Денсаулық

«QAMQOR» ҚОЛДАУ КӨРСЕТЕДІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз құрып жатқан әділетті қоғамда еңбек адамы ең бірінші орында тұруы керек» деген болатын. Демек, ел үшін аянбай еңбек етіп жүрген кез келген ұжым мүшелерінің қандай да бір мүддесінің қорғалуы, олардың құқығының өз деңгейінде сақталуы ерекше маңызға ие. Бұл ретте кәсіподақ ұйымдары бүгінде айрықша рөл атқарып келеді. 

Біз кәсіподақ қозғалысының өзегі саналатын әлеуметтік әріптестік пен ұжымдық шарттардың атқаратын орны туралы шаруашылық жүргізу құқығындағы «Ақтөбе көпсалалы облыстық ауруханасы» кәсіпорнының кәсіподақ ұйымының төрағасы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі, ҚР еңбегі сіңген қызметкері Жексенби Көптілеуовпен сұхбаттасқан едік…

— Байқап отырсақ, қай қоғамда да кәсіподақтың атқаратын жұмысы аз емес. Тіпті кейбір күрделі деген мәселелердің өзі кәсіподақ ұйымының белсенді араласуымен оңтайлы шешімін тауып жүргені белгілі.

Осы орайда өзіңіздің кәсіподақтың тәжірибелі жетекшілерінің бірі ретіндегі ойыңызды таратып айтсаңыз.

— Биыл кәсіподақ қозғалысына — 120 жыл, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясына 35 жыл толып отыр. Осы кезең ішінде әрбір салалық кәсіподақ ұйымдары елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келеді. Соның бірі әрі бірегейі — «QAMQOR» Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі және оның құрамдас кәсіподақ ұйымдары.

Шаруашылық жүргізу құқығындағы «Ақтөбе көпсалалы облыстық ауруханасы» кәсіпорны — облыстағы ғана емес, еліміздің батыс бөлігіндегі тұрғындарға жоғары деңгейдегі дәрігерлік көмек көрсететін ең ірі медициналық ұжым. Мұнда 840-тан астам сала қызметкері жұмыс істейді.

Бізде «QAMQOR» Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің құрамдас бөлігі болып табылатын, босатылған төрағасы жетекшілік ететін кәсіподақ ұйымы бар. Біз жұмыс беруші мен мекеменің негізгі міндеті — емдеу-диагностикалық қызметтер атқаруына араласпай, тек медицина қызметкерлерімен тығыз байланыста болуды және медицина қызметкерлерінің әлеуметтік міндеттерін айқын бөлуді қарастыруда ортақ қызмет жасайтын қоғамдық ұйымбыз.

Біздің негізгі қағидатымыз — «Әлеуметтік әділеттілік, еңбек құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігі!» және аурухана қызметкерлерінің мүддесін қорғау, сондай-ақ  оны күнделікті қызмет барысында іске асыру.

Біздің ұранымыз: заңдылықтың сақталуы!

Көптеген медицина қызметкері кәсіподақ жұмысына белсене араласады, олардың қатарында медицина ғылымдарының кандидаты Зәмза Хайруллина, орталықтың бөлім меңгерушісі Арман Аяпов, бас медбике Райхан Даниярова, аға медбике Ардақ Бегімбетова, есепші Жанар Мусина сияқты кәсіподақ мүшелері бар.

— Әлеуметтік әріптестік дегеніміз бүгінде ұжымдағы өзара түсіністікке жол ашатын тиімді тетіктердің біріне айналып отырғаны белгілі. Ендеше, өздеріңіздің жұмыстарыңызда, нақты айтқанда, күнделікті еңбек қатынастарында оның қандай рөл атқарып отырғанын қысқаша айта кетсеңіз.

— Әлеуметтік әріптестік — жұмыс беруші, қызметкерлер және мемлекет арасындағы өзара сенім мен келісімге негізделген қарым-қатынас жүйесі. Оның басты мақсаты — еңбек қатынастарында тепе-теңдік орнатып, тараптардың мүддесін әділ үйлестіру.

Бүгінгі таңда әлеуметтік әріптестік еңбек нарығындағы тұрақтылықты сақтаудың ең тиімді жолы болып отыр. Бұл жүйе арқылы тараптар даулы мәселелерді келісім жолымен шешіп, жұмысшылардың да, жұмыс берушілердің де құқығын қорғай алады.

Біздің ұжымда басты міндет — адам денсаулығын қорғауға адал қызмет ету, осы орайда медицина қызметкерлерінің мүмкіндігінше өз міндеттерін жоғары деңгейде, алаңсыз орындауы көзделеді. Әлеуметтік әріптестіктің де түп негізінде осы бағыттағы мақсаттың оңтайлы, үйлесімді шешілуі қарастырылады.

