АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Аудан әкімі Асқар Қазыбаев Ш.Берсиев ауылдық округінің Қаратал, Қарасу, Құмжарған ауылдарының, Көптоғай ауылдық округінің Шұбарши, Қарасу, Аманкелді ауылдарының тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында Асқар Қазыбаев Ойыл ауданының әлеуметтік-экономикалық саладағы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға жеке-жеке тоқталып, ауданның және ауылдық округтердің әр салада атқарған жұмысы туралы ақпарат берді.
Аудан әкімінің әлеуметтік-экономикалық саладағы атқарылған және алдағы жоспарларын тыңдаған ауыл тұрғындары жергілікті жердегі бірқатар өзекті мәселе туралы сұрақтарын қойып, ұсынысын білдірді.
Қаратал ауылының тұрғындары орталықпен байланыстыратын жол, қысқы мал азығын даярлау сынды бірқатар мәселені көтерсе Құмжарған ауылында жеке шаруа қожалықтарының ауылдық округтің жайылымдық жерлерінің тарылуына себеп болуы, газ мәселесі, үй бойынша тұрғындардан өтініштер келіп түсті. Қарасу ауылында жұмыс, су және газ мәселелері, қысқа дайындық жұмыстары талқыланды.
Көптоғай ауылдық округіне қарасты ауылдық елді-мекендер тұрғындары көтерме жолдарды қалпына келтіру, қыс мезгілінде үзіліссіз жол қатынасына жағдай жасау, көктемгі су тасқыны салдарынан жарамсыз болған бөгеттерді қайта қалпына келтіру жұмыстарын жандандыру, газ мәселесі сынды өзекті мәселелер туралы айтты.
Аудан басшысы Асқар Қазыбаев ауыл тұрғындарының өтініш-тілектері мен маңызды сұрақтары бойынша арнайы іс-шаралар жоспарын құрып, қолданыстағы заң талаптары мен қаржылық мүмкіндіктерге байланысты жұмыс жүргізілетінін айтып, ауылдық округ әкімдері мен тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл ауданы.



