Дәуір данасы— Міржақып

Дөңгелек үстел
Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты «Қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ Нокин тұрғын үй алабының №12 кітапханасында Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, ағартушы, жазушы, ұлт ұстазы Міржақып Дулатовтың 140 жылдық мерейтойына арналған «Дәуір данасы — Міржақып» атты дөңгелек үстел өтті.
Кітапханашы кештің мақсатына йқындап, Міржақып Дулатұлының күреске толы тағдыры мен ұлттық сананы оятудағы қызметі туралы айтты. «Zaman» театр студиясының жас өнерпаздары ақынның өлеңдерін тебірене оқыды. Шығанақ Берсиев атындағы жоғары аграрлық техникалық колледжінің мұғалімдері Міржақыптың өмір жолын, қоғамдық-саяси қызметін кеңінен баяндап, оның тұтас бір дәуірдің айнасы болған тұлға екенін атап өтті.
№65 мектептің кітапхана меңгерушісі Мейрамгүл Жұмабаева Міржақыптың «Оян, қазақ!» еңбегі туралы айтты. Осы мектептің 6-сынып оқушылары Міржақыптың шығармаларын жатқа оқып, әрбір ойдың астарында адамгершілік пен азаматтықты дәріптеген терең мағына жатқанын жеткізді.
№75 мектептің оқушылары Әмина Еламан «Бақытсыз Жамал» романын талдап, ондағы әйел теңсіздігі мен қоғам мәселелерін ашып көрсетсе, Салтанат Мақсатқызы «Қазақ» газетінің ұлт руханиятындағы рөлін түсіндірді, ал Назым Ақтамақова Міржақыптың кесенесі мен мұражайы жөнінде тың мәліметтер бөлісті. Осы мектептің тағы бір оқушысы Мәдина Мақсатова Міржақыптың «Алаш ұраны» өлеңін мәнерлеп оқыды.
Іс-шара барысында «Дәуір данасы — Міржақып» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалып, қатысушылар ақынның еңбектерімен, Алаш қозғалысы туралы әдебиеттермен танысты.
Іс-шара соңында қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Гүлнар Салиева сөз алып, жастардың белсенділігіне ризашылығын білдіріп, қатысушыларды марапаттады.
Жұлдыз САДЫҚ,
Нокин тұрғын үй алабындағы №12 кітапхана меңгерушісі.



