Денсаулық

ТҮРЛЕНГЕН ТҰМАУ: ҚАЛАЙ САҚТАНУ КЕРЕК?

Қазір — маусымдық тұмаудың өршитін мезгілі. Еліміздің кейбір аймақтарында «Гонконг тұмауы» бары жиі айтылып жүр. Коронавирустан қорқып қалған жұрт бетпердесін тағып, мұрнына оксолин майын жағып әлек. Мамандар қараша-желтоқсан айларында тұмау маусымының шарықтау шегі болатынын ескертіп, алдын алу шараларын күшейтуді ұсынды.

Күз басталғалы мектептер мен балабақшаларда балалардың жиі ауыра бастауы алаңдаушылықты күшейтіп отыр. Осыған байланысты біз өңірдегі эпидемиологиялық ахуалды, Гонконг штамының бар-жоғын, тұмау маусымында алдын алу шаралары қалай жүргізіліп жатқанын білген едік…

ЖРВИ, тұмау — адамнан адамға ауа тамшылары арқылы берілетін және тыныс алу жолдарын зақымдайтын жұқпалы вирустық инфекция. Бұл аурудың қауіптілігі оның тез қарқын алып, жылдам өршуінде болып тұр.

Тұмаудың негізгі белгілері: жоғары температура, жалпы интоксикация, әлсіздік, тамақ ауруы, мұрын бітелуі. Әсіресе суық мезгілде тұмаудың жиі таралуы кездейсоқ емес: вирус төмен температура мен жоғары ылғалдылықта ұзақ «тірі қалып», адамнан адамға жылдам жұғады. Тұмау эпидемиясы кезінде тыныс жолдарының бактериялық инфекциялары, бронхит, пневмония сияқты аурулар көбейіп, созылмалы дерті бар адамдарда жағдайдың күрт нашарлау қаупі артады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірде тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялардың маусымдық өсуі байқалады. Өңірдегі медициналық ұйымдар профилактикалық шараларды күшейтіп, инфекциялық бөлімшелердегі төсек-орын қоры алдын ала жоспарланған. Ана мен бала денсаулығын қорғау және вакцинамен қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Ботагөз Мырзалы эпидемиологиялық ахуалдың толық бақылауда екенін айтады.

— Облыстағы инфекциялық бөлімшелерде 309 орын бар, қажет болған жағдайда қосымша орындар да дайын. 26 қарашада барлығы 106 науқас ЖРВИ диагнозымен ем алып жатыр. Оның ішіндегі 31 ересек адамның 29-ы — жүкті әйел, бала саны — 75. Балалар арасында тұмауратушылар көбейіп тұр.

«Шағала» санаторийі базасында қосымша 50 төсек дайындалып жатса, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында тағы 30 төсек пайдалануға берілген. Сонымен қатар реанимациялық бөлімде 13 орын қарастырылған,  — дейді бас маман.

Ботагөз Мырзалының айтуынша, күн сайын облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына 10-15 пациент түседі. Қазір 14 адам ем алып жатыр: 12-сі — бала, 2-еуі — жүкті әйел.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, 1 қазаннан бері зертханалық түрде расталған A типті (H3N2) вирусты жұқтырған 62 жағдай тіркелген. Тұмауратқандардың 45-і — бала, 17-сі — ересек. Алайда біздің өңірде Гонконг штамы анықталмаған.

— А типті тұмау (H3N2 вирусы) — жыл сайын айналымда жүретін маусымдық вирус және тұмауға қарсы вакцинаның құрамына енгізілген штамм. Барлық зертханалық талдау Ұлттық сараптама орталығының өңірлік зертханасында жүргізіледі, — дейді Ботагөз Мырзалы.

Өңірде тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялардың маусымдық өршуі байқалған тұста мектептердегі ахуал да назардан тыс қалмайды. Ақтөбе қаласындағы №51 гимназия директорының орынбасары Венера Қалдина білім беру мекемесінде профилактикалық жұмыстың күшейгенін айтады.

— Оқушылар мектепке кірген кезде дене қызуы өлшенеді, сынып кабинеттерінің терезесі ашылып, желдетіліп, бөлме тұрақты тазартылады. Сабақ кезінде өзін жайсыз сезінген бала дереу мектеп медбикесіне жіберіледі, жоғары температура анықталса, ата-анасына хабарланып, үй жағдайында емделу ұсынылады. Сонымен қатар оқушылар «Тұмаудың алдын алу» тақырыбында диктант жазды, ал мектеп қызметкерлері өз еркімен тұмауға қарсы вакцина алды. Гимназиядағы 2 011 оқушының бүгінде 62-сі тұмауратып ауырып, сабақтан қалып, емделіп жатыр,  — деді Венера Қалдина.

