Жұмысшы мамандықтары жылы

Ақтөбе көшесіне металлург есімі берілді

Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Ақтөбе қаласындағы көшелердің біріне көрнекті металлург Сертай Кенжалиннің құрметіне берілген көшенің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Ақтөбе ферроқорытпа зауытының өкілдері мен металлургтің туыстары қатысты.
Ақтөбе қаласындағы Рысқұлов және Кенжалин көшелері қиылысы бойындағы аялдама жанына шағын ескерткіш тақта орнатылған. Бұл істі «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жүзеге асырған. Металлургтің бейнесі мен оның өмір жолы жазылған ескерткіш тақтаның алдына бұл күні бір топ адам жиналды. Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Ержан Абдулабеков жиналғандарды құттықтап, Сертай Кенжалиннің металлургия саласындағы еңбегін ерекше атап өтті. Ол Кенжалиннің кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігі болашақ ұрпаққа үлгі болатынын, сондай-ақ Ақтөбе индустриясының дамуына қосқан үлесі зор екенін айтты. Сонымен қатар ол көрнекті металлургтің есімін ұлықтау арқылы аймақтағы өнеркәсіп саласының тарихын сақтау мен жастарға патриоттық рух беру маңызды екенін жеткізді.
Көше атын иеленген Сертай Кенжалиннің есімі Ақтөбе металлургиясының қалыптасуы мен дамуы тарихымен тығыз байланысты. Ол — өңірдегі ірі өнеркәсіп өндірісінің бастауында тұрған тұлғалардың бірі.
1928 жылдың 16 қазанында дүниеге келген Сертай Кенжалиннің өмір жолы шытырман оқиғаларға толы болды. Бес жасында анадан, он жылдан соң әкеден айырылған бала үшін тағдырдың ауыртпалығы ерте басталған. Дереккөздердегі мәліметтерге сүйенсек, оның өз қолымен жазған өмірбаянында 1933-1944 жылдар аралығында Ырғыздағы балалар үйінде тәрбиеленгенін атап өтеді. Жеті жылдық мектепте оқып жүрген жас жігіт Ұлы Отан соғысының қиын кезеңінде Ақтөбе қаласында феррохром өндіріп, әскери қажеттіліктерді қамтамасыз ететін жаңа зауыттың ашылып, алғашқы өнімдерін бере бастағанын білетін. 1944 жылы зауытқа маман даярлау мақсатында фабрика-зауыттық оқу мектебі (кейін ФЗО деп аталды) ашылады. Сол кезде Сертай Кенжалин де облыстың алыс ауылдарынан оқуға шақыртылған оқушылардың қатарында болды. Осылайша ол өмірінің соңына дейін өз тағдырын Ақтөбе ферроқорытпа зауытымен байланыстырды. «ФЗО-ның ең бірінші түлектері алып кәсіпорын цехтарына жолдама алды. Қарабұтақтың намысшыл, жігерлі бозбаласына балқыту цехында аға горновой Петр Трегубтың қарауында жұмыс істеу бұйырыпты. От-жалын бүркіп тұрған, толассыз гуілі құлақ жарардай ыссы пеш алдында тапжылмай тұруға жігіттің жігіті ғана шыдайды. Кенжалин өзі сияқты алыс ауылдардан келіп, үлкен сынақтардан сүрінбей өткен Қолғанат Тоқбаев, Смағұл Үкібаев, Смайыл Бодықов, Келекеш Көбенов, Имаш Шарапанов сияқты тұрғыластарын мақтанышпен айтып жүрді. Тіпті қыздардың кезекшілік бригадасын басқарған Катя Ворожищеваның қайсар мінезі қанша тұрады?! Құрыштай мығым ұжымның қимылы нәтижесінде зауыт соғыс жылдарында Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің ауыспалы Қызыл туын бес мәрте жеңіп алды. Бұл табыста Кенжалиннің де үлесі болғаны даусыз», — деп жазады «Ақтөбе» газетінің 2016 жылғы сандарының біріне шыққан «Біз Сертайды ұмыттық па?» атты мақаласында журналист Жанғабыл Қабақбаев.
