Әлеумет

«Көзқарас» – пікірлер тоғысы

Біз көретін хабарлар

Әр жексенбі күні кешкі сағат 20.00-де «Қазақстан – Ақтөбе» телеарнасында эфирге шығатын «Көзқарас» бағдарламасы – облыстағы қазақ тілінде көрсетілетін жалғыз ток-шоу. «Көзқарас» бағдарламасын ақтөбелік көрермен бір жылдан астам уақыт бойы тамашалап келеді. Осы аралықта қоғамдағы өзекті мәселелер мен саяси тақырыптарды ортаға салып, сан түрлі пікірлерді тоғыстырған ток-шоудың көрермендері күн өткен сайын көбейіп келеді. Көрермендер редакцияға қоңырау шалып, өткен хабар туралы ой-пікірін айтып, алдағы хабарлардың түсіріліміне қатысуға құлшыныс білдіріп жатады. Бұл бағдарламаның көпшіліктің қажеттілігіне айналғандығын көрсетеді. «Көзқарас» бағдарламасы телеарнадағы №1 студияда түсіріледі. Бұл – соңғы үлгідегі заманауи жарық беру құралдарымен жабдықталған ең үлкен студия. Бір сағаттық бағдарламаның түсіру тобында бірнеше адам еңбек етеді. Студияға жиналған қауымның пікірталас үстіндегі көрінісін түсіру операторлардың шапшаңдығын, ұқыптылығын, тапқырлығын қажет етеді. Сондай-ақ, дыбыс режиссері де барлық студия қонақтары сөйлеген сөздерінің  бір қалыпты жазылуын қатаң қадағалайды. Ең жауапты жұмыс тележүргізуші мен режиссерге жүктеледі. Олар хабар жазылып болған соң дизайнерлер тобымен бірлесе отырып, бағдарламаны монтаждап, эфирге жібереді.

«Көзқарас» аз уақыттың ішінде көпшілік іздеп, күтіп жүріп көретін бағдарламаға айналса, бұған бір жағынан, облыста мемлекеттік тілдегі мұндай ток-шоудың бұрын-соңды болмағандығы себеп болса керек. Әрине, хабар әрдайым жоғары деңгейде шыға бермейді. Басты проблема – хабарға өзек болатын тақырып төңірегінде пікір таластыратын мамандардың, яғни білікті ортаның табыла бермейтіндігі. Кейде шақырылған қонақтардың түсірілімге келмей қалатындары да бар. Бұл бағдарламаға зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, белгілі тақырыпқа қатысты әр саланың мамандары шақырылады, сонымен қатар жастар мен қала тұрғындары да өз қалаулары бойынша келіп, қатыса алады. Бағдарламаның жоспарлы жұмысы бойынша бүгінгі күннің өткір мәселелеріне, қоғамдағы өзгерістерге байланысты бір тақырыпты нысанаға ала отырып, көпшілікке ой салу  хабардың басты мақсаты болып табылады. Қазірге дейін «Көзқарас» бағдарламасында «Қоршаған ортаны қалай қорғаймыз?», «Қалдарың қалай, қандастар?», «Тастандылар тағдыры», «Қаламыздың келбеті қандай?», «Отандық өнім: дағдарыстан шығудың жолдары», «Мамандық таңдау, кадр мәселесі», «Шоу бизнес және біз», «Есіміңіз кім?», т.б. тақырыптар талқыланды және мерекелер қарсаңында «Гендерлік теңдік және қазақ әйелі», «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар», «Қажылық парызды қалай өтеп жүрміз?» сынды мәселелер көтерілді. «Көзқарас» бағдарламасы кезінде әр қатысушы тарапынан айтылған пікір көгілдір экран арқылы көпшілікке ой салары анық.

Әділбек ҚҰЛАМАН,

хабардың жүргізушісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button