«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы көшбасшы мектебі»


Жас көшбасшыларға арналған республикалық форум осылай аталды.
Форумға облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, облыс прокурорының бірінші орынбасары Т.Әлібаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Айбек Шілманов, облыстардан келген белсенді жастар, облыстық қоғамдық Кеңес мүшелері, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қалалық және аудандық жастар ұйымдарының белсенділері қатысты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың халықаралық және қазақстандық тәжірибесін талдау, құқықтық білімін нығайту мақсатында өткен форумның ашылуында облыс әкімінің орынбасары Ж.Батырхан мен облыс прокурорының бірінші орынбасары Т.Әлібаев сөз сөйлеп, сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін зардаптарына тоқталып, жастарды адалдық пен заңдылықты сақтауға шақырды.
—Мемлекет басшысы әр азамат ұстану тиіс алты қағидат пен алты құндылықты бекіткен болатын. Сол құндылықтардың ішінде заң мен тәртіп ерекше атап өтілді. Өйткені заң бар жерде тәртіп болады, ал тәртіп бар қоғамда жемқорлыққа жол жоқ.
Әсіресе жас буын өкілдері кез келген құқықбұзушылыққа, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік танытса, еліміздегі ең ауыр дерттердің бірі жойылатыны анық, — деді Ж.Батырхан.
Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары Т.Әлібаевтың айтуынша, 2013 жылы енгізілген «мүлдем төзбеушілік» қағидаты аясында өңірде іргелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
— Президент айтқандай, «Заң және тәртіп» идеологиясының басты мақсаты — құқықбұзушылықтың алдын алу. Өңірде заң мен тәртіп идеологиясын түсіндіру бағытында көптеген іс-шара атқарылып жатыр. Бүгінгі қоғамда ерекше алаңдаушылық тудыратын қылмыс түрлері —синтетикалық есірткінің заңсыз айналымы, интернет-алаяқтық және лудомания Интернет алаяқтықпен күресу үшін Ұлттық Банкпен меморандум жасалып, арнайы орталықтар жұмыс істеп жатыр. Сонымен бірге мемлекет тарапынандропперлерге қатысты жауапкершілік күшейтілді. Бүгінгі қоғамда жастар қырағы болуы керек, — деді ол.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Айбек Шілмановтың айтуынша, өңір тұрғындарының 28 пайызы — жастар, ал жастардың мемлекеттік қызметтегі үлесі — 37 пайыз.
— Бұл — жастар санының біршама көп екенін көрсетеді. Сондықтан жастар — сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асырудағы негізгі қозғаушы күш. Осындай маңызды басқосудан нақты нәтиже күтеміз. Бұл кездесу — ашық талқылауға мүмкіндік беретін тиімді алаң, — деді.
Форумға шақыртылған спикерлер жастарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы азаматтық бастамалардың, волонтерлік пен медиа-кеңістіктің рөлі, сондай-ақ парасаттылық мәдениетін қалыптастырудың практикалық әдістері туралы баяндады.Батыс Қазақстан, Атырау, Ақмола облыстарынан келген көшбасшы жастар өз өңірлерінде жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы тәжірибелерімен бөлісті. Бұл аймақтар арасындағы ынтымақтастықты күшейтіп, форумның мазмұнын байыта түсті.
Сондай-ақ форум аясында үздік жастар марапатталды.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.