Бастапқы он үш жылда №1 балқыту цехында аға горновой болып жұмыс істеген Сертайды зауыт басшылығы 1958 жылы пештер бригадирінің көмекшілігіне тағайындайды, одан әрі пештер бригадирі қызметі жүктеледі. Ақтөбе ферроқорытпа зауытының тәжірибелі металлургі Кенжалин жұмыстан қол үзбей жүріп, білімін көтереді. Соғыстан кейінгі ауыр жылдар қиындығына мойымай, жұмысшы жастардың кешкі мектебін тәмамдайды, кейін Қазақ политехникалық институтында сырттай білім алады.
1963 жылы ауқымды жаңғырту кезеңінде алғашқы цехта вакуум жағдайындағы конверторларда төмен көміртекті феррохром өндіру технологиясы игеріле бастады. Сертай Кенжалин басқарған бригада бұл технологияны алғашқылардың бірі болып табысты енгізіп, жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізді. Оның кәсіби беделі зауыт деңгейінде ғана емес, мемлекеттік деңгейде де мойындалды. Ақтөбе өңірінің сайлаушылары Сертай Кенжалинге Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде өңір атынан өкілдік ету сенімін білдірді. Көпжылдық адал еңбегі мен металлургия саласының дамуына қосқан үлесі үшін Сертай Кенжалин Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Қажырлы еңбегі үшін» медальдарымен марапатталып, «КСРО-ның құрметті металлургі» атағына ие болды.
Кеңес Одағы тұсында үстемдік құрған Коммунистік партия қатарына 1961 жылы қабылданған ол 1984 жылы дүние салған сәтіне дейінгі аралықта партиялық принциптерге адалдығынан айныған жоқ. Оның ең басты қасиеті жұмысшы табының арын арлап, мұңын жоқтаумен болды.
Әкесінің есімі берілген көшенің салтанатты ашылу рәсімінде металлургтің ұлы Серік Кенжалин тебіреніспен сөз сөйлеп, жүрекжарды қуанышын бөлісті. Ол бұл игі бастаманың жүзеге асуына немере ағасы Сәрсенғали Ысқақтың сіңірген еңбегі айрықша екенін атап өтті.
— Әкем Сертай Кенжалин — Сәрсенғалидің әкесі Ысқақтың туған інісі. Кезінде ағам Сәрсенғали әкемнің атына көше беру туралы бастама көтеріп, қалалық әкімдікке, ардагерлер кеңесіне, сондай-ақ облыстың белгілі азаматтарына хат жолдаған еді. Алайда бір мезетте көше атауларына қатысты мораторий жарияланып, бұл мәселе уақытша кейінге шегерілді. Содан бері арада 10-15 жылдай уақыт өтті. Бүгін, міне, сол табанды еңбектің, үзілмеген үміттің нәтижесін көріп отырмыз. Әкемнің есімі туған еліндегі бір көшеге беріліп, оның салтанатты ашылуына куә болдық. Бұл — бір әулеттің ғана емес, елге адал қызмет еткен тұтас бір ұрпақтың еңбегіне көрсетілген зор құрмет. Осындай игі істің жүзеге асуына қолдау білдірген азаматтарға, ел ағаларына шексіз алғысымды айтамын. Әкемнің аты халық жадында осылайша жаңғырып, кейінгі буынға өнеге болып қала беретініне кәміл сенемін, — деді ол.
Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Ержан Абдулабековтің айтуынша, зауыт ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетіледі. Зауытта ардагерлерге арналған арнайы бұрыш жасақталған. Сондай-ақ ардагер металлургтердің бас қосып, бір-бірімен кездесуі үшін де жағдай жасалған.
Металлург атына берілген көше бойындағы ескерткіш тақтаның ашылу сәтінен соң жиналғандар Ақтөбе ферроқорытпа зауытында болып, Сертай Кенжалиннің құрметіне бейнеленген муралды тамашалап, естелік суретке түсті.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button