Жаңалықтар

Мейірім подиумы

Қолдау

Ақтөбеде алғаш рет ерекше балаларға арналған «Мейірім подиумы» атты сән көрсетілімі өтті. Іс-шараға облыстық денсаулық сақтау және білім басқармасының мамандары, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері мен ата-аналар қатысты.

Республикалық «Ерекше балалар одағы» қоғамдық бірлестігінің өңірлік филиалы ұйымдастырған сән көрсетіліміне 24 балақатысты. Аймақтық филиал басшысы Ұрқия Қамированың айтуынша, бұл бастама ерекше балалардың қоғаммен араласуына, сенімділігін арттыруға және олардың мүмкіндігін көрсетуге бағытталған.

Бүгінгі көрсетілімге коррекциялық оңалтудан өтіп, әлеуметтік ортаға бейімделген балалар қатысуда. Мұндай іс-шаралар балалардың өз-өзіне деген сенімін нығайтып, ата-аналарға да зор мотивация береді. Біз ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылардың тек психологиялық емес, мемлекеттік деңгейде қарастырылған көмекті алуына да қолдау көрсетеміз. Балалардың дамуы үшін түрлі салалық басқармалармен бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Соның нәтижесінде ерекше балалар үшін бұрын өте қымбат болған севоран газымен тіс емдеу курсы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы қолжетімді әрі тегін болды, — деді Ұ.Қамирова.

Іс-шарада ата-аналар да өз тәжірибесі бөлісті. Ерекше баланың анасы Айнұр Жайлыбаева бұл көрсетілімнің балаларға да, ата-аналарға да ерекше жігер мен сенім сыйлайтынын айтты.

Баламыздың дамуында кінәрат бар екенін 2,5 жасында білдік. Сол кезден бері үздіксіз ем-дом алып келеміз. Қазір жағдайы жақсы, мамандардың еңбегінің арқасында оң нәтиже байқалады. Бүгінде ұлымқаладағы жалпы білім беретін мектептің бірінде 2-сыныпта оқып жүр. Сыныптастары да, мұғалімдері де өте жылы қабылдап, баламды  бөлмей, жағдайына түсіністікпен қарайды. Осындай іс-шаралар балаларды қоғамға жақындатады, өз қабілетін көрсетуге мүмкіндік береді, — деді ол.

Кешке қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары аналардың жүктілік кезіндегі дайындығына, ерте диагностика мен скринингтің маңызына тоқталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Мейірім подиумы» алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізіліп, ерекше балалардың шығармашылық және әлеуметтік әлеуетін ашуға бағытталған жобаның бірі ретінде жалғасын табады.

 А.АЛТЫБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button