Көңілден көркем жыр ұшты

Кім-кімде әдемі белестерін өткізген өңірге ат басын бұрғанда ғажайып сезімде болады ғой. Өткен аптаның сенбісінде соның кебін кешкеніміз рас. Күздің сұрқай мінезі төңіректі баурап алды, соған қарамастан, Әйтеке би ауданында Қарабұтақ ауылының үлкен-кішісі Қуандық Шаңғытбаев атындағы орта мектеп ауласында алабөтен қуаныш құшағында тұрды. Алматы, Астана, Ақтөбе қалаларынан, облысымыздың аудандарынан қонақтар лирик ақынның 100 жылдығын тойлауға жиналыпты. Табиғатында жақсы адам бақиға жөнелсе де соңында қалған жұртына ғибаратты іс қалдырары анық. Облыс және Әйтеке би ауданы әкімдіктерінің қолға алуымен биылғы оқу жылы қарсаңында мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілуі — соның айғағы.
Тойшы қауым көркем бояуға енген пәндік кабинеттерді, мұражайды, кітапхананы көріп сүйсінді. Ұстаздардың бірыңғай үлгідегі киім үлгісі, шәкірттердің ақын жырларыннақышына келтіріп, жатқа айтуы көңілдерге нұр септі. Ауыл музейінде Қазақстанның халық жазушысы, Пушкин сыйлығының иегері Қуандық Шаңғытбаевқа арналып ашылған жаңа экспозицияның лентасын ақынның қызы Гауһар мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Әйтеке би ауданының құрметті азаматы Ақансері Ермағанбет қиды.
Бұрынғы аудан орталығы мәртебесінен айырылған Қарабұтақ ауылының ажары солғындап, тұрғылықты халықты абыржытқан еді. Кейінгі жылдары бірлесе атқарған шаруа келешекке сенімді нығайта түсті. Клуб ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Ауылдық округ аумағындағы елді мекендерде 5 мектеп, 2 балалар бақшасы, дәрігерлік амбулатория мен туберкулез ауруына қарсы хоспис, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт, 3 кітапхана, 35 дүкен, 6 кемпинг қызмет етеді.
Мерейтой салтанаты сәнді клубта жалғасты. «Сұлу жаралған сұңқар ақын» атты кездесу шымылдығы аудан әкімі Дәулетияр Тоғызбаевтың құттықтау сөзімен ашылды. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Өтеген Жақыпов ойлы тұжырымдарға, нақты мысалдарға толы баяндама жасап, жұртшылықты серпілтіп тастады. Ауылдық округ әкімі Кеңшілік Мырзалыұлы, Шевченко атындағы орта мектеп мұғалімі Анар Тағытаева, осы мектептің оқушысы Ерке Сағдатқызы жатқа айтқан жырлар үлкен-кішіге қанат бітіргендей болды. Мұғалім Саламат Сайымов бекзат ақынның өлеңіне өзі әуен шығарған әсем ән «Сырласуды» шабытпен орындады.
Тәрбиелік тағылымы зор шарада көркемсөз оқу шеберлерінің «Гауһар сөздің зергері» атты байқауы залдағы жұртшылыққа әдемі көңіл күй сыйлады. Жыр сайысына Әйтеке би, Ырғыз, Мұғалжар, Мәртөк, Байғанин, Темір, Қарғалы, Алға аудандарынан он бір ақын қатысты. Үміткерлердің ешқайсысы аянып қалған жоқ. Нәтижесінде әйтекебилік Ақтолқын Жолаушыбай бас бәйгені иеленді.
Ат жарысы дегенде делебесі қозбайтын халық болар ма?!
Ауыл сыртындағы биік қырдың баурайында тігілген киіз үйлер маңайы жанкүйерлер қиқуымен ажарланып-ақ тұр. Ресейдің Орынбор облысындағы көрші аудандардан ағайындарды көріп, масаттандық. Аламан бәйгеде бас жүлде —1 миллион теңгені Ойыл ауданынан Қуандық есімді азаматтың арғымағы иеленді. Сонда жанкүйерлердің біреуі айтқан «Ақын да Қуандық, ат сейіс те Қуандық» деген сөзге былайғы жұрт қол соғып, құрмет көрсетті.
Кемпинг аумағындағы «Әділ» мейрамханасында мереке қонақтары мен Әйтеке би ауданының ардагерлері құрметіне дастарқан жайылып, ас берілді.
Қуан ағаның Алматыдан арнайы келген қызы Гауһар мен күйеубаласы Сайран, немересі Шаһида, жиені Санжар киелі сөз зергерінің ғасырлық тойын сәтті ұйымдастырып, үлкен ауқымда ұйымшылдықпен өткізгені үшін облыс және аудан әкімдіктеріне, іс басындағы азаматтарға шын көңілден ризашылық білдірді, мектеп кітапханасына өздері еңбек ететін баспадан шығарылған кітаптар топтамасын сыйға тартты.
Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Қазақстанның құрметті
журналисі.



