Тәуелсіздік тағылымы

1991 жылдың 16 желтоқсаны — қазақтың әр азаматы үшін қастерлі күн. Дәл осы күні Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Ресбуликасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңын қабылдаған-ды. Бұл республикамыздың ертеңгі тағдыры мен дамуының жаңа кезеңін айқындап берген тарихи құжат болатын. Осы құжаттың қабылданған күні Тәуелсіздік күні ретінде аталып келеді. Тәуелсіз еліміздің айқын егемендігін бекітіп, елімізді төрткүл әлемге танытқан бұл құжатҚазақ еліндамушы экономикасы мен демократиялық негізі бар мемлекетке айналдырды.
Тәуелсіздік ата-баба армандаған құндылық еді. Бұл ғұндардың, көк түріктердің, Алтын Орданың орталығы болған салқар даланы мекендеген елдің қасиетті мұраты еді. Тәуелсіздік — ғасырлар бойғы күрестің, ұлттық намыс пен өр рухтың жеңісі.
«Халықтың қалыпты түрде өсуі үшін ол дамудың қандай деңгейінде тұрса да: өзіндік дамуы, өзін-өзі қорғауы, өзін-өзі басқаруы және өзіндік соты болуы қажет» деп жазған Шоқан Уәлиханов та, «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсiздiгi болуы мүмкiн бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, бiлмейдi де. Ұлт азаттығы — ұлттық рухтың нәтижесi. Ал ұлттық рухтың өзi ұлт азаттығы мен тәуелсiздiгi аясында өсiп дамиды, жемiс бередi», — деген Мұстафа Шоқай да елдің азаттығы туралы айтқан еді…
Сол Тәуелсіздік таңы 1991 жылы келді қазаққа. Жаһан картасында «Қазақстан» деп жазылған Ұлы даланың әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі болып, өркениеттік дамуға үлесін қосып келе жатқанына биыл 34 жыл толды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел тәуелсіздігінің 30 жылдығында жазған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында егемен еліміздің тарихын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастыруға болатынын, оның әрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұрғанын айтқан-ды.Президент азаттықтың алғашқы онжылдығын Қазақстанның іргесін қалау кезеңі деп атады. Бұл жылдары мемлекетіміздің нышандары қаланып, билік жүйесі қалыптасқанын, ұлттық валютамыз айналымға еніп, Қарулы Күштеріміз құрылғанын, Ата Заңымыз қабылданып, шетелдермен дипломатиялық қатынас орнағанын, еліміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше болғанын тілге тиек етті.
— «Қазақстан — 2030» стратегиясын қабылдадық. Шығыстағы көршімізбен шекарамызды бекіттік. Басқа да іргелес мемлекеттермен шекара жөніндегі келіссөздер қарқынды жүргізіле бастады. Ел аумағын ядролық қарудан толық тазарттық. Елордамызды Арқа төсіне көшірдік. Нарықтық экономикаға өтіп, жекеменшік институтын берік орнықтырдық. Отандық бизнестің негізін қаладық. Жастар әлемнің маңдайалды оқу орындарында білім ала бастады. Түрлі дағдарыстардан аман өтуге мүмкіндік берген Ұлттық қорымыз құрылды. Дүниежүзіне тарыдай шашылған қазақ баласын атажұртқа шақырып, Ұлы көшке жол аштық. Соның нәтижесінде ел еңсесі тіктеліп, ұлттық рухымыз көтерілді, — деді Мемлекет басшысы.
Алғашқы онжылдықта мемлекетіміздің саяси-экономикалық, рухани-әлеуметтік салаларының барлығында тәуелсіз қоғамға тән өзгерістер жасалды.1991 жылдың 29 тамызында тұңғыш Президент Семей ядролық полигоннын жабу туралы Жарлық шығарды. Сол күннен бастап Қазақстан даласында ядролық сынақ жасау тоқтатылып, еліміз ядролық қауіпсіздік рейтингінде ең қауіпсіз елдің бірі болды.
1993 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі сессиясында Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы қабылданды. Бұл тәуелсіздік тарихын жасауға кіріскен мемлекеттік алғашқы Ата Заң болатын.
1994 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі астананы көшіру туралы тарихи шешім қабылдады.
«Бұл шешімнің қабылдануы үш жылдан астам уақытқа созылған астананы көшіру процесіндегі ұлы аттаныстың басы еді. ХХ ғасырдың аяғында өз тарихымызда тұңғыш рет елдің ұлттық мүдделерін басшылыққа ала отырып, Тәуелсіз Қазақстанның астанасы қай жерде орналасатыны туралы шешім қабылдауымыздың зор саяси және мәнділік мәні болды және бола береді. Бұл азаттық пен тәуелсіздік алған егемен халықтың еркінің көрінісі-тін» деп жазды тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Еуразия жүрегінде» атты кітабында.
