Жаңалықтар

Даниядан сиыр әкелді

Мал шаруашылығы

Президенттің агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында Ақтөбе облысында ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Жақында «Айс» ЖШС Даниядан голштин-фриз тұқымының 495 бас асылтұқымды сиырын жеткізді. Мал арнайы әуе рейстерімен тасымалданып, қазір карантиндік бақылаудан өтіп жатыр.

«Айс» ЖШС компаниясының мәліметінше, бұл — 800 мал басына арналған жаңа заманауи сүт-тауарлы фермаға мал басын толық жинақтау процесінің бір бөлігі. Жобаның жалпы инвестиция көлемі — шамамен 5,6 млрд теңге, оның ішінде 3,25 млрд теңгені «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ қаржыландырса, 2,33 млрд теңге екінші деңгейлі банктер арқылы және компанияның өз қаражаты есебінен тартылды.

Аталған қаражат сүт-тауарлы ферманы кеңейтудің бірінші кезеңін қаржыландыруға бағытталған. Жаңа кешенде заманауи сауын залы орнатылған. Жобаны іске асыру жылына 10 мың тоннаға дейін сүт өндіруге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек шаруашылықта 50 маусымдық және 17 тұрақты жұмыс орны құрылды.

«Айс» ЖШС 2010 жылдан бері Мәртөк ауданының Саржансай ауылында жұмыс істеп келеді. Шаруашылықта 3450 бас ірі қара бар, оның ішінде 1000-нан астам сауын сиыр тәулігіне 37,8 тонна сүт береді. Бір сиырдың тәуліктік орташа өнімділігі — 36,6 литр.

Биыл компания 2690 гектар алқапқа жүгері, арпа, қара бидай және мал азықтық дақылдар еккен, осылайша өзінің жемшөп базасын күшейтті.

Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, асылтұқымды мал әкелу өңірдегі сүт өндірісінің көлемін айтарлықтай арттырып, жергілікті нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button