ІЛЕСПЕ ГАЗ ҚАЙТА ӨҢДЕЛЕДІ

Байғанин ауданының әкімі Айбек Көпенов «Қазақ Түрік Мұнай» ЖШС-ның мұнай өндіру барысында түзілетін ілеспе газды қайта өңдеу бағытында атқарылып жатқан жұмысымен танысты.
Ілеспе газды тиімді пайдалану және өндірістік қалдықтарды кәдеге жарату мақсатында «Азия Мұнай Групп» ЖШС электр энергиясын өндіруге бағытталған жобаны жүзеге асырып жатыр. Өндірістік кешеннің жалпы инвестициялық құны — 800 миллион теңге. Жоба аясында ілеспе газды қайта өңдеу арқылы қоршаған ортаға түсетін зиянды әсерді азайту, өңірдің энергетикалық тұрақтылығын арттыру, өндірістік тиімділікті жоғарылату, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген.
Аудан әкімі атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығын атап өтіп, жобаның өңір экономикасын дамытуға қосатын үлесі жоғары екенін жеткізді.
Сондай-ақ жұмыс сапары барысында Айбек Көпенов «IC Petroleum» компаниясының вахталық қалашығында болып, жұмысшылардың тұрмыстық жағдайымен, демалыс және тамақтану орындарының жай-күйімен танысты. Аудан басшысы еңбек қауіпсіздігі мен қолайлы тұрмыс жағдайын қамтамасыз ету өндіріс тиімділігінің маңызды бөлігі екенін атап өтті.
Рита ХАЛЫҚҚЫЗЫ,
Байғанин ауданы.