Қазақ қоғамының сол жылдардағы ең үлкен жетістігі — бірлік пен татулық еді. 1995 жылы 1 наурызда бір елде бейбітшілік пен келісімде өмір сүретін этностардың достығының сиволындай болған Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Президент Жарлығы шықты. Сол кезде БҰҰ Бас хатшысы болған Кофи Аннан Қазақстанды «басқа мемлекеттер үшін ұлтаралық келісімнің, тұрақты дамудың үлгісі» деп атады. Осындай тарихи шешімдер шығарылған Елордамыз 1998 жылы ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік қаласы» деген марапатына ие болды.
Алғашқы онжылдықта қабылданған «Қазақстан — 2030» құжатында ел экономикасын жаңғыртудың стратегиялық мақсат-міндеттері айқындалды. Еліміз беделді халықаралық ұйымдардың мүшелігіне енді.
Екінші онжылдықты Қ.Тоқаев «Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі» деп атады. Керегесі кеңейген үйдің берекелі болатыны, молшылық пен тұрақтылыққа негіз болатыны сияқты, бұл кезең еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруға, аймақтық интеграцияны күшейтуге бағытталды.
— Осы жылдарда мемлекетіміздің тұғыры нығайып, экономикалық әлеуетіміз арта түсті. Құрлықтағы барлық шекарамызды айқындап, заң жүзінде бекіттік. «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырып, тарихымызды түгендедік. Солтүстік Аралды құтқарып, қашқан теңізді қайтардық. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммиттерін өткізуге және басқа да бірқатар маңызды халықаралық жобаларға бастамашы болдық. Елімізге шетелден қомақты инвестиция тарттық. Есілдің жағасында бой көтерген еңселі елордамыз ұлттық идеямызға айналды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар қолға алынды. Тұрғын үй құрылысы да бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамыды, — деді Президент.
Үшінші онжылдықта елімізде саяси-экономикалық реформаларға, рухани жаңғыруға негіз болған ауқымды құжаттар қабылданып, ірі жобалар мен бағдарламалар іске асырылды. 2012 жылы әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енген Қазақстан дамыған отыз елдің қатарына қосылуды мақсат тұтқан «Қазақстан — 2050» стратегиясын қабылдады.2017 жылы елімізде ТМД елдерінің ішінде бірінші рет халықаралық ЭКСПО көрмесі өткізіліп, 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйымның басын қосты.
2015 жылы ғарышқа көтерілген «Союз ТМА-18М» кемесінде алғашқы Қазақстан азаматы Айдын Айымбетов болды. 1991 жылы ғарышқа ұшқан «Союз ТМ-13» кемесінде тарихымыздағы тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, 1994 жылы көкке көтерілген «Союз ТМ-19» ғарыш кемесінде тарихымыздағы екінші қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаев болған еді…
— Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті — қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет.
Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз, — деді Қ.Тоқаев.
Бүгінде Әділетті Қазақстанды құру бағытында елімізде іргелі реформалар жүргізіліп жатыр. Елімізде «Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет» қағидаты орнығып, ауыл, аудан, облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін халық өзі сайлау арқылы мемлекеттік маңызды мәселелерге қатысты шешім қабылдауға араласатын болды. «Естуші мемлекет» қағидатын толыққанды іске асыру мақсатында, яғни мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайту үшін еліміздегі кейбір заңдарға өзгерістер енгізілді.
— Биыл еліміз азаттықтың мерейлі белесіне жетті. Осыдан 35 жыл бұрын Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Дәл осы күні сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүріміз қайта жаңғырды. Көп ұзамай жұртымыз Тәуелсіздік байрағын көтерді. Тарихи әділдік орнап, ұлттың рухы асқақтады. Сондықтан бұл күнді халқымыздың дербес ел болуына жол ашқан қастерлі күн деуге болады.
Тәуелсіздік — бәрінен қымбат құндылығымыз. Оны сақтап, нығайта түсу — баршамызға ортақ қасиетті борыш. Егемендік — ата-бабаларымыздың ұлт мүддесі жолындағы өшпес ерлігінің айқын көрінісі. Заңғар ойшыл Әбіш Кекілбаев «Өткеннен тағылым, ертеңнен үміт іздегендер ғана ілгері баса алады» деген. Біз әр кезеңде ұлт тарихында өшпес із қалдырған барлық мемлекет және қоғам қайраткерлеріне құрмет көрсетеміз, оларды ешқашан ұмытпаймыз. Сонымен бірге келешекке үлкен үмітпен, зор сеніммен қараймыз, биік мақсаттарға ұмтыламыз, — деді ел Президенті Қ.Тоқаев биыл Республика күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде.
Келешекке үлкен үмітпен, зор сеніммен қарап, биік мақсаттарға ұмтылған Қазақстан Республикасының 34 жылдық белесі— кемеліне келіп, керегесі кеңейген елдің жүріп өткен жолын бағамдайтын, жетістіктерін айқындайтын һәм жаңа өзгерістерге бастайтын маңызды кезең.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.



