Ақтөбелік жанкүйер

Ақтөбелік Ақбота Ақдәулетова «Қайрат» — «Интер» матчына жанкүйер болып барды. Бұрын «Ақтөбе» газетінде корректор болып қызмет еткен ол бүгінде Римдегі «Тор Вергата» университетінде туризм мамандығы бойынша магистратурада білім алып жатыр. Айтулы спорт додасын «Сан-Сиро» стадионында өз көзімен көрді.
Ол Римнен Миланға дейін 600 шақырым жол жүрген. Қасында өзімен бір университетте оқитын атыраулық Ақмоншақ Әбілхасова болыпты.
— 5 қараша күні «Қайрат» командасы Чемпиондар лигасындағы кезекті ойынын миландық «Интер» командасымен өткізді. Матч естен кетпестей әсер қалдырды. Бұл ойынға елімізді қолдап, жанкүйер ретінде бардым. Билетті 14 еуроға алдым. Біздің теңгемен 8488 теңгеге шықты. Италияда оқып жүріп, айтулы спорт додасынан шет қалмауым керек деп лезде жолға шықтым. Ең қызығы, автобус толы жанкүйерлердің ішінде Польша, Литва, Рим, Чехия сияқты әлем мемлекеттерінде оқып жатқан қазақстандық студенттерді де жолықтырдым. Он сағат бойы «Қазақстаным, алға!» деп ұрандаттық, патриоттық әндер де шырқалды, — дейді спорт жанкүйері.
Оның айтуынша, бұл ойынды көруге 2000-ға жуық қазақстандық жиналыпты. Олардың барлығы «Сан-Сиро» стадионында «Қайратты» қолдауға келген.
— Матч өте тартысты өтті. «Қайратты» барынша қолдадық. Сол кездегі көңіл күйімнің қандай болғанын спорт жанкүйерлері жақсы түсінеді. Еуропаның төрінде Қазақстанның туын ұстап жүрген жанкүйерлерді көргенде жүрегімді мақтаныш сезімі кернеді. Мені қатты қуантқаны — бізде өте талантты, ұстанымы нық, әлемдік командалармен иық тіресе алатын футболшылардың өсіп келе жатқаны. Мысалы, Темірлан Анарбековтің допты шебер қайтаруының өзі зор мақтаныш емес пе? Кешегіде оның Чемпиондар лигасындағы ойындардың нәтижесі бойынша үздік қақпашылардың үштігіне ілінгендігін әлемдік және республикалық басылымдар жарыса жазған-ды. Өте ерекше эмоция сыйлаған еліміздің теңбіл доп шеберлеріне алғыс білдіреміз. Өз басым қазақ командасының ойынына дән риза болып қайттым. Ойынның 55-минутында алматылық команданың жартылай қорғаушысы Офри Арадтың әуелетте соққан голын көзімізбен көрдік. «Қайрат» командасы Чемпиондар лигасының 4-турында «Интерден» 2:1 есебімен жеңілгенімен, сол матчта соғылған бір голдың өзі бізге жеңістен кем түспейтіндей әсер сыйлады, — дейді А.Ақдәулетова.
«Жеңісті күндерде жүздескенше» деп қазақстандықтарға Италиядан сәлем жолдаған Ақбота еліміздің мерейін асқақтатар қуанышты жаңалықтарымыз көп болсын деген ізгі тілегін білдірді.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.
Италия-Ақтөбе.



