14 жылдан кейінгі жетістік

Семей қаласында бокстан 2025 жылғы Қазақстан чемпионаты аяқталды. 85 келі салмақ дәрежесінде ақтөбелік боксшы Дәулет Төлемісов жеңімпаз атанды.
Бұл — Ақтөбе бокс мектебінің тарихындағы елеулі жетістіктердің бірі. Атап айту керек, Галиб Жапаров 2003 жылы тәуелсіз Қазақстаннан шыққан алғашқы әлем чемпиондарының бірі атанып, Ақтөбе бокс мектебінің мерейін үстем еткен еді. Алайда кейінгі жылдары бұл жарқын жол жалғасқан жоқ, біздің аймақтан соңғы рет 2011 жылы Мәди Шолақов ел чемпионы атанған екен. Міне, келесі ел чемпионы араға 14 жыл салып қана шығып отыр.
Мықты бапкерлер, талантты боксшылар аз болмаса да, ұзақ жылдарға созылған сәтсіздіктің соңын өткен жылғы ел чемпионатында байқаған едік. Былтыр Қарағандыда ұйымдастырылған ел біріншілігінде екі бірдей боксшымыз финалға шығып қуантты. Екеуі де күміс жүлдегер атанды. Олар — ақтөбелік Дәулет Төлемісов (80 кг) пен хромтаулық Бекзат Алдамжаров (51 кг).
Биыл да нақ осы екі боксшы финалға дейін еш сүрінбей жетті. Алайда Бекзат бұл жолы да нақ былтырғыдай Батыс Қазақстан облысының боксшысы Даниал Сәбитке есе жіберді. Сөйтіп, екінші рет күміс жүлдегер атанды.
Ал бір салмақ дәрежесіне көтерілген Дәулет финалда Алматы қаласының өкілі Сұлтанбек Айбарұлымен кездесіп, 5-0 есебімен жеңіске жетті. Сондай-ақ ол осы турнирдегі ең жас чемпион атанды.
Сонымен биылғы ел чемпионатының қорытындысы бойынша облыс құрамасы 1 алтын, 1 күміс жүлдемен өңірлер арасында 9-орынға тұрақтады.
Дәулетке келсек, ол — Қ.Жұбанов атындағы АӨУ-дің студенті, жеке бапкері — Әлім Әбдірашитов.Өз салмағында ұлттық құрама көшбасшыларының қатарына енген жерлесіміз халықаралық деңгейдегі жарыстарда да ел намысын сәтті қорғап жүр. Дәулеттің биыл көктемде Бразилияда өткен Әлем кубогы кезеңінде топ жарғанын айтсақ та жеткілікті. Бұл жарыстың финалында ол кейін әлем чемпионы атанған өзбекстандық боксшы Акмалжан Исраиловты жеңген еді.
Дәулет пен Бекзатқа алда да үлкен жеңістер тілейміз!
И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.