— Ұжымдық шарттың еңбек ұжымына және жұмыс берушіге беретін нақты пайдасы қандай?

— Ұжымдық шарт — еңбек ұжымындағы ең маңызды құжаттардың бірі. Ол қызметкерлердің нақты әлеуметтік және еңбек құқықтарын белгілейді.

Мысалы, жалақының деңгейі, демалыс уақыты, еңбек қауіпсіздігі, қосымша әлеуметтік жеңілдіктер — бәрі осы шартта көрініс табады.

Жұмыс беруші үшін де ұжымдық шарттың маңызы зор: ол еңбек дауларының алдын алып, ұйым ішіндегі тұрақтылық пен сенімділік ахуалын қамтамасыз етеді. Яғни бұл құжат  екі тараптың да жауапкершілігін арттырып, ортақ нәтижеге жұмыс істеуге ынталандырады.

— Кәсіподақ ұйымы ұжымдық шарттың жасалуында және орындалуында қандай рөл атқарады? Осы ауқымда өздеріңіз тарапыңыздан қолға алынған шаралар туралы айта кетсеңіз.

— Кәсіподақ — ұжымдық шарттың негізгі бастамашысы әрі орындаушы-бақылаушысы.

Біріншіден, кәсіподақ қызметкерлер мен жұмысшылардың мүддесін қорғау мақсатында келіссөздер жүргізеді, шарттың жобасын әзірлейді.

Екіншіден, шарт қабылданған соң оның орындалуын үнемі қадағалап, заңбұзушылық орын алса, жұмыс берушімен диалог орнатады немесе қажет болған жағдайда заң аясында шара қолданады.

Сондықтан кәсіподақ — қызметкерлердің нақты құқықтық қорғаушысы және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуші басты жүйе.

Келісімшартта жұмыс беруші, кәсіподақ ұйымы және қызметкер арасындағы еңбек қарым-қатынасы, жұмыс уақыты, тынығу уақыты, еңбек және денсаулық қорғау, қызметкерлерге әлеуметтік кепілдік беру мәселелері кеңінен қамтылған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша біздің медициналық орталық пен кәсіподақ ұйымы арасындағы белгіленген міндеттер толығымен орындалды.

Біз қарастыратын міндеттер ауқымында біліктілікке сәйкес ақы төлеу, мамандардың жасалған кесте бойынша білімін жетілдіруі, еңбек демалыстарының мерзімі сақталуы, зиянды орындарда қызмет жасайтын мамандарды сүт тағамдарымен, арнаулы киімдермен қамтамасыз ету жайы да қарастырылады.

Кәсіподақ мүшелерінің белсенділігін, жұмысқа ынталылығын арттыру біздің жұмысымыздың бір құрамдас бөлігі деп айтуға болады. Бұл ретте салауатты өмір салтын қалыптастыру, спорттық шараларды тұрақты өткізу жұмысын жүйелі жүргізіп келеміз. Жыл сайын облыстық басқарма мен «QAMQOR» облыстық денсаулық сақтау кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі бірлесуімен «Денешынықтыру мен спорт — дәрігердің екінші мамандығы» атауымен спартакиада өткізіліп жүр. Бұл спорттық сайыстарға шамамен 1200-дей дәрігер қатысады. Солардың арасында біздің кәсіподақ мүшелері де өз шеберлігі мен спорттық дағдысын танытып, жоғары көрсеткіштерімен көрінуде. Жеңімпаздарға қаржылай және бағалы сыйлықтар беріледі.

Дәрігер адамдардың денсаулығы үшін ғана күреспей, ең алдымен, өздерінің денсаулығына ерекше көңіл бөлуге тиіс. Осы тұрғыдан келгенде спортпен шұғылданудың маңызы зор екеніне күмән жоқ.

Біз өз қызметкерлеріміздің балаларымен бірге Ақтөбеде ашылған «Денсаулық» саябағына барып, демалып, жаттығулар жасауына қатысты насихат-үгіт жұмыстарын да жүргізіп тұрамыз. Мысалы, өзім осы саябақта тұрақты болып, денсаулығымды нығайту жолында жаяу жүру, жүгіру түрімен шұғылданамын.

«Денсаулық» саябағы аумағында кезінде 1500-ден аса тал-терек егіліп, воркаут алаңдар, велосипедпен жүретін жол, футбол ойнау алаңдары, үстел теннисі, субұрқақтар орнатылды. Мұның бәрі ынтасы бар адамдардың денсаулығын сақтауына зор ықпал етері сөзсіз. Бүгінде медицина қызметкерлерінің тең жартысы спортпен айналысады. Біз бұл көрсеткішті әлде де көтере түсу қажет деп есептейміз.

— Сіздерде кәсіподақ мүшелеріне қандай әлеуметтік жағдайлар, қолдау-көмек жасалады?

