Әдебиет

Артында сөзі қалған ақын еді…

Поэзия кеші

Жан емеспін ойлайтұғын бас қамын,

Пенделіктен биік менің аспаным.

Тыңдаңдаршы, тыңдаңдаршы, достарым,

Кеудемде бір күмбірлейді асқақ үн, — деп жырлаған ақын Кәрім Айнабеков бүгінде  85 жасқа толар еді…

Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Қазақстан Республикасының құрметті байланысшысы» Кәрім Айнабековтің 85 жылдығына арнап С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Жұлдызы жоғары қаламгер» атты поэзия кеші өтті.

Бұл жиынға қаламгердің көзін көрген, онымен қызметтес болған, қыр-сырын жақсы білетін замандастары қатысты.

ҚР Мәдениет қайраткері, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин: «Мен Кәрім Айнабековпен қызмет барысында көбірек кездестім, араластым. Оның ерекше қасиеті — адамға қамқорлық жасап жүретін еді, қолынан келген көмегін ешқашан аямайтын. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында облыстық «Ақтөбе» газеті ұжымы да көп қиындықтарды бастан өткерді. Сол кезде пошта саласында басшылық қызметте болған Кәрекең газетке жазылу, тарату мәселесінде өз қолдау-көмегін көрсеткені есімізде.

Ол қырғыз жазушысы Таш Мияшевтің «Қоштасу» повесін, Александр Гельманның «Ар-ождан алдында» пьесасын аударған. Х.Исламов пен А.Қадыровтың «Малшылар патшасы» пьесасын да тәржімалады. Бұл қойылымның «Алақай» қуыршақ театрында сахналанғанын көзімізбен көрдік. Телевидениеде қызмет жасап жүрген кезімде Кәрім ағамыз «Қайырлы таң, Ақтөбе»,  «Сәті түскен сұхбат» деген бағдарламалардың жиі қонағы болатын», — деп қаламгер туралы естелігімен бөлісті.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Ертай Ашықбаев: «1977 жылы «Тұңғыш кітап» сериясымен «Таң шапағы», одан соң «Махаббат моншақтары», «Сені іздеймін», «Күнім, күніңмін», «Жанарымда жалғыз сен»  атты жыр жинақтары жарық көрді. «Жұлдызым жоғары» атты хикая, әңгімелер, очерктер, эсселер, аудармалар жинағы шықты…

Қазақстан халық жазушысы Қуандық Шаңғытбаев айтқандай, «Кәрім Айнабековпен танысқан күнімді мен құтты күндерімнің бірінен санаймын…Маған Кәрімнің тілі ұнайды: қазақ сөзін қастерлеп пайдаланады, жолдары жинақы, сөйлемдері сұлу. Бұл қасиет көп жастарда жиі кездесе бермейді» деп Кәрім ағамыз туралы «Сені іздеймін» жыр жинағына алғы сөз жазған еді», — деп тебіріне еске алды.

Ақтөбелік танымал қаламгерлер Аманқос Орынғалиев, Жанғабыл Қабақбаев, Нұрлыбек Қалауов, Гүлсамал Аймахановалар ақын туралы тағылымды ойлар тартымды естеліктер айтты.

Кітапханада Кәрім Айнабековтің шығармашылығына арналған фото-шежіре слайд, «Тыңдаңдаршы, Тарих үні кеудемде…» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу ұсынылды.

Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжінің оқушылары Арманай Ғилман, Ақгүл Қалдыбайқызы, кітапхана қызметкерлері Қызғалдақ Айтжанова, Қызғалдақ Алпысбаева, Таңшолпан Мұратова ақынның «Сырдарияға», «Армысың, менің маңдайлым», «Қайда жүрсем», «Саған, маған» және т.б. өлеңдерін оқып берді.

Кітапхана директоры Сұлушаш Хәкімова: «Адам — бүкіләлемдік құбылыстардың саналы көзі болса, ал лирика — сол адамның сезіну, түйсіну, тану, талғау, таңырқау, тамашалау, сөйтіп барып шешім қабылдау өлшеуіші. Мұның бәрі Кәрім Айнабековтің шығармаларынан табылады», — деп жиынға қатысушы жас оқырмандарды ақынның әр жылдары жазылған өлеңдерін оқуға шақырды.

 Рысжан ҚАРАҒҰЛОВА,

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми

кітапханасының қызметкері. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button