Денсаулық

Сарысай мен Шоқысудағы қуаныш

Мемлекет басшысының халықты сапалы әрі қолжетімді медициналық қызметпен қамтамасыз ету және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында облыста жаңа медициналық нысандар бой көтерді. Шалқар ауданының Бершүгір ауылдық округіне қарасты Сарысай ауылында және Кішіқұм ауылдық округінің Шоқысу ауылында жаңадан салынған медициналық пункттер пайдалануға берілді.

Медициналық пункттер «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынды және облыстық бюджет пен елге қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылды.

Шоқысу ауылындағы бір ауысымда 20 адам қабылдайтын медициналық пункттің құрылысына 126,5 миллион теңге жұмсалды.  Оның ішінде 46,1 миллион теңге — облыстық бюджеттен, 74,5 миллион теңге арнаулы мемлекеттік қордан бөлінді.

Ал Сарысай ауылында бір ауысымда 25 келушіні қабылдайтын медициналық пункт құрылысына 133,8 миллион теңге қаражат жұмсалды. Оның 97,4 миллион теңгесі арнаулы мемлекеттік қор есебінен бөлінді.

Ауылымызда үлкен амбулатория ашылып жатқанына қатты қуандық. Бұл — халық үшін үлкен мүмкіндік. Осындай игі іске ұйытқы болған азаматтарға  ауыл тұрғындарының атынан алғысымыз шексіз. Сондай-ақ ауылымызда 40 жылдан бері табанды еңбек етіп келе жатқан ақ халатты абзал жан  Рая Ақжапароваға да ерекше алғысымызды білдіреміз, — деді Сарысай ауылының тұрғыны Дариға Әлмұратова.

Медициналық пункттердің ашылу салтанатына Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Серік Тәжғұлов қатысты.

Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар шалғай елдімекендердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын нығайтып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Жаңа медициналық пункттер тұрғындар игілігіне қызмет етеді деп сенемін,— деді аудан әкімі.

Екі нысан да заманауи медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген.  Құрылыс кезінде инклюзивті талаптар да толық сақталған. Яғни қозғалысы шектеулі азаматтар үшін барлық жағдай жасалған.

Ақтөбе облысында қайтарылған активтер қаражаты есебінен құрылған арнаулы мемлекеттік қордан ауылдық денсаулық сақтау саласы бойынша барлығы 11 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінде 7 нысан пайдалануға берілді, төртеуінің құрылысы аяқталуға жақын.

К.ҚОПАЕВА,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button