Еңбек адамдары марапатталды

Марапат
Жұмысшы мамандықтары жылы аясында облыс әкімдігінде еңбек адамдарына арналған салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Облыс әкімі Асхат Шахаров өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін түрлі сала өкілдеріне мемлекеттік награда табыстады.
Өз сөзінде облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялауын еңбек адамдарына көрсетілген зор құрметтің айқын дәлелі екенін атап өтті.
— Бұл —жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы беделін арттыруға, еңбек адамына лайықты құрмет көрсетуге және кәсіби шеберлікті дамытуға бағытталған маңызды қадам. «Адал азамат-Адал еңбек-Адал табыс» ұғымдары бір-бірімен тығыз байланысты. Сіздердей адал азаматтар —еліміздің тірегі, тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы, —деді Асхат Шахаров.
Шара барысында кәсіби шеберлігі, жауапкершілігі және көп жыл бойғы еңбегі үшін Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградаларының бірі — III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен «KEGOC» АҚ электро слесарі Ерболат Дәкібаев, облыс әкімдігі іс басқармасының көлік жүргізушісі Әлмұрат Көбегенов, «Aqtobesu-energy group» АҚ слесарі Жарылқасын Құрманалин, «Энергосистема» ЖШС Ырғыз электр желісі учаскесінің электр монтері Руслан Төкешов наградталды.
Облыс әкімі бұл марапат жеке жетістік қана емес, барлық еңбек адамына көрсетілген құрмет пен сенімнің белгісі екенін алға тартып, марапат иелеріне зор денсаулық, отбасыларына амандық және еңбектеріне табыс тіледі.
Д.АЙДАР.




