Үзілген үміт

Премьер-Лига
«Астана»-«Ақтөбе» — 5:3
17-19 қазан күндері Премьер-Лиганың 25-тур ойындары өтті.
Алаңға елден бұрын, жұма күні «Қайрат» шықты. Алматыда «Қызылжармен» кездескен қайраттықтарға 42-минутта Дастан Сатпаев соққан жалғыз гол үш ұпай әперді. Солайша өзін өкшелеп келе жатқан «Астана» командасынан «Қайрат» және үш ұпай артық жинады. «Қайрат» биыл да чемпион болады десті асығыстау жанкүйерлер.
Бірақ бұл, шынында да, асығыс айтылған пікір болды. «Астана» да жексенбіде үш ұпай олжалады.
Көлденең еш есептен қауіптенбесе де сырт алаңда «Тобыл» да жеңіске жетті.
Сонымен, алтынға қол созатын екі команда да, үшінші орын иесі де белгілі болып қалды.
Турнир кестесінің ең соңында келе жатқан «Тұран» тағы да ұтылды.
Бір ерекшелігі, бұл турдың үш кездесуінде ғана 25 гол соғылды.
* * *
«Ақтөбе» өз алаңымызда «Елімайдан» 1:2 есебімен ұтылған соң (10 қыркүйек) Вячеслав Левчук орнын босатып, бас бапкер болып Николай Костов келген болатын.
Бірақ Костовты ақтөбелік жанкүйерлер бірден-ақ ұнатпай қалды. «Отыз тістен шыққан сөз отыз руы елге тарайды» дегенге бақсақ, Николай Костовтың өз алаңымызда «Ақтөбе» «Қайраттан» 0:1 есебімен ұтылғанда айтқаны көпшілік жадында сақталып қалды. Журналистің: «Какие теперь остались задачи на сезон? Борьба за Лигу Конференций, четвертое место, третье место?» — деген сауалына Костов жайбарақат жауап қайтарды: «Я третий тренер «Актобе» за этот год. У меня нет задач. Задача — выиграть каждую игру. Честно говоря, я даже не смотрю — третье место, четвертое место… Потому что зачем сейчас нужно думать над этим?».
Қанша бапкерді көрсек те, өзі тізгінін ұстаған команданың болашағына жауапсыз қарайтынын жасырмаған мұндай бапкерді алғаш көрген сияқтымыз. Ал сол «Қайратпен» кездесу өткеннен кейінгі кездесуде «Ақтөбеміз» 1:2 есебімен «Ұлытаудан» және ұтылып қалды. Сірә, бас бапкердің көңіл ауаны футболшыларға да жұқса керек. Сонда Костовтың Ақтөбеге не мақсатпен келгенін әлі түсінген жоқпыз.
Мына турда «Тұран» жеңіліп қалып, «Ақтөбемен» иық тіресіп тұрған «Елімайға» үш ұпай «сыйлады».
«Ақтөбенің» ендігі мақсаты «Астананы» жеңу болуға тиіс еді. «Төртінші орын ба, үшінші орын ба, маған бәрібір» деген ыңғайда кергіп тұрған бас бапкердің өз футболшыларына мына ойын алдында қандай ақыл айтқанын білмейміз, бәлкім, әдеттегі «дежурный» әңгімеден басқа ештеңе айтып та жарытпаған шығар. Сол себепті бұл жолы да тактиканы футболшыларымыздың өздері құрған болуы керек.
Әрине, сырт алаңда, оның үстіне алтынға таласы бар командамен ойнау тіпті де оңай емес. Дегенмен «не бел кетер, не белбеу кетер» деген тәуекелмен ойнаған жерлестеріміз шегіншектеген жоқ. Алғашқы минуттардан бастап-ақ алға ұмытылумен болды. Оның үстіне қақпаны қауіптен бірде Әлібек Қасым, бірде Әділхан Таңжарықов қорғап қала білді.
Дегенмен шапшаң шабуыл шапшаң голмен аяқталды. 10-минутта әріптесінен өте қолайлы пас алған Джеффери Чинеду допты қақпаға баспен соғып, есеп ашты да кетті. Әлі де ойынға бой үйрете алмады ма, бұл тұста біздің қорғаушыларымыз тырп ете алмай қалды: 1:0. Бұған ақтөбеліктер де дереу лайықты жауап қайтарды. 13-минутта Жайро Жан аяғына келе қалған допты қарсыластар қақпасының алыс бұрышына шегелеп енгізіп, есепті қысқартты: 1:1. Астаналықтар 21-минутта қайтадан алға шықты. «Ақтөбе» қақпасына лап қойған топтың алдына қарай доп тасталды да, Усман Камара екі футболшының арасынан лып етіп алға оза шықты да, қиыс бұрыштан соққы жасады, Андрей Влад бұндай тосын соққыға тіпті де дайын болмай шықты, доп жібек торды желп еткізді: 2:1. Және бір гол 34-минутта соғылды. Сол жақ қанаттан жүйтки шапқан Дмитрий Шомко қақпаға қарата көлденеңдете пас тастады да, оны Джеффери Чинеду қақшып алды да, тоқтатпастан соққы жасады: 3:1. Ақтөбеліктер 40-минутта әдемі гол соқты. Амаду Думбия оң жақ қанаттан допты көлденеңдете ұзатты да, оны келесі қанатта жүрген Даниель Соса қақырата теуіп қақпаға енгізіп жіберді: 3:2. Ал 45-минутта пенальти соғылды. Ережені сақтамаған Бағдат Қайыровқа «сары қағаз» көрсетілді де, Низами Грипши он бір метрлік айып добын еш қатесіз орындады: 4:2.
