Ауыл

Тұрғындар тілегі

Шалқар ауданының әкімі  Жанболат Жидеханов ауылдық округтерді аралап, тұрғындармен кездесті. Ол  Қауылжыр, Мөңке би, Ақтоғай, Бершүгір, Шетырғыз, Тоғыз, Кішіқұм, Жаңақоныс, Е.Көтібарұлы, Айшуақ және Бозой ауылдық округтерінде болды.

Кездесу барысында әр округтің әкімі өткен жылдың екінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстарды баяндап, жоспарларын айтқан.  Аудан әкімі Жанболат Жидеханов ауылдардың әлеуметтік-экономикалық даму барысына тоқталып, инфрақұрылым, әлеуметтік сала, білім мен денсаулық сақтау саласындағы жетістіктер мен кемшіліктерді саралады.

Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақ пен ұсыныстарды мұқият тыңдап, әр мәселе бойынша нақты тапсырма берді. Ауыл әкімдерінің жұмысын жандандыру және қызмет тиімділігін арттыру үшін нақты міндеттер белгіленді. Әкімнің айтуынша, мұндай кездесулер елді мекендердің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, тұрғындардың талап-тілегін жергілікті деңгейде шешуге және басқару сапасын арттыруға зор мүмкіндік береді.

Мәселен, Қауылжыр ауылдық округінде тұрғындар теміржол бойына мал шығатынын және мал өлекселерінің ауыл ішіне тасталатынын айтып, тиісті шара қабылдауды сұрады. Мөңке би ауылдық округінде жастарға спорт кешені қажет. Ал қыстақтардағы шаруа қожалықтарына жарық тарту — әлі күнге  өзекті мәселе. Ақтоғай ауылдық округінде Ақтан батыр және Қорғанжар ауылдарының кіреберісіне қиыршықтас төсеу, сонымен қатар Қотыртас ауылына клуб салу қажеттігі көтерілген.

Сарысай ауылында дәрігердің тапшылығы мен су құбырын жаңарту мәселесі, сонымен қатар дүкен ашу және дәрігерлік амбулаторияға жаңа автокөлік алу қажеттігі айтылды. Ал Бершүгір ауылдық округінде тұрғындар ауыл көшелерін жарықтандыруды сұраған. Жылтыр ауылына заманауи спорт кешенін салу, сондай-ақ кіреберіске жол белгілерін орнатып беруді өтінген.

Шетырғыз ауылдық округінің тұрғындары Тұмалыкөлге газ желісін тарту, Қаратоғай ауылын жаңа су ұңғымасымен қамтамасыз ету мәселесін көтерген. Тоғыз ауылында қазақша күрес секциясын ашу, Кішіқұм ауылдық округінде Шоқысу және Шілікті ауылдарына жастарға арналған спорт алаңдарын салу, денешынықтыру-сауықтыру кешеніне спорттық инвентарь алу туралы мәселелер айтылды.

Сонымен қатар әр округтің тұрғындары өздерін қызықтырған басқа да сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Аудан әкімі Жанболат Жидеханов тұрғындардың сөзін назарға алып, аталған мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін айтты. Ауыл тұрғындарын ауызбіршілікке шақырып, ортақ мүддеден тыс қалмай, бірге болуға үндеді.

Бірқатар тұрғынды өз өтініші бойынша жеке қабылдады.

Қ.ӘЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button