніп отыр. Ел намысын қорғайтын жарыстарда жерлестеріміздің бабы мен бағы қатар шапқай дейміз.
Өкінішке қарай, тәуелсіздік жылдарында Ақтөбе топырағынан Олимпиада жүлдегері шыққан жоқ. Боксшы Ермахан Ыбырайымов, ауыр атлет Фархад Харки және балуан Нұрислам Санаевтар басқа жақтан келген спортшылар екені белгілі. Сондықтан біз әр спортшының, әсіресе жастардың жолына ерекше үмітпен қарайтынымызды бапкерлер мен облыстық федерациялар басшыларының қаперіне тағы бір салғымыз келеді.
Индира ӨТЕМІС.



