Білім

«Келешек мектептері» салынып жатыр

Құрылыс

Қазіргі таңда Темір ауданында бірнеше әлеуметтік нысанның құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Ғимараттардың тапсырылатын уақыты жақын.

Атап айтсақ, Шұбарқұдық кентіндегі 600 орындық мектеп, бассейн мен теміржол вокзалы және Кеңқияқ ауылындағы 600 орындық мектеп. Облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев аталған нысандардың құрылыс барысын тексеру үшін арнайы барды. Ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын дамытатын ғимараттарға бақылау ерекше екені айтылды.

Өлкеде құрылыс жұмыстары бойынша оң өзгеріс байқалады. Биылдыққа жалпы көлемі 15908 шаршы метр тұрғын үй тапсырылды. Бірақ негізгі көлем халықтың меншікті қаражатына тиесілі екенін айта кету керек. Осы орайда ауданда тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. 2022 жылы — 2 үй, 2023 жылы — 26 үй, осы жылы 33 үй берілді. Тұрғын үй кезегінде әлі 444 адам тұр. Олардың санын азайту мақсатында Шұбарқұдық кентінде үш қабатты 27 пәтерлік тұрғын үй және Шұбарши ауылында 2 пәтерлік 6 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілу үстінде. Кезекте тұрғандардың санатына келсек, 147 көпбалалы ана, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 65бала, 148 әлеуметтік жағынан әлсіз топ өкілі, 68 бюджеттік сала қызметкері, 16 апаттық жағдайдағы үйлердің тұрғыны бар.

Ал үй салу бойынша жер теліміне кезекте қазір 2157 азамат тұр. Соның ішінде Шұбарқұдық кентінде — 1 246 адам, Кеңқияқ кентінде — 911 адам.

Әлеуметтік нысандарға келсек, «Келешек мектептері» пилоттық жобасы аясында Шұбарқұдық және Кеңқияқ ауылдық округтерінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шұбарқұдық кентінде салынып жатқан 600 орындық мектептің құрылысына жауапты мердігер — «Antarium group» компаниясы. Жобаға 4,2 миллиард теңге бөлінді. Тапсырыс беруші — «Самұрық қазына» акционерлік қоғамы. Сол сияқты Кеңқияқ ауылындағы тап сондай ауқымдағы құрылысты да сол компания іске асыруда. Оған 4,5 миллиард теңге аударылған. Екі нысанның құрылысының басым бөлігі атқарылды. Жалпы ауданда 27 жалпы білім беретін мектеп, 4 қосымша білім беру ұйымы, 13 мемлекеттік және 5 жекеменшік балабақша жұмыс істейді. 2025-2026 оқу жылында 7390 оқушы білім алады, — дейді аудан әкімі Алмас Жақсылықов.

Атқарушы билік өкілдері құрылыстардың жүзеге асырылуын қарап, мердігерлерге нақты тапсырмалар берді, жауапты мамандарға ұсыныстарын айтты.«Әлеуметтік нысандардың құрылысын уақтылы және сапалы аяқтау керек. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырамын», — деді облыс әкімінің орынбасары.

Айта кетейік, ауданда 1 қала мен 9 ауылдық округке қарасты 24 елді мекен бар.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button