«Білім. Дағды. Болашақ»

Форум
Ақтөбеде Жұмысшы мамандықтары жылының салтанатты жабылу шарасы аясында «Білім. Дағды. Болашақ» атты халықаралық форум өтті.
Форум техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытудың заманауи бағыттарын талқылауға, халықаралық тәжірибелерді зерделеуге және еңбек нарығының нақты сұранысына сай бәсекеге қабілетті жұмысшы кадрларды даярлау тетіктерін айқындауға арналған маңызды кәсіби диалог алаңы ретінде жан-жақтан келген қонақтардың басын қосты.
Форумғаоблыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, Оқу-ағарту министрі, Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова, Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова, Қытай, Франция, Жапония, Германия, Беларусь және Өзбекстан елдерінен келген халықаралық сарапшылар, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық ұйымдар, облыстық білім басқармасының өкілдері, әлеуметтік серіктестер, колледж директорлары мен педагогтер — барлығы 1000-ға жуық адам қатысты.
— Мемлекет басшысының бастамасымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды. Бұл шешім ел дамуындағы еңбек адамының айрықша рөлін айқындады. Бүгінгі халықаралық форум Жұмысшы мамандықтары жылы аясында кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту жолындағы озық тәжірибелер мен тың бастамаларды талқылайтын маңызды алаң болмақ.
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың қолдауымен биыл жұмысшы мамандықтарға бөлінген мемлекеттік тапсырыс көлемі екі есе артты. Яғни біздің колледждер жұмысшы мамандықтар санын екі есеге арттыра отырып, өңірдің дамуына білікті кадрлар даярлауды жолға қойды. Биыл колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға облыстық бюджеттен 1,1 миллиард теңге қаржы бөлінді.
Соңғы жылдары шетелдік колледждер мен кәсіптік білім беру орталықтарымен бірлескен жобалар жүзеге асырылып келеді. Оқытушыларымыз Германия, Финляндия, Сингапур, Малайзия сынды елдерде тағылымдамадан өтіп, үздік тәжірибелерді өңірге енгізуде. Кәсіби бағдар беру жұмысы да жаңа деңгейге көтеріліп, мектеп оқушыларына еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар туралы жүйелі ақпарат беріліп, колледждер базасында алғашқы кәсіби дағдыларды қалыптастыру тетіктері енгізілді, — деді облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан.
Өнер орталығының фойесінде көрме ұйымдастырылып, облыстағы тоғыз кәсіптік, техникалық білім беру ұйымы өз жабдықтарын таныстырды. Аталған білім беру ұйымдары базасы 1,1 млрд теңгеге жаңартылған.
Хромтау тау-кен техникалық колледжідиректоры Бағдашжан Молдашеваның айтуынша, Жұмысшы мамандықтары жылы өңір нарығына кадр даярлап отырған білім беру ұйымдарының жұмысына тың серпін берді.
— Хромтау тау-кен жоғары колледжінде 18 желтоқсан күні оқу-өндірістік кластер ашылды. Аталған кластер балабақшадан бастап мектеп, колледж, жоғары оқу орындары және өндірістік серіктестерді біріктіретін біртұтас жүйе ретінде құрылды. Оның негізгі мақсаты — ерте жастан кәсіби бағдар беру, әсіресе тау-кен саласындағы күрделі мамандықтарға, соның ішінде шахтер мамандығына жергілікті балаларды ерте жастандаярлау, аудан тұрғындарының балаларын сыртқа жібермей, өз өңірімізде оқыту. Оқу-өндірістік кластер тиімді жұмыс істейтін болса, болашақта жастар өз туған жерінде қалып, ел игілігі үшін еңбек етеді деп сенеміз. Бұл өз кезегінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосады, — дейді ол.
Еуропалық экономика, бизнес және құқық жоғары колледжі базасында әзірленген адамға, итке ұқсас роботтарға көпшіліктің қызығушылығы жоғары болды. Колледж оқушысы Әлішер Жаңбырбайдың айтуынша, жастар мұнда дрондар, 3D-принтерлер, әртүрлі роботтар, соның ішінде IT-роботтар мен адамға ұқсас роботтар құрастырып, бағдарламасын жазуға дағдыланады.
— Мысалы, VR-көзілдіріктер арқылы ойындар жасауға болады, зертханаларда арнайы зерттеу кешендері бар. Оқу процесі аясында Arduino платформасы арқылы шағын роботтар, робот қолдары сияқты жобалар жасаймыз, — дейді ол.
Шығанақ Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық техникалық колледжінің арнайы пән оқытушысы Гүлнар Есжанова көрмеге колледж қарамағындағы 20 гектар жерде, жылыжайда өсірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелгенін айтады. Бұл жұмыстың барлығы студенттердің тікелей қатысуымен жүзеге асады екен.
