Оқушылар эссе жазды


Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінде «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында колледжішілік акция өтті. Оған білім алушылар мен мектеп оқушылары, оқытушылар қатысты.
Құқықтық тәртіп идеологиясын насихаттауға бағытталған іс-шара барысында білім алушылар эссе, диктант жазды. Сондай-ақ акция аясында брейн-ринг, конференция, психологиялық практикум сағаттары және басқа да қызықты сайыстар ұйымдастырылды.
Колледждің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бақытгүл Әбілпейісованың айтуынша, құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында апта сайын түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.
— Қазіргі жастарды таңғалдыру қиын. Сондықтан кезекті іс-шарамызды танымдық бағытта ұйымдастырдық. Білім алушылар мазмұнды эсселерін ұсынды. Олар қалауы бойынша пікірсайыс сағаттарына, диктант, эссе байқауына қатысты. Оқушылар «Жауапкершілік және заң», «Неге жастар өз құқықтарын білуі керек?», «Менің құқықтарым мен міндеттерім: белсенді азамат көзқарасы» тақырыбында эссе жазды. Жеңімпаздарды Тәуелсіздік күні қарсаңында марапаттаймыз. Олардың шеберлігін шыңдау мақсатында Алғыс хат пен естелік сыйлық табыстаймыз.
Бүгінде колледжде 1078 оқушы тоғыз мамандық бойынша білім алып жатыр. Олардың сабақтан тыс тәртібін де қадағалаймыз. Мұндағы екі психолог маманымыз оқушылардың кез келген сұрағына жауап беріп, кеңес айтуға әрдайым даяр. Құқықбұзушылықпен қоғам болып күресіп, жастарды идеология тұрғысынан тәрбиелеуіміз керек, — дейді ол.
Эссе байқауына қатысушы Фарида Қалдығара — колледждің белсенді оқушыларының бірі. Ол эссе байқауы өз ойыңды ашық білдіруге мүмкіндік беретін сайыс деп есептейді.
— Тәрбие тал бесіктен басталады. Өзім отбасылық құндылықтарды қатаң сақтайтын отбасында тәрбиеленгенмін. Бос уақытымды әлеуметтік желіде құр босқа өткізбей, пайдалы шеберлік сағаттарына қатысып тұрамын. Эссе байқауында қоғамда болып жатқан жантүршігерлік оқиғалардың салдары туралы жаздым. Жұмыстарымызды колледж оқытушысы Шолпан Ерімбетова қарап, бағасын береді, — дейді білім алушы.
Оқушыларға «Менің құқықтарым және жеке шекараларым» тақырыбында психологиялық практикум өткізген педагог-психолог Гүлсім Сағидоллақызының айтуынша, бар жүктемені білім беру ұйымдарының оқытушылар құрамына артпай, құқықбұзушылық мәселесімен қоғам болып күресу қажет.
— Қит етсе жұдырық ала жөнелетін жастардың бос уақытын болдырмауымыз керек. Себебі олар әлеуметтік желіден көргенін істейді. Қай ата-ана баласын жамандыққа қисын. Ата-ана тарапынан қатаң тыйым болмауының салдарынан қылмыстық оқиғалар тіркеліп жатқаны шындық. Тіпті туған анасын өлтірген қаныпезер адамның оқиғасын естігенде денеміз түршігіп кеткен-ді. Осындай оқиғалар жасөспірімдер арасында қайталанбасына кім кепіл?! Әлеуметтік желідегі трендтерді тапжылмай орындайтын жастар оқуға көбірек көңіл бөлсе екен деймін, — дейді психолог.
Іс-шара барысында білім алушылар өз ойын ақ параққа түсіріп, психологиялық, топтық терапиядан өтті. Ұйымдастырушылар мұндай бағыттағы түсіндірме жұмыстарына мектеп оқушыларын да тартпақ ниетте. Себебі бұл олардың кәсіби бағыт-бағдар алуына зор мүмкіндік береді. Айта кетейік, осы жолғы акцияға қаламыздағы №8, №2, №6 мектептердің оқушылары қатысып, колледждің оқу базасымен танысты.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



