Тұтынушының құқығы қорғалады

Брифинг
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңды білмейтіндер әлі де бар. Бұл — сатып алған тауарыңызға көңіліңіз толмаса, жүгінетін бірден-бір құжат. Жыл басталғалы осыған сүйенген 837 ақтөбеліктің құқығы қорғалған.
Ақтөбе облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Ақбота Жұмамұраттың айтуынша, тұтынушылар сапасыз немесе жарамдылық мерзімі өткен тауарды сатып алу, тауарды қайтару немесе айырбастаудан бас тарту, қызметтің уақтылы орындалмауы, қосымша қызметті мәжбүрлеп ұсыну, онлайн саудаға жұмсалған ақшаны қайтарудың қиындығы сияқты мәселеге жиі тап болады.
— Жыл басталғалы 11 айда департаментке 1733 шағым түсті. Бұл, 2024 жылмен салыстырғанда, 42 пайыз көп. Соның 837-сі тұтынушылардың пайдасына шешіліп, 92,8 миллион теңге қайтарылды. Арыздар, негізінен, бөлшек сауда, тұрмыстық және онлайн қызметке қатысты.
Егер тауар сапасыз болса, тұтынушы оны айырбастауға немесе қайтаруға, бағасын арзандатып алуға құқылы. Құқығы бұзылған жағдайда сатушыға немесе қызмет көрсетушіге жазбаша түрде шағым жолдап, eotinish.kz порталы арқылы өтініш беру керек. Қоғамдық ұйымдардан кеңес алып, қажет болған жағдайда сотқа жүгіну де артық етпейді, — дейді ол.
Биыл 11 айда тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері бойынша жүргізілген жұмыс қорытындысы сөз болған брифингте 155 кәсіпкердің әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны айтылды. Өңірлік коммуникациялар қызметіндеоларғатұтынушы құқын бұзғаны үшін айыппұл салынып, ескерту берілгені баян етілді.
— Біз сауда және тұтынушы құқығы бойынша өңір азаматтарының арыз-шағымдары мен уәкілетті мемлекетік органдардан түскен құжаттарды қараймыз. Заңнамалық талап негізінде бұзушылықтарға жол берген кәсіпкерлік субъектілеріне әкімшілік шара қолданылады. Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес егер субъектілердің кінәсі дәлелденсе, айыппұл салынады. Әйткенмен тұтынушылардың құқығын қорғау тек бұзушылықтарды анықтау және жазалаумен шектелмейді. Бұл бағытта алдын алу жұмыстары, құқықтық мәдениет қалыптастыру және азаматтардың сауаттылығын арттыру аса маңызды рөл атқарады.
Тұтынушы құқығы бойынша арыз-шағымдар болса, мына мекенжай бойынша жолығуға болады: Ақтөбе қаласы, Әбілқайыр хан даңғылы, 25-үй. Байланыс телефондары: 54-81-20, 54-81-26.
Тұтынушы құқықтарын қорғау — тек мемлекеттің емес, әр азаматтың да жауапкершілігі. Заң білетін, белсенді тұтынушы ғана өз құқығын қорғай алады әрі әділ және ашық нарық қалыптастыруға үлес қосады, — дейді жоғарыда аталған департаменттің бас маманы А.Жұмамұрат.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.



