Жаңалықтар

Инклюзивті спорт және қолжетімділік

Қобда ауданында өткен «Инклюзивті спорт және қолжетімділік: өңірлік шешімдер» атты форум Халықаралық мүгедектер күніне орай ұйымдастырылды.

Іс-шара аясында бочча ойыны бойынша турнир ұйымдастырылып, «Инклюзивті спорт — мүмкіндігі шектеулі азаматтардың толыққанды өмірінің кепілі» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.

Іс-шараға қатысқан Ақтөбе облыстық мәслихат төрағасы Г.Сүйінтаева, Ақтөбе облысы бойынша балалардың құқықтары жөніндегі уәкіл, облыстық мәслихат депутаты Айгүл Нұркеева, Қобда ауданының әкімі Ізгілік Тынымгереев, облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму, заңдылық, құқықтық тәртіп және жұртшылықпен жұмыс жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Айгүл Дүйсенова, облыстық мәслихат депутаттары Естай Сисенбаев және Алтынбек Жиембаев,«Ақтөбе облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алмаз Жантекенов қатысып, инклюзив балаларды қоғамға мейлінше тарту жайында түрлі ұсыныс-пікірін ортаға салды. Қатысушылар форум жұмысына сәттілік тілеп, ауданда, өңірде мүгедектерді қорғау бағытында атқарылып жатқан істер туралы ақпарат берді.

— Барлық балаға бірдей мүмкіндік жасау — мемлекеттің басты бағыттарының бірі. Қазіргі уақытта ерекше балалардың өнермен, спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалып, түрлі бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі турнир — соның бір жарқын көрінісі. Барлық қатысушыға сәттілік тілеймін, — деді Г.Сүйінтаева.

Сонымен бірге форумға аудандық бөлім басшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, жаттықтырушылар мен спортшылар қатысты. Жиында ерекше балаларды қоғамға мейлінше тарту турасында ұсыныстар мен пікірлер айтылды.

— Инклюзивті балалардың спортпен шұғылдануына біздің ауданымызда да  барлық мүмкіндік жасалған. Шәкіртім Қобда балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Медет Телманов жуырда республикалық сайыста үздіктердің қатарынан табылып, Жапонияның астанасы Токиода өткен сурдлимпияада ойындарынан өткен халықаралық турнирде ел намысын қорғады. Қазірдің өзінде спорт шебері нормасын орындап отыр, — деді Қобда БЖСМ жаттықтырушысы Нұркен Тасмағамбетов.

Форумның теориялық бөлімінде қатысушыларға бочча ойыны туралы жан-жақты ақпарат беріліп, таныстырылым өткізілді. Практикалық бөлімде 10 команда қатысқан спорттық турнир ұйымдастырылды. Қатысушылар жеңіл атлетика, бочча спортынан және  инклюзивті командалық эстафета бойынша өзара сынға түсті. Жарыс жеңімпаздарына диплом мен арнайы сыйлықтар табысталды.

 Ардақ МЫРЗАБЕКОВА,

Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button