Жұмысшы мамандықтары жылы қорытындыланды


«Білім. Дағды. Болашақ» атты халықаралық форумы аясында облыс әкімі Асхат Шахаровтың, Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарованың қатысуымен Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған Жұмысшы мамандықтары жылының салтанатты жабылуы өтті.
Өңір басшысы бір жыл ішінде атқарылған жұмыстарға, еңбек адамының мәртебесін арттыру және жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы маңызын кеңінен насихаттау мәселелеріне тоқталды.
— Ақтөбе облысында Жұмысшы мамандықтары жылы аясында колледждерді дамыту және сұранысқа ие мамандар даярлау бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Бүгінде өңірдегі 40 колледжде 28 мыңнан астам студент білім алып, техникалық және технологиялық бағыттарды қоса алғанда, заманауи мамандықтарды меңгеруде. Колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңартып, дуалды оқытуды енгізіп, педагогтердің біліктілігін арттырумен қатар, озық халықаралық тәжірибені қолдануда.Жастардың кәсіби бағдарлануына ерекше көңіл бөлінуде. Олар үшін шеберлік сабақтары, өндірістік экскурсиялар және колледждерде Ашық есік күндері ұйымдастырылып, мектеп оқушыларының болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына мүмкіндік берілуде.
Жұмысшы мамандықтары жылы кәсіби білім беруді дамытудағы маңызды қадам болды. Әрбір студент, педагог және маманның еңбегі өңіріміз бен еліміздің болашағы үшін зор құндылыққа ие, — деді Асхат Шахаров.
Облыс әкімі сондай-ақ бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудың басым бағыттарын атап өтіп, халықаралық ынтымақтастықтың маңызын ерекше көрсетті.
Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова студенттердің кәсіби дағдыларын танудың жаңа тетіктерін сөз етті.
— Қазіргі таңда бес колледжде Certiport халықаралық платформасы пилоттық режимде жүзеге асырылуда. Бұл жүйе бойынша 75 студент оқудан өтті. Колледждердегі жұмысшы мамандықтарға арналған мемлекеттік тапсырыс екі есе артты. Бұл шаралар студенттердің теориялық білім ғана емес, еңбек нарығында сұранысқа ие нақты практикалық дағдыларды меңгеруіне бағытталған. Кәсіби құзыреттерді халықаралық деңгейде мойындау түлектердің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жұмысқа орналасу мүмкіндігін кеңейтеді және олардың табысты еңбек етуіне жол ашады,— деді вице-министр.
Салтанатты жиында Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және кәсіптік-техникалық білім беруге қосқан үлесі үшін бірқатар ақтөбелік облыс әкімінің Алғыс хаттарымен және Оқу-ағарту министрлігінің наградаларымен марапатталды.
Облыс әкімінің Алғыс хатына 42 жыл жұмыс өтілі бар, адал еңбек пен кәсіби шеберлік иесі, «Хабар-Сервис» баспаханасының технологы Бижамал Қарамурзина, «Зәру» пантомен емдеу шипажайының ветеринар көмекшісі Мереке Аманқосов, «Ақтөбе асылтұқымды кәсіпорны» ЖШС ветеринары Дулат Мырзағали, «Степное» ЖШС қызметкері Қуаныш Нұралы, «Вагонсервис» АҚ цех инспекторы Иклас Карин және басқа да еңбек адамдары ие болды.
Вице-министр Шынар Ақпарова колледждер мен білім беру саласының қызметкерлеріне кәсіптік-техникалық білім беруді дамытуға және білікті мамандар даярлауға қосқан елеулі үлесі үшін марапаттар табыстады.«Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі білім беру саласының дамуына зор үлес қосқан педагогтерге берілді. Олардың қатарында Жоғары Еуропалық экономика, бизнес және құқық колледжінің құрылтайшысы Талғат Төремұратов, Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының директоры Дина Жаманбаева және Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар колледжінің директоры Таңжарық Қыдырбаев бар.
Халықаралық форум мен Жұмысшы мамандықтары жылының қорытындылануы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және өңірде білікті кадрлар даярлаудың тұрақты жүйесін қалыптастыруға бағытталған маңызды кешенді алаңға айналды.
М.САТАЕВА.