Жақында баласы ауырып тұрған Ақтөбе қаласының тұрғыны Сәнім Қитарова былай дейді:

— Таза жүру, қолды жиі жуу секілді қарапайым тазалық ережелерін балаларым мен немерелеріме күн сайын, тіпті сағат сайын айтып отырамын. Медбике әрі логопедпін. Жақында 16 жастағы ұлым ауырып қалды. Дене қызуы бірден 39 градус болып, 41 градусқа дейін тез көтерілді. Су мен сұйықтықты көп бердім. Температурасы түспеді. Басы ауырды, құрғақ жөтел болды. Жедел жәрдем шақырдым. Төрт күн ішінде балам қатты әлсіреп қалды, тәбеті болмады. Балалар ауруханасына апарып, рентгенге түсіріп, тексергенде «өкпесі қабынған» деді. Стационарда жатып емделді. Антибиотиктің екі түрін тағайындады. Интернет арқылы Гонконг тұмауының басқа елдерде және еліміздің кейбір аймақтарында бар екенін естіп отырмыз. Баламның бойындағы ауру белгілеріне қарап, қатты уайымдадым. Бақытымызға орай, дәрігерлер бұл тұмауды растамады. Негізі, тұмаурата қалсаңыз, уақыт өткізбей, ауруды асқындырмай, бірден дәрігерге барған дұрыс. Бұл тұмау жылдам таралып, тез асқынады екен. Ең бастысы, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік». Иммунитетті күшейтіп, құнарлы тағам тұтынып, далада жиі серуендеген жөн. Дәрігерлер айтатын аурудың алдын алатын қорғану шараларын жасап жүріңіздер.

Иә, мамандар қарапайым санитарлық талаптарды қатаң сақтау керегін жиі айтады. Науқас адамдармен жақын байланысқа түспеу, адам көп жиналатын жерлерге баруды шектеу, медициналық масканы үш сағат сайын ауыстыру, үй-жайды жиі желдетіп, ылғалды тазалау — инфекцияның таралуын айтарлықтай төмендететін негізгі амалдар. Дәрігерлер өзін-өзі емдеудің қауіпті екенін, ауыр симптомдар байқалса, бірден дәрігерге қаралу керегін ескертеді. Әсіресе балалар, жүкті әйелдер, қарттар секілді осал топтар үшін вакцинация аса маңызды.

Өңірде екпе егу  жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2025-2026 жылғы эпидемиологиялық маусымда облыс тұрғындарының 15 пайызы — 140 597 адам вакцина алуға тиіс. Қарашаның 23-іне дейін оның 96,3 пайызы, яғни 135 367 адам егілген. Биыл осал топтарға арналған 109 500 доза Гриппол® плюс вакцинасы сатып алынып, жергілікті бюджеттен 111 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Үш валентті, инактивтелген бұл вакцина 8-12 күн ішінде әсерін беріп, шамамен бір жылға дейін қорғайды.

Вакцинация тақырыбы медициналық мекемелерде ғана емес, қоғамның әртүрлі саласында да қызу талқыланып жатыр. Өйткені күн сайын халықпен тікелей байланыста болатын қызмет түрі көп. Осы орайда елімізде курьерлер мен такси жүргізушілеріне вакцинаны тегін салдыру мәселесі де қарастырылып жатыр. Денсаулық сақтау министрі әзірге Ресейдің тәжірибесін зерделеп отырғандарын, ол жақта курьерлерді де вакцинамен қамтығанын, келер жылы бұл тақырыпты көтеретіндерін айтты. Егер бұл бастама мақұлданса, тәуекелі жоғары топқа жататын қызметкерлерді қорғау арқылы вирустың таралуы  тежелуі мүмкін.

Жалпы алғанда Ақтөбе облысындағы ахуал тұрақты, бірақ сақтықты талап етеді. Дәрігерлер тұрғындардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын, ауру белгілері байқалса, уақтылы ем қабылдауын, ал вакцина алуға мүмкіндігі барлардың екпені кешіктірмей салдыруын сұрайды. Тұмаудың таралуын тежеу — тек медицина мамандарының емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.

 

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

ВИРУСТАН САҚТАНУ ҮШІН…

  • Қолыңызды сабынмен жиі жуыңыз немесе антисептик қолданыңыз.
  • Адам көп жиналатын орындарда маска киіңіз.
  • Бөлмені жиі желдетіп тұрыңыз.
  • Ауру белгілері байқалса, үйде қалып, өзгелерден оқшауланыңыз.
  • Қауіп тобына жатсаңыз, маусымдық тұмауға қарсы вакцина алыңыз.
  • Иммунитетті көтеру үшін дәрумендерге бай тағамдарды пайдаланыңыз.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button