Осымен кездесудің бірінші таймы аяқталды. Жалпы ойынның одан арғы тағдыры да белгілі болып қалды. Екінші таймда екі команда бір-бір голдан соқты да, аман-есен тарқасты.
Енді «Астана» Алматыда бірінші орын үшін кездесу өткізеді. Ал бесінші орынға ығысқан «Ақтөбе» Еурокубок ойындарына қатысуға мүмкіндік беретін төртінші орынға енді қайта көтеріле алмайтын сияқты. Ал үшінші, төртінші орындар Николай Костовқа бәрібір болғанымен, осыны үлкен үмітпен күткен ақтөбеліктердің көңілі жабырқап-ақ қалды. Биылғы үш бапкер келістіре алмаған істі, бәлкім, болашақтағы төртінші бапкер келістірер?..
«Астана»-«Ақтөбе» — 5:3
Гол авторлары: Джеффри Чинеду, 10-минут (1:0); Жайро Жан, 13-минут (1:1); (2:1); Джеффри Чинеду, 34-минут (3:1); Даниель Соса, 40-минут (3:2); Низами Грипши, 45+3 минут (4:2); Джеффри Чинеду, 50-минут (5:2); Артур Шушеначев, 62-минут (5:3).
Ескерту қағазы көрсетілгендер: Дмитрий Шомко, 16-минут, Карло Бартолец, 20-минут, Марат Быстров, 76-минут, Дритон Цамай, 87-минут («Астана»); Бағдат Қайыров, 45+1 минут, Әлібек Қасым, 49-минут, Аян Байдәулетов, 71-минут, Даниель Соса, 77-минут («Ақтөбе»).
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Влад, қақпашы (Игорь Трофимец, қақпашы, 46-минут), Әділхан Таңжарықов (Лев Скворцов, 72-минут), Неманья Анджелкович, Талғат Кусяпов (Оралхан Өміртаев, 80-минут), Әлібек Қасым (капитан), Бағдат Қайыров, Уче Агбо (Аян Байдәулетов, 46-минут), Георгий Жуков, Амаду Думбия (Артур Шушеначев, 46-минут), Жайро Жан, Даниель Соса.
Резервте болғандар: Марк Богачев, Нұрдәулет Төреғали, Марио Рабиу, Ыдырыс Умаев.
Бас бапкер — Николай Костов.
19 қазан 2025 жыл. Астана қаласы, «Астана Арена» стадионы. 28 200 адам.
* * *
Басқа кездесулер:
«Қызылжар»-«Қайрат» — 0:1
«Ұлытау»-«Қайсар» — 1:1
«Атырау»-«Жеңіс» — 0:0
«Тұран»-«Елімай» — 3:6
«Жетісу»-«Тобыл» — 1:2
«Ордабасы»-«Оқжетпес» — 7:1
* * *
25-турдан соң командалар турнир кестесінде жинаған ұпайларына қарай төмендегіше орналасты:
- «Қайрат» — 58;
- «Астана» — 56;
- «Тобыл» — 53;
- «Елімай» — 45;
- «Ақтөбе» — 42;
- «Жеңіс» — 35;
- «Ордабасы» — 34;
- «Оқжетпес» — 32;
- «Қызылжар» — 24;
- «Ұлытау» — 22;
- «Қайсар» — 21;
- «Жетісу» — 21;
- «Атырау» — 19;
- «Тұран» — 16.
* * *
Біздің мергендеріміз:
Жан Жайро, шабуылшы — 9 гол;
Артур Шушеначев, шабуылшы — 5;
Оралхан Өміртаев, шабуылшы — 4;
Дархан Бердібек, жартылай қорғаушы — 2;
Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 2;
Уче Агбо, жартылай қорғаушы — 2;
Даниель Сосо, шабуылшы — 2;
Неманья Анджелкович, қорғаушы — 1;
Еркебұлан Сейдахмет, жартылай қорғаушы — 1;
Джордже Ивкович, шабуылшы — 1;
Бағдат Қайыров, қорғаушы — 1;
Әлібек Қасым, қорғаушы — 1;
Лев Скворцов, қорғаушы — 1;
Габи Кики, қорғаушы — 1;
Аян Байдәулетов, қорғаушы — 1;
Амаду Думбия, шабуылшы — 1;
Данияр Үсенов, жартылай қорғаушы — 1.
(Бір допты атыраулық Гильерме Мораиш өз қақпасына соғып алды).
* * *
Жерлестеріміз 25 кездесу өткізіп, 13 рет жеңді, 3 рет тең ойнады, 9 рет ұтылды. Ұпай саны — 42. Доп айырмашылығы — 37-27.
* * *
26-тур ойындарының барлығы да бір күнде, 26 қазан күні, жексенбіде 15.00 сағатта басталады:
«АҚТӨБЕ» — «ОРДАБАСЫ»
«Қайрат» — «Астана»
«Жетісу» — «Қызылжар»
«Ұлытау» — «Тобыл»
«Жеңіс» — «Қайсар»
«Елімай» — «Атырау»
«Оқжетпес» — «Тұран»
Ертай АШЫҚБАЕВ.



