Қазақ даласындағы ислам: дәстүр мен діннің жарасымы

Қазақ халқы — ықылым замандар бойы түрлі наным-сенімдер мен дүниетанымның көшін көріп, солардың арасынан ұстанар жолын тап басып таныған жұрт.
«Дін—жүректен, дәстүр—тілектен» десек, қазақ даласында исламның таралуын тек сенімнің емес, бүтін бір рухани кеңістіктің қалыптасуымен байланыстырамыз. Осы кеңістіктің өзегі — ұлттық болмыс, адамгершілік пен ізгілік, имандылық пен инабаттылық.
Ислам қазақ топырағына күштеп енгізілген жоқ. Ол халықтың жүрегін еақырын сіңіп, санаға сәуле болып тарады. Бабаларымыз ислам дінін аспаннан түскен бұйрық деп емес, өмір сүрудің өнегелі жолы ретінде таңдады.
Қазақ қоғамында ислам діні мен дәстүр тығыз байланыста дамыды. Ата-бабамыз ешқашан дінді ғибадат амалдарымен ғана шектеп көргене мес. Олар «дін — ғылымның анасы, иман — барлық жақсылықтың басы» деп ұқты. Діннің түп мәні адамды адалдыққа, әділдікке, мейірімділікке, парасаттылыққа баулу екенін о бастан түсінді. Ислам діні қазақтың дүниетанымымен, табиғи болмысымен астасып жатты.
Қазақтың әрбір салт-дәстүрі исламмен үйлесім тапқан. Мәселен, «Баланы — жастан, ұлды— бастан» деп,баланың ес білмеген кезінен-ақ оның тәрбиесіне мән беріп, бесік жырын Алланың атымен айтып,тербеткен. Балаға ат қойған кезде азан шақырып, құлағына есімін жеткізіп, сыйлы адамдардың батасын алған. Сондай-ақ қазақтың үлкенге құрмет көрсетіп, кішіні ізетпен тәрбиелеуі исламдағы «ата-анаға жақсылық жасау» қағидатымен үндес. «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер», «Үлкенге— ізет, кішіге— қамқорлық» сынды мақал-мәтелдер — осының айғағы. Бұлар — жай сөз емес, ғасырлар бойы қалыптасқан өмірлік ұстаным.
Қазақ халқы үшін ұлттық құндылықтар мен ислам діні—егіз ұғым. «Қонақ келсе —құт» деп төрін ұсынып, діндес бауырын ешқашан жатсынбаған. Қолындағысын бөлісіп, «жақсының жанында жүр» дегенді өмірлік қағидаға айналдырған. Адалдық пен арамдықты ажыратып, «Арамнан жеген ауқаттың дәруі жоқ» деп,ұрпағын жамандықтан сақтандырған.
Қазақтың исламға деген құрметі күнделікті тіршілігінен де байқалады. Әрісін «бісміллә» мен «Құдай қаласа» деп бастайды. «Аллаға тапсырдым», «тәубе», «шүкір», «Астапыралла», «иманды болсын» секілді сөздер —халқымыздың күнделікті өмірде тұрақты қолданатын, рухани қазынасына айналған тіркестер мен лебіздер. Ораза мен Құрбан айт, жұма күні мен Қадір түні ел ішінде ерекше қастерленіп,дәріптеліп, ұрпаққа мирас болып жетті. «Ораза — сабыр мен төзімнің мектебі», «Құрбан — құрмет пен риясыздықтың айғағы» деп, әрбір ғибадаттың астарында терең мән жатқанын санаға сіңіріп отырған.Қазақ үшін сөздің киесі болды. Әсіресе діни сөздер, Құран аяттары мен хадистерге негізделген өсиеттерді өмірлік бағдар еткен. Абай, Шәкәрім, Ыбырай сынды ұлы ойшылдардың шығармаларынан ислам этикасы мен ұлттық тәрбие үндестігін көреміз. Мәселен, Абай:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй, Ол Алланы жаннан тәтті» — деп, діннің жүрекке бағытталғанын, махаббат пен мейірімділікке негізделгенін жырлайды. Қазақ ақын-жыраулары да өздері терең түсінген дінді насихаттады. Бұқар жырау «Бес күндік өмір — алаң дүние» десе, Мәшһүр Жүсіп «Жалғанның жарығы — иман нұры» деп насихат айтқан. Иә, ислам қазаққа жат емес, ол — өз топырағынан өніп шыққан рухани бәйтерек.
Бүгінгі жаһандану заманында ұлттық құндылық пен дәстүрлі исламның орнын айқындау — өте өзекті мәселе. Себебі дін мен дәстүрді қарама-қарсы ұғым ретінде қабылдайтындар да бар. Бұл — діни сауатсыздықтан, тарихи танымның таяздығынан туындаған қате түсінік.
Дәстүрлі ислам —ғасырлар бойғы салттарымызбен, ұлттық санамызбен етене сенім. Ол ешқашан зорлықты, жат ағымның өрескел үгіт-насихатын қолдамайды. Керісінше, ұрпақты ізгілікке, ата-ананы қадірлеуге, білім алуға, елі мен жерін сүюге тәрбиелейді. «Ғалымның хаты — шәкірттің ақылы» десек, бүгінгі таңда жастарға дін мен дәстүрді қатар түсіндіру, ұлттық құндылықтарды имандылықпен ұштастыру — қоғамның басты міндеттерінің бірі.
Қазақ даласындағы ислам — ұлттың өз болмысын айқындауының, рухани жаңғыруының айғағы. Бабалар жолы — имандылық жолы. Ал иман — тектілік пен тәрбие ордасы.Сондықтан ата-баба аманатын ұлықтап, ислам мен дәстүрді қатар алып жүру — бүгінгі ұрпақтың ең асыл парызы. Тарихқа көз жүгіртсек, қай кезеңде де қазақтың жүрегі иманмен соқты, сөзі Жаратушымен басталды, бар тірлігі адалдық пен әділдікке негізделді. Ендеше, біз де сол жолдан айнымау арқылы ғанаіргемізді бекіте аламыз.
Ж.ТӨРЕТАЕВ.



