Қарапайым жандар қуанышы

Жыл үздігі
Қалалық мәдениет сарайында «Жыл үздігі – 2025» салтанатты іс-шарасы өтті. Ерікті, аула сыпырушы, құтқарушы, мұғалім, дәрігер, агроном, өрт сөндіруші, электромонтер және тағы басқа да бір топ еңбек адамын Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет марапаттады. 2025 жылы еңбегімен еленген жандар «Жыл үздігі» атанды.
Қала әкімі құттықтау сөзінде өңірдің биыл қол жеткізген оң нәтижелері туралы айтты.
— Биыл біз шаһарымызды абаттандыру, жол құрылысы, қоғамдық кеңістік салу, инфрақұрылым желілерін жүргізу жұмыстарына ерекше мән бердік. Жол құрылысы бағытында 42 жоба жүзеге асырылып, бірнеше елді мекеннің көше жолдары, бірқатар тұрғын алаптың кіреберістері, мектепке барар жолы жөндеуден өтті. 15-тен астам аллея мен гүлзар демеушілердің көмегімен абаттандырылды. Алдағы жылы 20-ға жуық қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарымызда бар. Қала тұрғындарының саны 600 мың тұрғыннан асып, көркейіп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялағаны белгілі. Бұл — адал еңбек иелерін бағалаудың маңызды қадамы, — деді Азамат Бекет.
Қала әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан әрбір ақтөбелікке алғысын білдіріп, бір топ азаматқа «Жыл үздігі» жүлдесін табыстады. Биыл «Жыл үздігі — 2025» байқауы бірнеше номинация бойынша өткізіліп, жұмысшы мамандықтарға, еңбек адамдарына басымдық берілді.
«Ақтөбе қаласының дамуына қосқан үлесі үшін» медалі жол жұмысшысы Берікбай Ізматовқа, 20 мыңнан астам күрделі ота жасаған хирург-дәрігер, №1 қалалық көпсалалы аурухананың нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Мақсат Оразжановқа және биыл 19 қылмыстық істі ашқан, әкімшілік құқықбұзушылықтың 480 дерегін анықтаған учаскелік инспектор Нұрбек Жүгінісовке берілді. Сондай-ақ «Мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясымен Нұрдәулет Алдашев, «Ғылым саласының үздігі» номинациясымен Ақмарал Баспақова, «қоғамдық қауіпсіздік саласының үздігі» номинациясымен қалалық полиция басқармасы Қоғамдық қауіпсіздік бөлім бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Әнуар Тілеумағанбетов марапатталды.
— Қоғамдық тәртіпті қадағалайтын полиция қызметкерлерінің әр күні қарбаласқа толы. Асқан қырағылық пен табандылықты талап ететін бұл қызметтің жауапкершілігін арқалау оңай емес. Жыл соңында еңбегіміз еленіп, «Жыл үздігі» атандық. Өзім құқық қорғау саласында 2004 жылдан бері қызмет етіп келемін. Қызмет барысында түрлі қауіпті қылмыстардың алдын алдық. Халықтың өмірі мен тыныштығын сақтауға үлес қосып жүрген әрбір жанның еңбегі зор құрметке лайық, — дейді Ә.Тілеумағанбетов.
«ATK Qyzmet» ЖШС жол жұмысшысы Берікбай Ізматов Жұмысшы мамандықтары жылы аясында еңбегінің еленгеніне ризашылығын білдірді. Жеті баланың әкесі қандай жағдай болсын, отбасын асыраудың қамымен түрлі ауыр жұмысты атқарған.
— Жаңа жыл жақсылығымен келсін. Алда келе жатқан Жылқы жылы жылылығын сыйласын. Марапатқа лайық деп тапқан ұжымыма алғысымды білдіремін, — дейді жұмысшы.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



