Кәсіптік бағдар тәлімгері

Колледж
Нағыз еңбек адамы — істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат. Осындай қызметі көп көзге көріне бермейтін, халық арасында қаншама жандар жүр. Соның бірі — Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері Орынбасар Тұрғамбеков.
Ол 1970 жылы Ойыл орыс орта мектебін бітіріп, Орал қаласындағы Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтына түскен. 1975 жылы институтты тәмамдап, ауыл шаруашылығының инженер-механигі мамандығын алып шығады.
Ол алғашқы еңбек жолын №196 Ойыл орта селолық кәсіптік-техникалық училищесінде арнайы пән оқытушылығынан бастаған. Училищеде үш жылдай қызмет етіп, 1978 жылы «Ойыл» кеңшарына мамандығы бойынша инженер болып ауысады. Сол жылы әкесі дүниеден озып, отбасындағы үлкені болуына байланысты артынан ерген бауырларын оқытып, өз алдына үй қылып жіберу осы кісінің мойнына жүктеледі. Отбасындағы міндеті мен жұмысын қатар арқалап, он бес жылдай абыроймен қызмет атқарды. Көптеген жұмысты жүзеге асырып, маңдай терімен сол ұжымда өзінің қолтаңбасын қалдырды.
Елдегі экономикалық өзгерістерге байланысты және нарық талабына сай кеңшарлар таратылды, шаруалар жекеменшікке қарай бейімделген тұста ол училищедегі бұрынғы қызметіне қайта оралады.
Бұл кезде оқу орны №22 Ойыл орта кәсіптік-техникалық училищесі болып өзгерген болатын. Орынбасар Жұмайұлы өндірістен жинаған тәжірибесі мен теориялық білімін ұштастырып, мамандар даярлау ісіне қайтадан құлшына кіріседі. Осылайша тағы да жиырма жеті жылын осы білім беру саласына арнайды. Осы уақыт ішінде білім ордасы атауы бірнеше рет өзгерді.
Бастапқыдағы жоғары кәсіптік училищесі 1996 жылы №2 Ойыл кәсіптік-техникалық лицейі болды. Одан кейін Ойыл кәсіптік лицейі атауын иеленіп, 2009 жылы Ойыл аграрлық колледжі болып тұрақталды.
Ұлағатты ұстаз оқу орнымен бірге көктеп, заман талабына сай өзін де жетілдіріп, шәкірттерін де жан-жақты дамытып, уақыт көшінен қалмай, талмай қызмет етті. Ол оқытушылығымен қатар, осы оқу орнында директордың орынбасары сияқты жауапты қызметтер де атқарды. 1997-1999 жылдар аралығында №2 Ойыл кәсіптік-техникалық лицейдің директоры болып тағайындалып, оқу орнын екі жылдай басқарды.
Білім берген студенттері мамандықтары бойынша түрлі сайыстарға қатысып, бірнеше мәрте облыстық деңгейдегі Гран-при иегері, республикалық сайыстарда жүлделі екінші орынды иеленді. Ұстаздан білім алып, тәрбиесін көрген шәкірттері қазіргі таңда қоғамның сан түрлі саласында еңбек етіп, сол бағытты алға жылжытуға үлес қосып, лауазымды қызметтер де атқарып жүр.
Ұстаз еңбегі лайықты бағаланып, «Қазақстан Республикасы Білім саласының құрметті қызметкері» атанды. Салалық министрліктің Құрмет грамоталарымен марапатталып, «Үздік арнайы пән оқытушысы» атағын иеленді.
Алтын діңгек ұстаз жолдасы Мәриям апай екеуі төрт перзент тәрбиелеп өсірді.
Мәриям апай аудандық ауруханада қырық жылдай мейірбике болып қызмет етті. Олардың балалары да бүгінде ел таныған азамат болып, адал қызметтерімен халық алғысына бөленіп жүр. Ал ата мен әже атанған қос ардагер немерелер қуанышына бөленуде.
Орынбасар Жұмайұлы әлі күнге дейін колледжде, ауданда өткізіліп жатқан іс-шараларға белсене қатынасып, атсалысады. Жасы жетпістен асып кетсе де шаруасына мығым ақсақал өзінің жүк жеңіл көлігін тізгіндеп, бұзылса жөндеп, көршілеріне, көшедегі жастарға еңбегімен үлгі болып жүр.
Бақытын ұстаздықтан тапқан ардагер тәлім иесінің адал еңбегін, жүріп өткен жолын өсіп келе жатқан жас ұрпаққа жеткізіп, дәріптеп жүру — біз үшін парыз.
Д.САДЫҚОВ,
Ойыл аграрлық колледжінің
топ кураторы.