— Әрине, кәсіподақ қызметі сан салалы. Солардың ішінде медицина қызметкерлеріне санаторий және емдеу орындарына жолдамалар бөлу жағы да қарастырылған. Мысалы, бізде белгіленген ереже бойынша, жылына елу адамға есептегенде бір жолдама бөлінеді. Бұл ретте еліміздің «Сарыағаш», «Көктем», «Жаңақорған», «Мерке», «Сосновой бор», «Манкент», өзіміздің «Шипагер», «Зере» сияқты танымал санаторийлерге жыл сайын жиырмаға жуық адам емделіп, денсаулығын нығайтып келеді.

Бізде еңбек ететін кәсіподақ мүшелерінің балалары да жазғы демалыс лагерьіне жеңілдік бағасымен барады.

Бұдан басқа әлеуметтік жағынан қиындық көріп жүрген кәсіподақ мүшелері де назарымыздан тыс қалмайды.

— Жалпы саладағы әлеуметтік әріптестік жүйесі қалай ұйымдастырылған?

— Біздің елде әлеуметтік әріптестік үш деңгейде жүзеге асады.

Біріншісі — республикалық деңгей, мұнда Үкімет, Кәсіподақтар федерациясы және жұмыс берушілер одағы арасында Бас келісім жасалады.

Екіншісі — салалық деңгей, бұл министрліктер мен салалық кәсіподақтар арасындағы келісімдер.

Үшіншісі — ұйымдық деңгей, яғни нақты кәсіпорын ішінде жасалатын ұжымдық шарттар.

Біз салалық және ұйымдық деңгейдегі әлеуметтік әріптестік жүйесін басшылыққа ала отырып еңбек қатынастарын ұйымдастырамыз, жүйе еңбек қатынастарын реттеудің тиімді механизмін қалыптастырып отыр.

— Болашақта әлеуметтік әріптестік пен ұжымдық шарттардың тиімділігін арттыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

— Ең алдымен, тараптар арасындағы келіссөз мәдениетін дамыту қажет. Әлеуметтік әріптестік тек құжат түрінде емес, нақты әрекет пен өзара құрметке негізделуге тиіс.

Сонымен қатар кәсіподақтардың ақпараттық және құқықтық әлеуетін күшейту маңызды. Бұл олардың келіссөз жүргізу кезінде нақты дәлелдерге сүйеніп, мүддені тиімді қорғауына мүмкіндік береді. Біздің кәсіподақ мүшелері облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерін, сондай-ақ республикалық басылымдарды тұрақты жаздырып алады. Сонымен бірге маман дәрігерлер жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындарға аурудың алдын алу, жұқпалы сырқаттардан сақтану, профилактикалық шаралар жөнінде кеңес беріп отырады.

Жастарды кәсіподақ жұмысына тарту, цифрландыру құралдарын пайдалану, ашық диалог алаңдарын көбейту болашақтағы әлеуметтік серіктестіктің жаңа форматына жол ашады.

— Қоғамдық құрылымдар сандық жағынан да, сапалық тұрғыдан да өзгеріп жатыр. Сол ауқымда қарастырғанда бұрынғы кәсіподақтар мен қазіргі ұйымдардың айырмашылығы қандай деп ойлайсыз?

— Өзіңіз де байқап жүрген боларсыз, бұрын қай жерде де қызмет көбіне әкімшілік сипатта болды: жоғарыдан төменге бұйрық түрінде берілетін, ұжым мүшелердің белсенділігі төмен, шешім қабылдау орталықтандырылған еді. Әрі кәсіподақтар еңбек дауларына тікелей араласпай, шешім шығаруда көбіне формалды рөл атқарды.

Қазір кәсіподақтар ұжымдық келісімдер жасайды, еңбек шарттарын қорғау мен сот арқылы құқық қорғауға қатысады, қоғамдық бақылау, медиаторлық және ақпараттық-ағартушылық қызмет күшейді.

Бұрын кәсіподаққа мүшелік міндетті сипатта болды, барлық қызметкер дерлік кәсіподақ мүшесі еді. Құрылым жоғарыдан төменге қарай қатаң ирархиялық жүйе болды.

Кәсіподақтың рөлі мен қоғамдағы мәртебесі бұрын саяси және әлеуметтік өмірде беделді әрі ықпалды институт болды, бірақ көбіне биліктің саясатын қолдау құралына айналды.

Қазіргі қоғамда рөлі өзгерді, бірақ құқық қорғау және әлеуметтік серіктестік бағытта маңызы жоғары болып қалды. Қызметін қайта жаңғыртып, жастармен, кәсіпкерлермен, жаңа еңбек форматтарымен жұмыс істеуге бейімделіп келеді.

Қазіргі кәсіподақтар — еңбек нарығында тәуелсіз, құқықтық және әлеуметтік серіктестік қағидаларын ұстанатын ұйымдар.

 

Сұхбаттасқан: Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button