Санжар мен Шыңғысхан — Азия ойындарының жүлдегері

Бахрейннің Манама қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы ІІІ жазғы Азия ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы жалпы есепте үшінші орынға ие болды.

Қазақстандық жас спортшылар 93 медаль жеңіп алды. Оның 24-і — алтын, 29-ы — күміс, 40-ы — қола медаль. Спорт түрлеріне келсек, жас боксшыларымыз бен дзюдошыларымыз ең үздік өнер көрсетті. Дзюдо құрамасы, яғни Елдос Сметовтің ізбасарлары 14 медаль жеңіп алды, оның 4-еуі — алтын. Ал ең көп алтын алған — бокс құрамасы. Боксшылар 5 алтын, 3 күміс және 2 қола жүлдемен оралды. Сондай-ақ жас спортшыларымыз ауыр және жеңіл атлетика; велоспорт; суда жүзу; аралас жекпе-жек; таэквандо; муай-тай; көгалдағы волейбол және күрес сынды спорт түрлерінен жақсы өнер көрсетті.
Жүлдегерлердің арасында ақтөбелік спортшылар да бар: аралас жекпе-жектен Санжар Иманғали (50 кг) күміс медаль алса, дзюдошы Шыңғысхан Тәңірберген (90 кг) де нақ сондай нәтижеге қол жеткізді. Жас дарындарымызды мақтан тұтып, алда жарқын жеңіс тілейміз.
Айна САРЫБАЙ.



