Денсаулық

Ауыл медицинасы дамып келеді

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Ақтөбе облысында ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Серік Тәжғұлов ауылдық медицинаны дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жайында баяндады.

Басқарма өкілінің айтуынша, өңірде алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының құрылысы қарқын алған.

Ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету — мемлекет алдындағы маңызды міндеттің бірі. Осы орайда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында 2024 жылы облыста 21 медициналық нысанның құрылысы басталған. Жалпы құны 4,2 миллиард теңгені құрайтын жобаның негізгі мақсаты — ауыл халқының денсаулығын жақсарту, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру. Жоба Үкімет резервінен және  жергілікті бюджеттен қаржыландырылды. Аталған 21 нысанның 10-ының құрылысы аяқталды.

— Биыл жалпы құны 1,7 миллиард теңге болатын  11 медициналық нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Аталған жобаларға қаржыландыру екі көзден бөлінді: 1,3 миллиард теңге —  Ұлттық қордан, 400 миллион теңге — облыстық бюджеттен. Бұл нысандардың қүрылысы 2024 жылы басталған, яғни ауыспалы  жобалар қатарында. Қазіргі таңда 11 нысанның 9-ының қүрылысы толық аяқталды. Ал қалған 2 нысанның құрылысы жалғасып жатыр. Жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі, — деді Серік Тәжғұлов.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыстағы үш аудандық ауруханаға қосымша құрылыс салу жоспарланған. Бұл мақсатта Шалқар, Хромтау және Мұғалжар аудандық ауруханаларының инфрақұрылымы кеңейтілмек.Атап айтсақ, Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласында орналасқан аудандық аурухана базасында тері арқылы коронарлық араласу (ТКА) орталығын ашу үшін қосымша ғимарат салынады. Хромтау аудандық ауруханасына да дәл осындай ТКА орталығын ашу көзделіп отыр. Ал Шалқар аудандық ауруханасының стационарына екі қабатты жаңа корпус қосылады.

Аталған үш жобаның жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін облыстық бюджеттен 21,3 миллион теңге бөлінген.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button