Облыстық білімбасқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның айтуынша, Жұмысшы мамандықтары жылы аясында әзірленген Жол картасы бойынша барлық жоспарланған іс-шаратолық жүзеге асырылып, колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңғырту, педагог кадрлардың біліктілігін арттыру, нарықта сұранысқа ие мамандықтарға талдау жасау, жаңа, заманауи бағыттардағы мамандар әзірлеу секілді нақты шешімдер қабылданған.
— Алты мемлекеттен келген сарапшылар екі күн бойы облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында өз тәжірибелерімен бөлісіп, семинарлар мен workshop-сабақтар өткізеді. Бұл кездесулер нәтижесінде тәжірибе алмасып қана қоймай, алдағы уақытта меморандумдарға қол қою, бірлескен жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Негізгі мақсат — техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуда халықаралық ынтымақтастықты арттыру, — деді Б.Күзембаева.
Оның айтуынша, колледждерде қызмет көрсету саласы бойынша сұранысқа ие бірнеше жаңа маман даярлау бағыттары ашылған. Мәселен, Сервис, Жоғары ауылшаруашылық, Хромтау тау-кен техникалық және Жоғары политехникалық колледждерде флорист-гүлөсіруші, қонақ үй бизнесі, тамақтандыру саласында қызмет көрсетуді ұйымдастыру және маркшейдерлік іс сияқты жаңа мамандықтар ашылған. Хромтау жоғары тау-кентехникалық, Жоғары политехникалық және Еуропалық экономика, бизнес және құқық колледждері халықаралық аккредитациядан өткен. Жоғары политехникалық колледж жанынан құны 1 млрд теңге болатын IT-хаб салынып жатқаны да айтылды. Сонымен қатар алдағы жылдары жасанды интеллектіні түрлі салаға енгізу жұмысы жүргізілмек. Бұл қадамның барлығы еңбек нарығының нақты сұранысына жауап беретін білікті мамандар даярлауға бағытталған.
Форум аясында шетелдік жетекші спикерлер кәсіби-техникалық білім беруге жасанды интеллект пен инновациялық технологияларды енгізу, халықаралық аккредитация және сапаны қамтамасыз ету жүйелері, кәсіби білімнің экономиканы дамытудағы стратегиялық рөлі, сондай-ақ жастарды еңбек нарығына тиімді интеграциялау мәселелері талқыланды. Қытай, Франция, Германия және Жапония елдерінің тәжірибелері негізінде кәсіби білім беруді дамытудың өзекті бағыттары ұсынылды.
Жапонияның Токио қаласынан келген архитектура колледжінің өкілі Фредерик Ривьер жақында Қазақстаннан құрамында 20 адамы бар делегация Токиоға келгенін, колледж жұмысымен танысқанын айтты.
— Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. Форум аяқталған соң колледждерге барамыз деп отырмыз. Осы іс-шарадан кейін екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында меморандум жасалып, халықаралық академиялық алмасу, яғни студенттердің екі елдің колледждерінде тәжірибе алмасуы секілді бірлескен жобалар жүзеге асады деп сенемін, — деді ол.
Өзбекстаннан келген Бұқара техникумының энергетика, мұнай-газ және өнеркәсіп саласындағы директоры Сафар Усмановоблыстағы бірнеше колледжбен ынтымақтастық орнатып, үш мекемемен меморандумға қол қойғанын айтады:
— Бұл келісімдер аясында студенттер мен оқытушылар тәжірибе алмасып, кәсіби білім беру саласындағы үздік тәжірибелерді меңгереді.Өзбекстанда қазіргі уақытта кәсіптік білім беруді тек оқу процесі ретінде емес, экономиканың негізгі компоненті ретінде жүргізу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл бағытта біз Қазақстандағы әріптестерімізден тәжірибе алып, өзімізге енгізуді жоспарлап отырмыз. Мысалы, аккредитацияны енгізу тәжірибесі, студенттердің практикалық дағдысын жетілдіру және оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыру — осының барлығы біз үшін маңызды.
Форумның қорытынды бөлімінде академиялық алмасу, бірлескен білім беру бағдарламалары, оқытушылардың біліктілігін арттыру және халықаралық стандарттарды енгізу бағытындағы серіктестікті нығайтуға мақсатында Ақтөбе облысының білім басқармасы және шетелдік білім департаменттері, өңірдегі 10 колледж бен шетелдік колледждер арасында өзара ынтымақтастықты дамытуға бағытталған меморандумдарға қол қойды.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.




