Әдебиет

«Қазақ сатирасының саңлағы»

Өткен жұма күні Ақтөбе қаласында өткен көрнекті жазушы-сатирик, жерлесіміз Үмбетбай Уайдинніңтуғанына 90 жыл толуына арналған әдеби-танымдық конференция осылай аталды.

«Әдебиет. Рух. Қоғам» әдеби форумы аясында ұйымдастырылған басқосуға Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, «Түрксой» жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, қаламгердің зайыбы Мәриям Алданова бастаған жақындары, сондай-ақ атқарушы билік пен зиялы қауым өкілдері жиналды.

Жиынды ашқан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова:

— Бүгін біз ұлт руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген көрнекті қаламгердің туындылары мен өшпейтін мұрасын тағы бір зерделеп, ұлықтауға жиналып отырмыз. Сатира жанрының дамуына үлес қосып, қоғам түйткілін астарлы әзілмен «сөйлеткен» тұлға адами құндылықтарды дәріптей білді. Ырғыз топырағында туып, Шалқарда еңбек жолын бастап, Алматыда білім алған жерлесіміз қазақ сатирасының саңлағына айналды.

Қаламгердің шығармалары, түрлі тақырыпқа арналған мақалалары оқырман қауымның жоғары бағасын алды.Атап айтсам, «Қара көзілдірік», «Ішің білсін», «Ендігісін айтпаймын», «Өмірге құштарлық», «Мәңгілік мәселе», «Әдеп әлемі», «Сырымды айтайыншы» сынды оқырманды бір күлдіріп, бір ойландыратын, шынайы өмір шежіресін суреттеген туындылары халқымызбен бірге жасай береді.Ал «Қонақ мәселесі», «Диктант» сынды сатиралық шығармалары «Тамаша» ойын-сауық отауында сахналанғаны көрерменнің әлі есінде.

Бүгінгі шара сол мол мұраны қайта парақтап, ұлт жадында мәңгі сақтауға бағытталған тағылымы терең басқосу.

«Қазынаның қазынасы — кітап» деген қағиданы ұстанған Үмбетбай Уайдин кітапты да көп жинаған. «Кітап жинай беру — мұрат емес, оқу — мұрат» деп Плутарх айтқандай, тек жинамай, оны оқыған, оқырманына ғибратты әңгімелері арқылы жеткізіп отырған.

Қаламгердің мерейтойы аясында өңірде жыл басынан бері түрлі мазмұндағы мәдени-әдеби шаралар ұйымдастырылып келеді. Ырғызда дәстүрлі «Үмбетбай Уайдин оқулары», кітапханаларда «Сырымды айтайыншы», «Парасатты тұлға» кештері, сондай-ақ осы «Әдебиет. Рух.Қоғам» халықаралық форумы аясында «Семсер сөздің сардары» кітап көрмесі өткізілді.

Үмбетбай Уайдиннің шығармашылық мұрасы мәңгілік. Оның есімі қазақ әдебиеті тарихында алтын әріппен жазылғаны сөзсіз, — деді.

Ал Мереке ҚұлкеновҮмбетбай Уайдиннің үлгілі жар һәм әке болғаны туралы еске алды. Мінезі жайдары, «кісі көңілінің де киесі бар» дегенді қатты ұстанатын азаматтың сынның өзін мәдениетті түрде, ешкімді ренжітпей жеткізгенін айтты.

Кеңес Одағы кезінде бірінші басшыдан бастап, партияның өкілдері, атқару комитетінің басшылары — бәрі сатириктерден қатты қорқатын. Осы кісілердің баспасөзге бір фельеотон немесе сыни мақаласы жарияланса, кәдімгідей сең қозғалатын. Бұл сол кездегі газет-журнал, сатираның беделінің мықты болғанын айғақтайды.

Бірталай жыл оқушылар мен студенттерге сабақ берген ағамыз педагогика саласында да өз қолтаңбасын қалдырды. Үмбетбайағаны адалдық, әділдік, бауырмалдылықтың символы ретінде көрдім, — деді ол.

Қаламдас іні-қарындастары да сөз сөйлеген конференцияда Мəдениет саласының үздігі Гүлжан ҚонаеваҮмбетбай Уайдиннің сөзіне жазылған шалқарлық композитор Емберген Терековтің «Шалқар вальсі» əнін орындаса, С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының бөлім меңгерушісі ЛаураСұлтанбекова мерейтой иесінің«Сырымды айтайыншы» өлеңін оқыды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button